Қала билігі облыс орталығының проблемасы көп көшелердегі шалшық пен балшықтан арылу үшін тағы бір әрекет жасамақшы.
Атыраудағы ерік Мостовойдан бастау алған дренаждық жүйенің 20 жылдан астам тарихы бар, дегенмен бұл мәселені өткен ғасырдың ортасынан бастап қолға алды. Ал өткен жылы мамандар тағы бір жоба әзірледі, оны жүзеге асыру алдағы айлардың еншісінде. Оның кейбірінің егжей-тегжейін «АЖ»-ға қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ баяндап берді.
Оның айтуынша, Астана мен Мәскеуден шақырылған сарапшылар жағдайды зерттей келе, нөсер жауын мен қар ерігеннен кейін үнемі «суға кететін» жерлерге автономды дренаж жүйесін орнату орынды деген қорытындыға келген.
«Алматы, Шымкент, Тараз қалаларындағыдай қалаға арықтар торабын салудың мәнісі жоқ. Бізде жауын-шашын маусымдық құбылыс, сондықтан жылдың көп бөлігінде мұндай классикалық дренаж босқа тұрады. Оған қоса, бұған миллиардтаған сома кетеді, – дейді М.Қалауи. – Сондықтан жерүсті ағынды суларды автономды тазарту станцияларын пилоттық режимде сынақтан өткізу жөнінде шешім қабылданды. Жазға дейін осындай екі құрылысты – Сарықамыс ықшамауданында және Мирас ықшамауданындағы Қаржауов көшесінде орнатпақпыз. Су жиналады, тазартылады, техникалық жағдайға келтіріледі, содан кейін оны кәрізге жіберуге немесе суаруға пайдалануға болады».
Жақсы нәтиже шықса, су басқан басқа аудандарда да осындай дренаж орнатылады. Бұл Ә.Молдағұлова және С.Датов көшелері, «Алмагүл» ы/а, «Дина» базары және басқалары – барлығы қала ішінде он бір жер.
Әкімдік қажетті құрал-жабдықты сатып алуға тендер жариялап үлгерді. Бір станцияның құны 320,8 млн теңгені құрайды.
Лев ГУЗИКОВ