Махамбет ауданында ауыз суға зәрулік ең басты проблемаға айналған. Онда екі су тазарту қондырғысы (бұдан әрі СТҚ ) болғанымен, оның бірі жұмыс істемейді.
513 түтіні, 3025 халқы бар Сарайшық ауылында ауыз су белгілі бір күнге көшірілген.
- Жайық өзені дәл іргемізден ағып жатыр, ал ауыз суға жарымай отырғанымыз масқара емес пе? СТҚ салып, құбыр тартылғанымен соның қызығын көріп отырғанымыз шамалы. Неге бұл мәселені шешпейтінін білмейміз. Жиын сайын қақсап айтумен келеміз. Дым өзгеріс жоқ. Әлі құдықтан тасып ішіп отырмыз, - дейді Сарайшық ауылының тұрғындары.
Сарайшық округі әкімінің міндетін атқарушы Қалмұрат ЕСЕНҒАЗИЕВ осы жұмысқа келгеніне үш жылдан бергі жағдай осылай екенін жасырмады. Ауыз су ауылға аптасына үш реттен екі сағат қана беріледі екен. Сол кезде ауыл тұрғындары суды құдықтарына құйып алып, амалдап күн көруге кешкен.
Бұл жағдай Ақжайық, Ортақшыл, Алға, Жалғансай, Таңдай, Ақтоғай, Сарытоғай, Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарына да тән, мұнда су таңертеңгі 8-ден кешкі 8-ге дейін ғана беріледі екен.
- Әр ауылда СТҚ болғанымен оны сенімгерлік басқаруға алуға адамдар шықпай отыр, тиісінше субсидия алуға да мүмкіндік жоқ. Газ бен токтың шығынын есептеп, ақтамайтынына көздері жеткесін бас тартуда, - дейді аудандық ТКШ басшысы Сырымбек КЕНЖЕБАЕВ. - Амал жоқ, ауылдардағы қауымдастық мүшелерінің келісімімен бір кәсіпкерге ғана жүктеп отырмыз, ол судың берілуі мен кейбір жөндеу жұмыстарына ғана араласады. Судың бекітілген тарифі жоқ, құдық иелері айына су үшін 1-1,5 мың теңге төлейді. СТҚ сорғыларының кейбірі ескірген, жаңалауға тура келеді. Сарайшықтағы СТҚ үшін комплект түрдегі 12 млн теңгенің сорғы стансасына сұраныс беріп қойғанбыз. Қалай еткенде де СТҚ-сын сенімгерлік басқаруға алмайынша жағдай өзгермейді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет автордыкі