Маусым-шілдеде және қыркүйекте облыстың 132 тұрғыны әскери оқу-жаттығу жиындарынан өтетін болады.
Бұл туралы облыстық қорғаныс департаментінің бөлім бастығы Асылбек ДҮЙСЕМБАЕВ хабарлады. «Партизандыққа» (осындай жиындарға қатысушыларды кеңестік кезеңнен бері осылай атайды) офицерлік, сержанттық және сарбаздар құрамында болған бұрынғы әскери қызметшілер, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтен өтпеген тұлғалар да шақыртылады. Шақыртушылар әскери норма бойынша азықтүлікпен, заттық мүлікпен қамтамасыз етіледі. Олардың жұмыстары және орташа айлық жалақылары сақталады. Осындай жиынның мерзімі - бір ай.
2011 жылы атыраулық ер азаматтар Талдықорған мен Алматы әскери бөлімдерінде «партизан» болды. Өткен жылы Ақтаудағы әскери теңіз базасына қызмет етуге жіберілді. Осы жылдың маусымында құрамында запастағы 30 офицер бар алғашқы партия Атырауда орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінде казармалық жағдайда қызметтерін өтейді. Олардың қызметі ату және тактикалық-саптық дайындық бойынша жаттығулардан тұрады. Екінші шілделік партия (армия қатарында болмаған, бірақ әскери билеттері бар 50 адам) Ақтаудағы әскери теңіз базасына барады. Қыркүйектегі үшінші партия (запастағы 12 офицер және 40 сарбаз бен сержант) өз жиындарын алғашқылар сияқты Атыраудағы әскери бөлімде өткізеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ