Атақты режиссер Эльдар Рязановтың атышулы «Автомобильден сақтан!» фильміндегі Деточкин ұрлап мініп қашатын «Волга» автомобилі есіңізде ме? Бұл 60 жылдар болатын. Ол машина қазір «Мосфильмнің» мұражайында сақтаулы тұр. Ал онымен түйдей құрдас аңызға айналған раритет әлі күнге біздің қаланың көшелерін шарлауда.
ВОЛГА ГАЗ-М21
Міне, біз Владимир Алексеевич СЛОТИННІҢ (суретте) гаражында тұрмыз. Қабырғада ескі газет қиындылары, ескі фотосуреттер ілініп тұр. Ал ортада маңғаздана автомобиль тұр – Волга ГАЗ-М21.
1968 жылы наурыз айында зауыттан шыққан көлік қазіргі иесінің қолына 1970 жылы тиеді. 43 жыл бойына мінсіз қызмет көрсетіп келеді өз иесіне.
- Машинамды сатуды шештім. Әрине, сатқым келмейді, бірақ, соңғы уақытта денсаулығым сыр беріп жүр, жасымыз келді, қаражат та керек әрі бұл машинаны жөндеп, күтіп ұстауға шамам да жетпейді, - дейді Владимир Алексеевич. – Сатып алушылар жетеді. Маған бұрын да ақша ұсынып, қазір-ақ алып кетем дегендері де кездесті. Машинаға көп жыл болса да, жақсы күтілген, керемет жүріп тұр.
- Ал техникалық тексеруден өту кезінде қиындықтар тумай ма? Сіздің ескі көлігіңізге жол полициясының қызметкерлері қалай қарайды?
- Техникалық байқаудан міндетті түрде өтіп тұрамын, ешқашан ақау болған емес. Өзім өмір бойы механник болып жұмыс істедім, сондықтан көлігімнің жағдайы жақсы. Ал МАИ қызметкерлері сирек тоқтатады, онда да қызығушылық танытқасын.
- Қандай жанармай құясыз?
- Аи-80.
СЛОТИННІҢ ҚАҒИДАСЫ
«Асықпаған арбамен қоянға де жетерсің» деген қағиданы ұстанған Владимир Алексеевич жол бойында орын алып жататын көлік апаттарының көптігіне қатты қынжылады.
– Соғыс кезінде де мұншама адам қырылмаған шығар, - дейді. Оның өзі сағатына 40-50 шақырым жылдамдықты ұстап отырады. Оның бұл жүрісіне шыдамсыздық танытқан кейбір жас жүргізушілердің балағаттап жататын кездері де болады екен:
– Қазір жүргізушілік мәдениеті дегенді ұстанатындар қатары сирек. Ақшаға алған куәлікті қалтаға басып, жолда талай қайғылы жағдайлар туғызатындар қаншама.
КӨЛІКТЕГІ ДЕМАЛЫС
- Бұл көлікпен біз демалыс алған сайын қыдыруға шығатынбыз – Украина, Латвия, Мәскеу, Калининград, Волгоград, Қазақстан қалаларын талай араладық. Сонда бұл «советский мерседес» бізді ешқашан жолда қалдырып көрмепті. «Танк құятын болаттан жасалған» деген қосымша атауы да бар бұның. Қанша елде, жерде болдық, қазіргідей қорықпайтынбыз. Түн болса, кезіккен ауылдың жанына тоқтап, ұйықтай беретінбіз. Тіпті, тереземізді таңертең ұрып, оятып жіберетін. Ал қазір олай емін-еркін жүре алмайсың ғой.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор