Атырау, 30 қыркүйек 22:17
 ашықВ Атырау +19
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Қазақстанға қашып келген ресейлік босқын мәртебесін талап етті

624 просмотра

Қазақстанға қашып келген Ресей азаматы сотқа арыз түсіріп, босқын мәртебесін беруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылы Игорь Санджиев мобилизацияға тартылған болатын. Бірақ биыл наурыз айында әскери бөлімнен қашып, бірден Қазақстан мен Ресей шекарасына тартып кетті. Сол жерде Сайхин ауылының жанынан шекарадан өтті. Сөйтіп Орал қаласынан бірақ шықты.

Санджиев келген бойда босқын мәртебесін сұрады. Бірақ Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өтінішті кері қайтарды. Ресей азаматы басқарманың жауабымен келіспей, сотқа арыз түсірді.

Судья Любовь Корсакованың айтуынша, әзірше арыз өндіріске алынған жоқ. Себебі мемлекеттік баж төленбеді. Санджиев оны төлейін десе, жеке сәйкестендіру нөмірі болмай тұр. Ал ЖСН-ды алу үшін төлқұжат керек. Ол құжат Ресейдегі әскери бөлімде қалып қойды.

Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі де ЖСН-ды алу қажеттігін айтып отыр. Бірақ құқық қорғау ұйымдары басқа адам үшін мемлекеттік баж салығын төлеген кездер де болған.

"Қазақстанның адам құқықтары және заңнаманы сақтау бюросы" қоғамдық ұйымының филиал төрағасы Павел Кочетков Ресейден қашып келген ер адам үшін баж салығын төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

"Бұл мәселе ұлттық заңнамаға қайшы келсе, халықаралық заңдар мен нормалар қолданылады. Дәл қазір мен немесе құқық қорғау ұйымы төлем жасай алады. Ол адамда құжат мүлдем болмауы мүмкін ғой. Қайдағы ЖСН? Мәселені шешу жолы бар. Біздің ұйымымыз, я болмаса, мен өз атымнан мемлекеттік бажды төлей аламын", — деді Кочетков алдын ала тыңдау кезінде.

Сот мемлекеттік кірістер депаратментінің өкіліне осы мәселені нақтылауды тапсырды.

Айта кетері, бұған дейін Бөкейорда аудандық соты шекараны заңсы кесіп өткен Игорь Санджиевті кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша жауапқа тартты. Ресей азаматының бас бостандығы алты айға шектелді. Оған қоса, Қазақстаннан шығарып жіберуге шешім қабылданды. Аппеляциялық алқа бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.

13 маусым 2023, 11:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.