Атырау, 25 қараша 16:43
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аудан жаңалықтары

2 324 просмотра

Жарықтың ақшасы қайда?

Қызылқоға ауданы Қарабау селосында тендерге қатысты кезекті дау шықты.

Қарабау селосының көшелерін жарықтандыруға 1 млн 150 мың теңге бөлінген еді. Веб-порталда жарияланған тендерді ұтып алған мердігер мекеме жаз айларында көшелерге 45 прожектор қондыруы тиіс болатын. Тіпті жұмыс басталмастан мердігердің есепшотына650 мың теңге аударылған да. Бірақ әлі күнге дейін жарық та, ақша да жоқ.

- Тапсырысшысы әкімдік болатын. Сол кездегі әкім қазір жоқ. Сондықтан бұл жұмысқа келгеннен кейін мердігерді іздестіруден бастадым,- дейді Қарабау селосының әкімі Сансызбай ІЗМҰХАНОВ. - Жарықтандыруды порталмен жеңіп алған «Достар Универсал» ЖШС (директоры Болат ҒАЗИЗОВ) бұл жұмысты жалғастыратындай ниет танытпады. Ақыры тұшымды жауабын ала алмағаннан кейін мердігерді сотқа беруге тура келді.

Жуырда болған Атырау облысы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты мердігерден ақшаны қайтару жөнінде шешім шығарған. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

***

 

Ақкөлге «Жәрдем» келді

Ақтөбе қаласынан жолға шыққан медициналық «Жәрдем» пойызы Құрманғазы ауданы Ақкөл селосына да келіп жетті.

Құрамында 60-қа жуық медицина қызметкерлері болса, оның 18-і жоғары санатты дәрігерлер. Олар Атырау облысында бір ай болып, халық денсаулығын тексеріп, тегін медициналық көмек көрсетпекші. Медициналық заманауи жабдықтармен қамтылған «Жәрдем» пойызы Атырау, Ақтөбемен қоса Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын аралайтын көрінеді.

***

 

Депутат ауылды аралады

Жуырда ҚР Парламент сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ Индер ауданы Елтай селосының халқымен кездесті.

Елтайлықтар жердің астында шіріп жатқан таза су құбыры жайында сөз қозғады. Бұған қыруар қаржы бөлінсе де ауыз суға әлі қол жеткен жоқ. 

Село тұрғыны Қайырлы ҚҰСАНОВ халық қалаулысына шағымын жеткізді:

- Жемқорлық деген Қазақстанды жайлап кетті. Жемқорлар жоғарыда отыр, оның арасында депутаттар да бар. Сондықтан оны ауыздықтау мүмкін емес. Теледидардан айтып жатыр, қаншама қаржылар далаға ұшқан. Зейнет жасы жөніндегі дау әлі біткен жоқ, ауылда қаншама адам жұмыссыз отыр. Оның үстіне зейнет жасын жоғарылатуда. Бұл келісетіндей жай ма, аз да болса зейнетақыға қол жеткізіп қалармын деп есекдәмемен отырғандарға обал болды.

Депутат оның айтқан сөзімен ішінара келісе отырып, сөзін бөлмей тыңдады да, бірдеңелерді қағазына түртіп алып жатты.   

***

 

Стансадағы тонау

Сәуірдің 4-і күні түнде беттеріне бетперде киген екі адам Ганюшкино селосындағы жанармай стансасына басып кірді.

Тонаушылар «Құралай» жанармай стансасындағы оператор мен оның орынбасарын қолдарындағы ағашпен ұрып соғып, сейфтегі 380 мыңдай теңгені алып қашып кеткен.

Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Магилан РАХИМОВ ҚР ҚК 178-бабы («Тонау») 2-бөлігінің «а» және «б» тармақтары бойынша қылмыстық іс көтерілгенін хабарлады. Қылмыскерлерге іздеу жарияланды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.