Атырау, 1 қазан 16:35
 ашықВ Атырау +17
$ 481.19
€ 538.45
₽ 5.18

«Субсидия беруді азайту керек»: Сарапшылар мембағдарламалардың аяқталмай қалуының себебін айтты

1 015 просмотра

Президенттің реформасын жүзеге асырудың жолы – қаржылық бақылауды күшейту. Тәуелсіздік жылдарында халықтың әл-ауқатын арттырып, елдің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында ауқымды жобалар қабылданды. Миллиардтар бөлінгенмен, ол жобалардың бәрі толыққанды жүзеге аспады. Ауылды ауыз сумен қамту, қиырдағы халыққа жол салу, балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік салалардан тартып, ауыл шаруашылығын көтеруге дейін қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ, олардың басым бөлігі сәтсіз аяқталды. Azattyq Ruhy ақпараттық порталы мемлекеттік бағдаралмалардың соңына дейін жетпей қалуының себептерін анықтап көрді.

Мемлекеттік бағдарланың елімізде саны қаншалықты көп болса, сапасы да соншалықты әртүрлі. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған жобалар көбінесе республикалық және жеркілікті бюджеттен қаржыландырылады.

«Мемлекеттік бағдарлама дегеніміз – мемлекеттің белгілі бір саладағы жағдайды өзгерту бойынша, соған көмектесу мақсатында қаржылық құралдар арқылы араласуы. Мемлекеттік бағдарлама бізде әртүрлі салада жүреді. Мысалы: еңбек бағдарламаларына субсидия беріліп, жұмыс орындары ашылды, ал ипотекалық мемлекеттік бағдарламалар – «Нұрлы жер құрылысқа», «7-20-25» баспаналы болуға мүмкіндік берді.

Нұрлы жер азаматтарға арзан үй салып беруді қамтамасыз еткен бағдарлама. Олардың бәрі субсидия жолымен жүреді. Мемлекет тарапынан ақша бөлген жобаның бәрі мемлекеттік бағдарламаға кіреді. Бағдарлама жазылғанда оған белгілі бір индикатор қойылады, бәлен уақытта, осынша жылға дейін белгіленген көрсеткішке қол жеткізіледі деген. Бірақ өзіміз көріп отырмыз, көптеген мемлекеттік бағдарламалар аяғына жетпей, өзгеріске ұшырап, жабылып өзінің әу бастағы мақсатына жеткен - жетпегені белгісіз болып қалады. «Осы мемлекеттік бағдарламаға не болды?» деп ешкім есеп бермейді. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама тиімді болды ма, жоқ па, өз мақсатын орындады ма деген ақпараттың өзі бізге белгісіз», -деді сарапшы Айбар Олжаев. 

МЕМЛЕКЕТ АРАЛАСҚАН ЖЕРДЕ ЖЕКЕМЕНШІК НАРЫҚ БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙДЫ

Елімізде есеп беру институты қалыптаспаған деп санайды экономистер. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру бойынша сөз қозғағанда оған екі параметр қойылады. Осы уақытқа дейін тұрғын үй, жол, су, жұмыспен қамту сынды сан түрлі бағдаралмалар қабылданып, оған қазынадан қыруар қаржы бөлінді. Бірақ, бастаған істің соңына жетпей, жарты жолда қалып, ақыры бағдарламаның айналасындағы лауазымды адамдардың сотталуымен аяқталған істер аз болмады.

«Бұндай бағдарламаны қабылдау кезінде зерттеу жүргізіліп, параметр қойылады. Біріншісі, басында қойылған индикаторға жетіп, сол бойынша есеп берілу керек. Оған белгілі бір жауапты тұлға тағайындалуы тиіс. Бір мемлекеттік бағдарламаға бір адам жауапты етіп қою және бүкіл есепті содан алу. Жауапты тұлға бағдарламаның аяғына дейін жетуіне мүдделі болады.

Екіншісі, макроэкономикалық сұрақтарды реттеу. Бағдарлама мемлекеттің экономикасына зиян келтірді ме, пайдасын тигізді ме? Өйткені көп мемлекеттік бағдарламалар, мемкапитализмнің кішірейуіне әкеліп соғуда. Барлық салаға мемлекет өзі кіріп алған. Ол кезде сол саладағы бәсекелеестік түгел жойылады. Жекеменшік нарық ол жерден кетіп қалады. Мемлекет келген жерде жекеменшік нарық бәсекелесе алмайды. Мемлекеттің ақшасы көп және ол төмен пайызбен беріледі. Сондықтан көптеген салалар өзінің бәсекелестікке қабілетін жоғалтып алды. Мемлекеттік бағдарламалар түптің түбінде біздің экономиканың қисаюына алып келеді. Нарық заңдары, макроэкономика заңдары жұмыс істемей қалады. Белгілі бір мемлекеттік көмекке қол созып, адамдар бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды емес, субсидия алу жолында күресе бастады. Осы жерден мемлекеттік бағдарлама қаншалықты керек деген әңгіме шығады. Бұл түптің түбінде өзімізге қарсы жұмыс істейтін механизм болмақ», -деді сарапшы.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ, ИПОТЕКА, АВТОКРЕДИТ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ СУБСИДИЯСЫ СИЯҚТЫ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖҮРЕТІН ЖЕРДЕН МЕМЛЕКЕТ КЕТУІ КЕРЕК

Қаржыгерлер мемлекеттік бағдарламалар деген жобамен қаржы бөле беруді де тоқтату керек деп санайды. Тек қана еңбек бағдарламасын қалдыру, осы арқылы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлінсе, бұл әлдеқайда тиімді болмақ. Бірақ бұл салаға да жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, әкімдіктер мыңдаған адамды жұмыспен қамтыдық деген есепті үнемі жариялап жатады. Алайда, жұмыссыздық шешімін сол күйі таппай отыр.

«Жастарға жұмыс, ауылды жерлерді көркейту бағдарламалары бар, олар керек. Өткені ол жақта нарық жоқ. Қай жерде нарық бар сол жерге мемлекет араласпауы керек. Тұрғын үй құрылысы, ипотека, автокредит, ауыл шаруашылығы субсидиясы сияқты нарықтық экономика жүретін жерден мемлекет кетуі керек», -деді А.Олжаев.

Ал экономист Сапарбай Жобаев, мемлекеттік бағдарламаларды қадағалайтын ұйымдардың өзінде сол қаражатты ұрлайтын тұлғалардың көп екенін айтады. Бюджетті белгілі біл жауапты тұлғалар, органдар ғана емес, қоғам болып қадағалағанда басталған жоба соңына дейін жетеді деп санайды.

«Жергілікті жерлерде маслихаттың ревизиялық комиссиялары бар, аудиторлық палата, қаржы мониторингі тағы басқа да мемлекеттік бюджетті бақылайтын ұйымдар жетеді. Бірақ, мәселе сол ұйымдағы тұлғалардың өзінде. Соларды тағайындайтындардың өздері қаражатты ұрлайды. Сондықтан, бақылауды мың жерден күшейткенімен, бюджет қаржысын бақылауды қоғамдық ұйымдар, яғни халықтың өзі қолына алмайынша осылай жалғаса береді. Бақылау ұйымдары пайдасыз, себебі оны ұрлайтын, жемқорлар сол жерде отыр. Тағайындалған тұлғаларға оған бағынышты ұйымдар қарсы шыға алмай жатады. Бюджет қаражатын қоғам болып бақылау үшін, сайланатын маслихаттарға еркін адамдар кіруі керек еді», - деді экономист. 

Мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істесін десек, қоғам әділдікті талап етуі тиіс. Ашық қоғам болғанда, мемлекеттік бағдаралмалар да ашық болады. Сонымен қатар қабылданған бағдарламаларға бөлінген қаражатты жолын тауып, алып кететін тұлғалармен де күресті күшейу керек.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА МОЛ ҚАРАЖАТ БӨЛІНГЕНМЕН, ОДАН ДАМЫП, ӨРКЕНДЕП КЕТКЕН АУЫЛ БОЛМАДЫ

Мемлекеттік бағдарламаларға бақылауды күшейтудің жолы – сандық жүйеге көшуді жылдамдату. Онсыз бөлінген қаражат құмға сіңгендей кете береді. Әсіресе, ауыл шаруашылығына мол қаражат бөлінгенмен, одан дамып, өркендеп кеткен ауыл болмады. Ауыл шаруашылығындағы кемшіліктер мен жемқорлықтың, субсидияның тиімсіз жұмсалуы Президенттің сынына да ұшырады.

«Бақылауды күшейту поблемасы елімізде бар. Президентіміздің өзі оны айтып, сынға алған болатын. Мемлекеттен бөлінген бюджет көп жағдайда нақты нысанға жетпей жатады. Әрине, бюджетті бақылау органдары жетіп артылады. Дегенмен кейбір салаларда осы ашықтық пен сапаны арттыру керек. Ол үшін адами факторды максималды түрде азайту керек. Қаражатты бақылау саласында цифрландыру процесін жеделдетуіміз керек. 2017 жылы Цифрлық Қазақстан деген бағдарлама қабылданды. Соның негізінде алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды енгізіліп жатыр», -деді саясаттанушы Нұркен Айтымбетов.

Медицина саласындағы «Damumed»,  электронды үкімет «Egov», «Sergek»-тердің пайда болуы халыққа пайдасын тигізді. Осы бағдарламалардың негізінде жоғары басшылардың қабылдауына жазылмай-ақ электронды түрде талап-тілектер, ұсыныстар жіберуге болады. Құжаттарды өткізуге мүмкіндік бар. Бұл сала прокуратура, сот саласына, құқық қорғау органдарына да  енгізілді.

 «Қазақстанда мынадай тенденция қалыптасқан: реформаларды қолға алады, бастайды, халыққа көрсетеді, бірақ соңына дейін жеткізбей тастайды. Цифрландыру саласы да жыл сайын сынға ұшырап жатады. Сыбайлас жемқорлық мәселесі өте өзекті. Оны біз күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жүрміз. Лауазымды қызметте отырған азаматтар жемқорлықпен ұсталып, сотталып жатыр. Оны шешудің жолы – шетелдік тәжірибеге жүгіну. Сингапур, Малайзия, Эстония, Грузия сияқты елдер жемқорлықты 80-90 пайызға дейін жойды. Жемқорлықты жоюдың әртүрлі әдістері бар. Мысалы, Малайзияда бұрын жемқорлықпен айналысқан адамды билікке мүлде жолатпайды. Ақша жымқыруға мүдделі болмауы үшін жалақыны екі еселеп көтерді. Шығыс Азия елдері тіпті ауыр жазалар тағайындайды. Михаил Сакаашвили Грузия билігіне келгенде құқық қорғау органдары, полиция, прокуратура саласындағы кадрды түгелдей ауыстырды. Салаға батыстық жүйені енгізді. Ол Грузиядағы жемқорлықпен күресе бастағанда бұрынғы кеңестік елдердің басшылары оған күмәнмен қарады. Олар Грузиядағы асқынған жемқорлықты жеңу мүмкін емес деп санады. Бірақ, ол өзгерісті енгізді. Бюджетті басқарудағы тиімділікті арттыру, ол жердегі сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін ең бірінші бізге шетелдік тәжірибені енгізу керек», -деді саясаттанушы.

Мемлекеттік бағдарламаларға бақылауды күшейтумен қатар, жобалардың болашақта жүзеге асуына жетелейтін тағы бір жолы бар. Ол жастардың санасын өзгерту дейді мамандар. 

«Санаға сіңіп кеткен жемқорлықтан арылуы үшін балаларды мектеп жасынан, жастарды студентттік кезден тәрбиелеуіміз керек. Ақпарат құралдарында жемқорлықтың зияны, мемлекетке, еліміздің болашағына тигізетін қатері туралы айтып насихат жұмысын күшейту керек. Халықта жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруымыз керек. Сөз басында айтқандай алдыңғы қатарлы цифрлы технологияны енгізуді тоқтатпау. Ол бізге ашықтықты қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұрын жүргізуші жол ережесін бұзған кезде, маи тоқтатып, айыппұл жазатын, ол жерде түрлі заңсыздықтарға жол берілетін. 2017 жылдан бастап цифрлануға көше бастағаннан кейін, камералар пайда болды. Адами фактор азайды», -деді Нұркен Айтымбетов.

28 сәуір 2023, 09:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.