Енді ол 2019 жылға дейін мемлекеттің басы-қасында болмақ. Бұл туралы Ресей Жаңалықтар агенттігі хабарлап отыр.
Басқарушы күштердің кандидаты сайлаушылардың 50,75 пайыз дауысына ие болды, ал оның қарсыласы оппозиционер Энрике Каприлес 48,49 пайыз жинады. Каприлес өзінің жеңілгенін мойындамады және сайлаудың қорытындысын қайта есептеуді талап етті. Ұлттық сайлау кеңесінің басшысы Тибисай Лусена оппозицияны халықтың таңдауын және демократияны құрметтеуге шақырды. «Венесуэла демократия бойынша - чемпион», - деп мәлім етті ол.
Сайлаудың қорытындысы ресми түрде жарияланған соң, сейсенбіге қараған түні ел астанасы Каракаста шерушілер мен тәртіп сақшыларының қақтығысы орын алды. Полицейлер көзді жасаурататын газды қолдануға мәжбүр болды.
50 жастағы Мадуро сайлауға Чавестің мирасқоры ретінде қатысты. Саясатқа араласқанға дейін ол Каракастағы метро жүйесінде тер төккен. Мадуро Чавеспен танысқан соң, жоғары білімі болмаса да, Венесуэлада бірқатар маңызды мемлекеттік қызметтерді арқалады. Чавес 2012 жылдың желтоқсанында хирургиялық ота жасау үшін Кубаға жасаған сапары барысында Венесуэла азаматтарын Мадуроға дауыс беруге шақырды.
Еске сала кетейік, Венесуэла президенті Чавес 2013 жылы 6 сәуірге қараған түні көз жұмды. Ол 2011 жылдың ортасында анықталған ісік дертімен екі жылға жуық күресті.
Дереккөз: inform.kz