Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының күрделі жөндеу жұмыстарына жабылғаны туралы «АЖ» жарияланымынан кейін басталған жұмыс тоқтатылды. Оған себеп – мердігердің заң талаптарына сай болмауы.
Еске салсақ, көктем басталғанда Жилгородоктағы Мәдениет үйінің ғимараты соңғы 20 жылда алғаш рет күрделі жөндеуге жабылды. Бұған бір олқылық болмаса, қуанбау мүмкін емес еді. Тендер жеңімпазы - «Азамат Құрылыс» ЖШС-нің республикалық маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесі бар нысанда жұмыс жүргізу құқығын беретін лицензиясы жоқ. Ал Мәдениет сарайы 1982 жылдан бері осындай мәртебеге ие.
Ал, бұған дейін редакцияның сауалына қала әкімдігі «жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) ешқандай ғылыми-реставрациялық жұмыстары жоқ, бұл мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын растайды» деп сендірді. Сондықтан, биліктің пікірінше, лицензия қажет емес.
Шынымды айтсам, бұл жауаптан кейін тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға байланысты өз біліміме күмәнданып қалдым. Мүмкін жаңа заңдар қабылданып, енді тіпті гастарбайтерлер бригадасына да ескерткіштерді жөндеуге рұқсат етілген шығар? Алайда, тәуелсіз мамандармен кеңесіп, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын оқып шыққан соң бұл мәселені жеңілдетпесе де, бүкіл күмәнім сейілді. Күрделі жөндеуді өрескел бұзушылықтармен бастаған! Мәселе мынада, жоғарыда аталған заңның 32-бабында ғылыми-реставрациялау жұмыстарына, оның ішінде қарапайым жөндеу жұмыстарына қатысты барлық нәрсе (ескерткіштің қолданыстағы келбетін өзгертпей мерзімдік жұмыстарды жүргізу арқылы оның техникалық жай-күйін сақтау жөніндегі шаралар кешені) тізбеленген. Ал ол үшін ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлау және мақұлдау, сондай-ақ жіберілген бұзушылықтар үшін жауапкершілік сияқты «ұсақ-түйек нәрселерді» есептемегенде, міндетті түрде лицензия керек.
Ал мемлекеттік органдармен одан әрі хат алмасу барысында төмендегілер белгілі болды.
Біздің жарияланымнан кейін облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы (бұрынғы Ескерткіштерді қорғау инспекциясы) Атырау қаласы әкімдігіне жөндеу жұмыстарын тоқтата тұру қажеттігі туралы хат жолдап, жұмыс тоқтатылған.
«Қазіргі уақытта қала әкімдігі жөндеу жұмыстарын заңдастыру бойынша шаралар алуда», - деп жазады Зерттеу орталығы.
Қалалық әкімдік «Атыраустройпроект» ЖШС күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеумен айналысып жатқанын, ал мердігер ғимараттың техникалық бөлігіндегі артқы қанатты бұзып, қабырғалар мен төбелерден әктелген қабатты алып тастауға ғана үлгергенін хабарлады.
«Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін «Азамат құрылыс» ЖШС лицензиясы бар құрылыс компаниясын тартады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ғылыми-жобалау құжаттамасы дайындалуда», - деп хабарлайды әкімдік.
Бұл компанияның Маңғыстау облысындағы компания екені бейресми деректерден белгілі. Бұдан басқа, жобада жөндеу жұмыстарымен қатар Мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт көтергішін салу да қарастырылғаны белгілі болды, бұл қазіргі уақытта қоғамдық маңыздағы ғимараттардың жұмыс істеуі үшін міндетті шарт.
Енді, бір қарағанда, мұның бәрі жаңсақтық секілді көрінеді. Қателік кетіп, түзетіліп жатқандай. Ондай ештеңе жоқ! Біріншіден, ескерткішті жөндеуден бұрын кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілу керек. Мысалы, мамандар қасбет бояуы қабырға материалына қандай кері әсерін тигізетінін анықтауға міндетті және т.б. Осы және басқа да жұмыстарды маңғыстаулық қосалқы мердігер адал атқарып жатқан болар. Бірақ!
Қосалқы мердігердің пайда болуы ақыр аяғында арзан, сапасыз құрылыс материалдарын сатып алынуы мүмкін екенін көрсетеді, өйткені жоспарланбаған шығындар туындады: қосалқы мердігерге ақы төлеу керек, ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеу де ақшаны қажет етеді. Жалпы, бүкіл «қаймағы» тендер жеңімпазына тиетіні белгілі. Ескерткіштегі нағыз ғылыми-реставрациялық жұмыс мәртебесі жоқ қарапайым нысанды күрделі жөндеуден бірнеше есе қымбат екенін ескертемін. Ал, бастапқыда бәріне бюджеттен 449,7 миллион теңге бөлінді. Бұл екінші. Үшіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға құрметпен қарай отырып, барлық қоғамдық ғимараттарды лифтпен жабдықтау міндетін барлық жерде қолдану мүмкін бола бермейтінін түсіну керек. 75 жыл бұрын кәдімгі гипстен салынған Мәдениет сарайына көтергіш салу, әкімдік қалай айтса да, келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін. Шынымды айтсам, бұл жағдайға қатысы барлардың бәріне, соның ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы және мемлекеттік сараптаманы әзірлеушілерге өз басым енді сенбеймін.
Кем дегенде, мемлекеттік сараптамаға дейінгі жобаның барлық кезеңін құқықтық қолдау сауатсыздықпен жүргізілгені көрініп тұр, өйткені ешкім заңнаманы жай ғана оқып шығуға бас ауыртпаған. «Неліктен лицензиясы жоқ компанияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген?» деген редакция сауалының қалалық әкімдіктің жазбаша жауабында еленбеуі текке емес. Заңның сақталуын қадағалайтын прокуратура неге үнсіз қалған, қызық?
Жалпы, кеш болмай тұрғанда, бәрін басынан бастап, заң бойынша істеген дұрыс емес пе? Әйтпесе, бірегей Мәдениет үйін бүкіл Жилгородокты қиратқандай, жойып жіберуі мүмкін.
Лев ГУЗИКОВСуреттерді түсірген автор