Атырау, 25 қараша 16:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Гипертониктерге арналды

1 243 просмотра

Сәуірдің 11-і күні Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында (ОСӨСҚО) «Қаныңыздың қауіпсіздігі - өміріңіздің кепілі» ұранымен өтіп жатқан биылғы Денсаулық онкүндігінде іске асырылған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясы болып өтті.

Конференция барысында сөз алған ОСӨСҚО директоры Гүлнәр МӘМБЕТОВА жыл сайын сәуір, мамыр айларында денсаулық онкүндігін өткізіп тұру дәстүрге айналғанын жеткізді.

Биылғы денсаулық онкүндігі артериялық гипертониямен күреске арналған. Халық арасында скринингтік тексерулерді жүргізуді насихаттауымыз керек, себебі тұрғындардың басым көпшілігі емханаларға келіп, қан қысымын өлшетуді артық деп санайды, - дейді Г. Мәмбетова.

Мәселен, №3 қалалық емхана директорының орынбасары Алмаш АЙҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, осы емдеу орнында 2013 жылы скринингтік тексеруден 4502 адам өтуге жоспарланған, жыл басынан бергі үш айда соның 1424-і өтуі керек болса, тек 1027-сі ғана тексерілуге келген. Және осылардың арасынан 55 адам қан қысымымен есепке алынған.

Конференцияға қатысқан қаламызда 2011 жылы ашылған Дәрілік ақпараттық-талдау орталығының провизор маманы Дамира ДОСҚАЛИЕВА науқастардың дәрі-дәрмекті уақытылы ала алмайтындықтарына немесе тізбеде көрсетілген дәрі-дәрмектердің оларға тиесілі болмайтындықтарына жиі шағымданатындықтарын жеткізді. Бұл сұраққа байланысты емхана дәрігерлері министрлік бекіткен дәрі-дәрмектер тізбесі әр емдеу мекемесінің қабырғасында ілініп тұратындықтарын, кей кездері кварталдық мөлшерден бөлек, 1 жылға дәрілік препараттарды сұрайтын науқастардың болатындығын түсіндірді.

Айта кетейік, дәрілік ақпараттық-талдау орталығына 301982 немесе 8 800 080 88 87 телефоны арқылы хабарласуға болады. Бұл жерде сіз дәрі-дәрмек туралы кез келген ақпарат ала аласыз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.