Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті конгресі кезінде аталмыш ұйымның президенті Тамаш Аян қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанлоға Йено Боскович атындағы сыйлықты табыс етті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл сыйлық өткен жыл қорытындысы бойынша үздік зілтеміршілерге тапсырылады. Лауреаттарды бүкіл әлемнің жанкүйерлері анықтайды. Биылғы жылы жүлде біздің Чиншанло мен ирандық Бехдад Салимикордашиабиге бұйырыпты.
Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионаты шеңберінде Халықаралық федерация өзінің кезекті конгресін өткізіп, онда Зүлфия Чиншанло шақырылды.
«Осы сыйлыққа қол жеткізгеніме қуаныштымын. Менің Ташкентке бұл алғаш келуім. Мен осында тағы бірер күнге аялдап, әлем чемпионатында біздің спортшыларға жанкүйер боламын», - деді Зүлфия.
Естеріңізге сала кетсек, Өзбекстан астанасында 8-11 сәуір аралығында ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр, оған біздің спортшылар да қатысуда.
Дереккөз: ҚазАқпарат