Атырау, 30 қараша 10:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

№3 БЖСМ директоры Сейітжан Бегісінов: «Атырауда спорт интернаты болады»

7 021 просмотра

Жақында Орал қаласында өткен бокстан Асқар Құлыбаев жүлдесіне арналған «А» сыныпты турнирде атыраулық боксшы Бекболат Құрамысов алтын ұтса, оның командалас серігі Азамат Досмағамбетов күміс жүлдегер атанды. Облыстағы бокстың және басқа да олимпиадалық спорт түрлерінің  болашақ дамуы жөнінде №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сейітжан БЕГІСІНОВПЕН сұхбаттастық.

 

БОКС №1 СПОРТ ТҮРІ БОЛЫП ҚАЛАДЫ

- Мен 3-БЖСМ дегенді жаңа естіп отырмын.

- 2011 жылы баскетбол және волейбол сияқты спорттың ойын түрлеріне маманданған Стройконторадағы 2-ОРАБЖСМ Авангардтағы жекпе-жектерге маманданған 2-БЖСМ-мен қосылған еді. Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап облыс әкімінің осы спорт мектептерін бөлу туралы шешімі шықты. 2-БЖСМ жекпе-жек түрлері бойынша өз жұмыстарын жалғастыра береді, ал бұрынғы олимпиадалық резерв мектебінің базасында 3-БЖСМ құрылды.

3-БЖСМ-де баскетбол мен волейболға гандбол бөлімшесі қосылатын болады. Бұрын боксшы қыздар олимпиадалық дайындық орталықтарына тіркелетін, ал қазір бұл спорт саласы мемлекеттен мақсаттық қаржыландыруға ие болып, 3-БЖСМ-да әйел боксының бөлімшесі ресми ашылатын болады. Қыздарын осы спорт түріне бергісі келетін ата-аналардың бізге хабарласуын өтінеміз. Жаттығулар тегін.

2-БЖСМ-дағы бокс және грек-рим күресі бөлімдерімен қатар 3-БЖСМ-де де қосымша топтар ашылатын болады. Сондай-ақ, жаңа мектепке7 жоғары санатты бапкерлер келеді.

Облыстық әкімдікте осы жылғы наурыздың басында болған жиналыста облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан насихаттауды қажет ететін спорт түрлері тізімін кеңейту және жас талантты бапкерлерді тарту туралы өкім берген болатын. Облыстық бокс федерациясы Шымкенттен бокстан Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасының бұрынғы бапкері Қанат Орақбаев пен келешегінен үлкен үміт күттіретін балалар жаттықтырушысы, спорт шебері Жандос Жұмабековты шақырды. Себебі, Шымкент Қазақстанға талай атақты былғары қолғап шеберлерін берді. Айта кетсек, Олимпиада-2000 күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков пен Олимпиада-2008 додасының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев осы өңірден шыққан.

Бокс Қазақстанда №1 спорт түрі болып қалып, олимпиадалық медальдарға ие болудың тұрақты көзіне айналып отыр. Еліміз қол жеткізген жетістіктерді уысымыздан шығарып алмауымыз керек. Міне, осы мақсатпен Олимпиада-2000 чемпионы Ермахан Ыбрайымов пен олимпиада-2012 жеңімпазы Серік Сәпиев Атырауға бірнеше рет келді. Олар жастар арасында боксты кең насихаттап жүр.

Қазір боксқа көп қаржы келіп жатыр. Бұған Асқар Балжанов басшылық ететін облыстық бокс федерациясы мұрындық болуда. Оның бастамасымен спорттың осы түрін аудандарда дамыту бағдарламасы басталды. Қазір Жылыой, Мақат, Құрманғазы, Исатай және Махамбет аудандарында бокс тиісті деңгейге қойылған және бөлімшелер барлық құрал-саймандар – рингтермен, қапшықтармен, қолғап және шлемдермен жабдықталған. Федерация аудандардан 1999-2000 ж.т. 10 үздік боксшыны таңдап алып, қалада оқытып жатыр. Балалар «Жемчужина» шипажайында жатып, тамақтанады да, «Атырау» ДСК-нде жаттығады. Облыстық әкімдік Атырауда спорттағы дарынды балаларға арналған интернат салуды жоспарлауда, бокс, таэквондо, дзюдо, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі, байдаркада және каноэде есу спорт түрлері дамытылатын болады.

Жиналыста облыс әкімінің орынбасары Ш. Мұқан 2016 жылы облыс жоғарыда аталған олимпиадалық спорт түрінен кем дегенде 5 лицензия алуы керек деп мақсат қойды. Уақыт аз, әрине, алайда қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Осы үшін облыстық спорт басқармасы бар жағдайды жасап отыр. Қазір қаланың барлық ықшамауданында спорт залдары бар. Облыстық спорт басқармасының бастығы Қазбек Иманғали Алғабас, Дамбы, Еркінқала, Ақсай және Алмалы мектептерінде күрес пен бокс бөлімшелерін ашу керек деп тапсырма берді. Сондай-ақ, №3 мектепте, түгелдей облыстық федерация жабдықтаған «Атырау» ДСК-нің спорт залында бокс бөлімшелерін және «Мұнайшы» СК-нде қосымша топ ашу жоспарлануда.

 

АТЫРАУЛЫҚ МУШКЕТЕРЛЕР

- Боксқа деген жанашырлығыңыз түсінікті, ал Атырауда бұрын насихатталмаған спорт түрлері бойынша қандай жоспарлар бар? 

- Туризм және спорт басқармасы семсерлесу бөлімшесін ашу туралы ұсыныс енгізді. Біз қазір бапкерді қайдан шақыртамыз, жаттығу жабдықтарын қайдан аламыз деген сияқты мәселелерге талдау жасап жатырмыз.

- 80-жылдардың соңында сіз халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Ленинград Кубогын ұтып алдыңыз. Балаларыңыздың ішінен жолыңызды қуғаны бар ма?

- Менің бес балам бар. Мен, әрине, балаларымның бокспен шұғылданғанын қалап едім, алайда олар күресті таңдады. Үлкен ұлдарым Асылан мен Жасұлан Алматыда спорттағы дарынды балаларға арналған спорт интернатының грек-рим бөлімшесінде оқып жатыр. Ортаншы ұлым Әбу да биылдан бастап күреспен шұғылдануда. Қызым Наргиз Құрманғазы мәдениет үйінде спорттық билермен айналысады, ал ең кенжем - әлі кішкентай.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.