ЛДПР көсемі Владимир Жириновский Қырғызстан билігіне Ресейге қарыз миллиондаған сом берешектің орнына Ыстықкөлді бере салуды ұсынған. Шалдыр-шәлкес депутат мұндай мәлімдемені Думаның кезекті отырысында мәлім еткен.
«Бішкек бұрын кішкене ғана деревня болатын. Кеңес үкіметінің арқасында ерен қалаға айналды. Біз ол қарызды тек кешіріп қана қоймай, әлі де олар үшін жақсылық жасап жатырмыз, жасап жатырмыз»,–деді Жириновский.
Есер қызды-қыздымен «президенттіктен бір үміткердің өзіне келіп президент болуға көмектесуін өтінгенін айтып» көсілді-ау. «Сол үшін бір облысты тұтас беретіндігін айтты. Яғни, олар беруге дайын. Шын мәнінде Қырғызстанда алтын, уран сияқты пайдалы қазбалар ғана емес, гидроресурстар да мол. Олар бұл байлықтардың ешқайсын бергісі келмесе, Ыстықкөлді бере салсын. Ол Қара теңізден де әлдеқайда күшті, жылы, жағалау құм, жан-жағы деревнялар,олардың бәрі орысша сөйлейді. Бізге не бөгет бар? Яғни, қарыздың өтеуіне алатын нәрсе бар. Біздің министрлер осыны да білмейді»,– деді ЛДПР-дің көсемі.
Дереккөз: Baq.kz