Атырау, 25 қараша 14:59
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Билет пе? Қазір берем!

3 499 просмотра

1 сәуірден бастап Атырауда жолаушылар көлігіне бір реттік жол билеттері енгізілді. Бұл - тендерде жеңіске жеткен тасымалдаушы компанияларға қойылған талаптардың бірі еді. Алайда, біздің оқырмандардың хабарлауынша, бір реттік жол билеттері барлық автобустарда үнемі беріле бермейді екен. Біз қалалық маршруттармен жүріп, бұған көзімізді жеткіздік.

КӨП ІШІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

...№12 маршрут автобусындағы жас кондуктор қыз барлығына билет үлестіріп жатыр: жеңілдік алушыларға – қызыл, қалғандарына – көк билет. Осындай жағдай №14 автобуста да орын алды. Маған оқырмандар босқа шағымданып жатыр-ау деген ой да келіп үлгерді. Осы кезде «Екідегі» кондуктарға 50 теңге бергем, бірақ билет ала алмадым. Басқа жолаушылар да алмаған екен. Екі-үш минут өткеннен кейін билет туралы кондуктордың есіне салып едім, аузын жылп еткізіп, «Қазір!» дей салды. Бес минуттан кейін маған өзге жолаушы да қолдау көрсетті. Кондуктормен болған сөз алмасуларымыз жанжалға айнала бастады, алайда жеңісті қолдан бермедік. Бірнеше адамның жақтырмаған көзқарасымен қоса екеумізге өзімізге тиесілі екі билетті берді. «Ол билетті не істейін деп жүр екен», - деп бір әйел сөйлеп те қалды.

Келесі «екілікте» кондуктор, үлкен психолог-ау деймін, билетті таңдап отырып берді, көбіне егде тартқан жолаушыларға үлестіріп, жастарды елемеді (олардың бұған шаруасы да жоқ). Сондай-ақ, ол көбіне зейнеткерлерге арналған қызыл билетті (25 теңге тұратын) үлестірді. Менің ескертуімнен кейін сөзге келместен маған көк билетті ауыстырып берді.

«Сегіздікте» болған оқиға одан да сорақы: кондуктор билет бітіп қалды деп хабарлап, осы қағаз сондай керек болған адам соңғы аялдамаға дейін барып, сол жердегі диспетчерден алуына болады деді.

Бұл бақылауларымыздан көңілге түйгеніміз, билет алуға деген өз құқығын талап ететін жолаушылардың пайыздық көрсеткіші өте төмен екен. Көпшілік адамға бәрібір сияқты.

 

ҚАРСЫЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Билет енгізу мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. 2011 жылғы сәуірде салық департаменті осы бастамамен облыстық әкімдікке шыққан болатын. Бұл шынайы кірістерін жасырып жүрген тасымалдаушыларды тықыртып, бюджет түсімдерін арттыруға көмектеседі делінген еді. Ұзақ па, қысқа ма, екі жылдан кейін бұл жүйе енгізілді. Көріп тұрғанымыздай, ол бірден қарсылыққа тап болды.

Билік билет берілмеген жағдайда қалалықтар 45 18 79 (Салық комитетінің Атырау қаласы бойынша басқармасы) және 25 44 51 («Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ) телефондарына соғыңыздар деп хабарлаған болатын.

- Шағымдар көп түсуде. Алғашқы күндері телефон көп соғылды. Көбіне адамдар №№5, 14, 2, 8, 64 автобустарының кондукторларына шағымданады, - дейді Салық комитетінің Атырау қаласы бойынша басқармасының сенім телефоны диспетчері.

Салықшылармен болған әңгімемізден аңғарғанымыздай, олар бұл шағымдарға не істейтіндерін білмейді екен (!). Бес шағым бойынша тексеру барысында олар тасымалдаушыны анықтап, әкімшілік іс қозғады, ал қалған шағымдар бойынша материалдарды автокөлік инспекциясына жолдады.

Ал инспекция өз кезегінде, материалдарды қарап, салықшыларға кері жібергендері жөнінде хабарлады. Маған түсіндірулері бойынша, «қойылып отырған кінә дәлелденбейді»:«Өткен күнмен дәлелдеу мүмкін емес. Біз тексерген бірнеше шағымдар бойынша кондукторлар ештеңені мойындамады. Бұған қарсы тұратын жалғыз жол – рейдтер жасау, яғни, бұзушылықтың үстінен түсіп, қолынан ұстау. Алайда біздің жолаушылар көлігіне мұндай рейдтер жасауға құқығымыз жоқ».

 

БҰЗУШЫЛЫҚТАР ЖОҚ?!

«Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің көлік, энергетика және байланыс секторының меңгерушісі Қуаныш ИБРАГИМОВ осы жағдайларға түсінік беру жөніндегі өтінішімізге екіұшты жауап берді. Алдымен ол қалалық маршруттарға бақылаушы ретінде жіберетін штатта артық адам жоқ екенін айтты. Содан кейін жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын хабарлады:

- Біз үнемі тексеріп отырамыз. Әзірге кондукторлардың билет бермей қалу фактілері болған жоқ. Халықтан шағымдар түскен жоқ. Егер мұндай шағымдар болса, уақыты мен автобустың мемлекеттік нөмірі жазылған арыздарын хат жүзінде бізге әкелсін. Сөзбен мен ештеңе дәлелдей алмаймын. Ал дұрысы, тасымалдаушы компанияның басшылығына хабарласу керек. Бұл мәселені солар шешеді.

Тендерде ең «майлы» деген қалалық маршруттарды (№№ 1, 2, 3, 4, 6, 8, 10, 12, 14, 15, 20, 21, 22, 30, 30-А, 50, 52А, 57, 64, 65) «АйсТрансХолдинг» ЖШС ұтып алды. ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВ телефон арқылы маршруттарға бақылаушылар ретінде «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің барлық кеңсе қызметкерлері үнемі шығып отыратынын хабарлады:

- Билеттер барлық автобустарда беріледі. Біз мұны бақылап отырмыз.

- Билеттер берілмеген жағдайды мен өз көзіммен көрдім ғой.

- Бұл мүмкін емес.

- «Заң бұзушы» автобустар жөнінде кімге хабарласуымыз керек?

- 10 минуттан кейін соғыңыз, айтамын.  

10 минуттан кейін де, бір сағаттан соң да Сүйінов мырзаны ұстай алмадық.

 

ҚАРАПАЙЫМ ТҮСІНІК

Есепке алынбаған ақшалар тасымалдаушы компанияға ма, кондукторлар қалтасына ма, қайда кететінін шексіз жорамалдай беруге болады. Сондай-ақ, принципке тұрып, қалалық көлік бөлімі мен «АйсТрансХолдинг» ЖШС-не жазбаша шағым да жазуға болар. Бірақ, осыдан бір пайда бола ма екен? Тынышы, жай ғана өз билетімізді талап еткеніміз дұрыс. Өйткені тасымалдаушының өз табысынан салық ретінде төлеген әр «тиыны» бюджетке барлығымыздың қажеттілігіміз үшін түсетінін есімізден шығармауымыз керек.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.