Атырау, 1 қазан 18:28
 ашықВ Атырау +12
$ 481.19
€ 538.45
₽ 5.18

Жаңаөзендегі жарылыс болған үйдің тұрғындары өз болжамын айтты

874 просмотра

«Ауыз су құбырын ауыстырып жатқанда газ құбырын зақымдап алған». Жаңаөзендегі жарылыс болған үйдің тұрғындары апатқа қатысты осындай болжам айтып отыр. Осыдан екі-үш күн бұрын мердігер мекеме үй маңындағы ауыз су құбырын ауыстырыпты. Сол кезде жер астында жатқан газ құбыры тесіліп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

«Бір ай бұрын екінші шағынауданның айналасында, Сапаровскийдің артында су құбырын жүргізген. Сол уақытта қазған кезде осы 251-дің артында жарылыс болған, үйдің артында ГРП газ таратушы бар. Соған жолдың арғы бетінен келіп тұрған құбыр бар,150 миллиметр. Соның үстіне бұлар құбырды алды да, тастап, көміп тастады. Содан бастап, көміп тастаған соң иіс пайда болды», - деді Жаңаөзен тұрғыны Нұрлан Исатаев.

Тұрғындар қазір туыстарын жағалап жүр. Олар жергілікті биліктен тезірек жаңа қоныс тауып беруін сұрап отыр.

«Үйімізде тұру мүмкін емес. Қабырғасы құлап, қақырап түсіп жатыр. Едені айырылып жатыр. Жертөлеге түсіп кетті. Ендігі мәселеміз - біздің үйімізді шешсе, тұруға жарайтындай, уәдесінде тұрып үйін алып берсе. Сосын ауыр жағдайда жатқандарға барынша көмектессе», - деді Жаңаөзен тұрғыны Дидар Ботабаева.

Жергілікті әкімдік «баспанасыз қалған тұрғындарды далаға тастамаймыз» дейді. 

«Бүгінде «Қазмұнайгаз» өкілдерімен Жаңаөзенде бәріне бірдей екі-үш бөлмелі үйлер қаралды. Тұрғындардың келісіміне қарай, сол үйлерді қараймыз», - деді Жаңаөзен әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.

Шенеуніктер жарылыстан зардап шеккен тоғыз отбасына үй алып береміз деп уәде берді. Тіпті бейсенбі күні жаңа пәтердің кілтін табыстамақшы.

19 сәуір 2023, 09:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.