Бүгін, 16 сәуірде Атырауда қатарынан екі көрме: дәстүрлі, 12-ші Солтүстік-Каспий аймақтық Atyrau Oil & Gas 2013 көрмесі мен Atyrau Build 2013 құрылыс көрмесі өз жұмысын бастайды.
Atyrau Oil & Gas 2013 16-18 сәуірде «Атырау» ДСК-де, Atyrau Build 2013 – осы уақытта арнайы жанынан салынған уақытша павильонда өтетін болады.
Шараға Мұнай және газ министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Атырау облыстық және қалалық әкімдіктері ресми қолдау көрсетті. Ал «ТШО» ЖШС негізгі демеуші болды.
Биыл екі көрмеде дүние жүзінің 15 елінің, соның ішінде, Ұлыбританияның, Германияның, Данияның, Канаданың, Нидерландтың және т.б. елдердің 150 компаниясы таныстырылатын болады. Ресми ашылуы - сағат 11.00.
Көрмемен бірге дәстүрлі түрде «Ренессанс» мейманханасында «OilTech Atyrau» конференциясы жұмысын бастайды. Ал оның алдында экология және қауіпсіздік техникасы бойынша өтетін семинардың негізгі бөлігі бағдарламаға сәйкес Солтүстік Каспийдегі ықтимал мұнай төгінділеріне қатысты болады.
Конференцияның бірінші күнінің басым бөлігі биылғы жылдың маусымына белгіленген Қашағаннан мұнай өндіруді бастау мәселесіне арналады. 17 сәуірде жергілікті қамту, мұнай мен газды тасымалдау, бұрғылау технологиясы, мұнай өңдеу және мұнай-химия, сонымен қатар АМӨЗ-ді жаңғырту мәселелері талқыланатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА