Атырау, 2 қазан 07:27
 ашықВ Атырау +25
$ 480.11
€ 532.25
₽ 5.14

​БҚО-ның Шыңғырлау ауданында төтенше жағдай жарияланды

901 просмотра

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың мәлім еткеніндей, бұл туралы бүгін жедел штаб отырысында хабарланды.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ауданда күрделі жағдай қалыптасып отыр.

Соңғы күндері қардың күрт еруі салдарынан аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай, Шыңғырлау-Алмаз, Шыңғырлау-Ардақ-Ақтау автожолдарын төрт жерден су шайды.

Атап айтқанда, Қуағаш өзені тасып, Алмаз ауылына кіреберіс жердегі үш темір құбырдан өтіп үлгермеген су жолдан асып кетті. Алмаз ауылында 4 әлеуметтік нысан, 137 тұрғын үй бар, оларда 454 адам тұрады. Жалпы мал саны 3 мыңға жуықтайды.

«Аталған елді мекенге аудан орталығы және ауылдармен қатынас тоқтатылып, оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы орган мен мекеме қызметкерлері, техникалар түгел жұмылдырылды», деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Шыңғырлау-Ардақ-Ақтау автожолының 60-шақырымында су шаю оқиғасы болды. Ақтау ауылында 3 әлеуметтік нысанға қоса, 103 тұрғын үй (426 адам) бар. Мал саны – 8731. Қазіргі таңда елді мекенге су тасқынынан келер қауіп жоқ. Жол қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Сол секілді Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай автожолының 106 және 108,6 км тұсында еріген қар суы жолдың екінші бетіне шығып кетті.

Төтенше жағдайлар туралы шешімге сәйкес аудан бойынша тиісті іс-шаралар атқарылады, деді Әлия Мұханбетжанова.

13 наурыз 2023, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.