Атырау, 1 желтоқсан 22:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

«Ұжым сіздерді қолдамайды»

3 098 просмотра

Біз бүгінде лайықты демалысқа шыққан Ембі кәсіпшілігінде ұзақ жыл жұмыс жасаған мұнайшы ардагерлерміз. Бүкіл саналы ғұмырымызды Қазақстан мұнай кәсіпшілігінің тұңғышы - Ембі өлкесін әрі қарай дамытуға арнадық. Біз шамамыз келгенше Қазақстан мұнайының ғасырлық тарихына өз ізімізді қалдырғанымызды мақтан тұтамыз.

Соңғы кездері БАҚ беттерінде, біздің пікірімізше, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметіне қатысты түрлі тапсырыс материалдары мен жалған айыптауларға толы жарияланымдардың жарық көріп жатқанын естіп-біліп жүргенімізге қатты қынжыламыз. Жарияланымдардың ұқсастығы мен сәйкестігінен бір ғана нәрсені аңғаруға болады. Бұл адамдар жұртшылық арасына лаң салып, мұнайшылардың жеткен жетістіктерін жоққа шығаруды мақсат етіп отыр. Ең реніштісі - бұл адамдардың еш шімірікпестен мыңдаған мұнайшылар ұжымы атынан қол қойып отырғандығы. Егер олар өздерінің дұрыстығына көздері жетіп отырса, мұны неге ашық айтпасқа?! Ар-ожданы таза емес жандардың, ішіне бүгетіндердің (бұл жағдайда адамдардан жүзін жасыратындардың) ғана ұжымның атын жамылып жазатыны бесенеден белгілі нәрсе. 

Біз үшін «Ембімұнайгаз» ұжымы - өз үйіміз, отбасымыздың бір бөлшегі болып кеткен әрі солай қала береді де. Сондықтан да ұжым арасында алауыздық тудырғысы келетін «жақсылық ойлаушыларға», егер талаптарың бар болса, дұрыс жасалмай жатқан нәрселер болса немесе жағдайды дұрыстауға ұсыныстарың бар болса, ұжымның атын жамылмай (ұжымның сіздерді қолдамайтындығына сенімдіміз), өз аты-жөндеріңмен шығып, ашығын айтыңдар дегіміз келеді.

Қалай дегенмен де, бұл адал, азаматтық әрекет болар еді. Ал «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына осындай жағдайда ауызбіршілікте болуға және өз еңбектерінің нәтижесінде осы секілді «жақсылық ойлаушыларға» негізсіз айыптаулар арқылы ұжым ішінде алауыздық тудырғысы келетін әрекеттерінің бос әурешілік екенін дәлелдеп шығуына тілектеспіз.

Мұнайшы ардагерлер:

М. Е. Көптілеуов, С. К. Дүзбаев, М. Б. Қилыбаев, Б. Ш. Сматуллин

17 сәуір 2013, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.