5 cәуірде Атырауда «ТШО»-ның 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыс өтті. Бір күн бұрын Астанада ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен осындай шара өткен еді.
ТШО кеңсесінде өткен Атыраудағы мерекелік жиналысқа Теңіз жобасына қатысушы «Шеврон» мен «ЭксонМобил» топ-менеджерлерінен басқа, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, Атырау облысынан сайланған сенатор Қайрат ИЩАНОВ, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қазір Президент әкімшілігінде жұмыс жасайтын Серік АМАНҒАЛИЕВ, мәжілісмендер Еркін ШПАНОВ, Асхат БЕКЕНОВ, Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ және т.б. келді.
Мұнай және газ министрінің міндетін атқарушы Болат АҚШОЛАҚОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ҚИЫНОВ, индустрия және жаңа технология вице-министрі Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ және көптеген қатысушылар құттықтау сөз сөйледі. Меймандар арасынан ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің төрағасы Данияр ЕРЕНЧИНОВ пен «Ақ Жол» ҚДП жетекшісі, мәжілісмен Азат ПЕРУАШЕВ көзге түсті.
Жиналысты Теңіз кенішін игеру тарихы туралы бейнефильмді көрсетуден бастады. Содан кейін меймандар бірінен соң бірі құттықтап, құттықтау грамоталары табысталды. Американдық менеджерлер «бәрінің қалай басталғаны есіңде ме, бәрі де ең алғаш рет болып еді ғой» деген сарынмен, Қазақстан мен «Шеврон» арасындағы келісімшартқа қол қойғандағы 20 жыл бұрынғы кезді естеріне алды. Сонымен қатар, компанияның үздік қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетілді.
Жаңылыс айтылған цифрлар да болды. Соның қарсаңында Астанада президент ТШО-ның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 20 жыл ішінде 77 млрд доллар құрады деп мәлімдеген еді. Ал Атыраудағы жиналыста ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР басқа цифрды - 74, 2 млрд долларды атады.
Салтанатты жиналыс қазақстандық әртістердің өнер көрсетуімен аяқталды.
Естеріңізге салсақ, бүгінде Шеврон (50%), ҚазМұнайГаз (20%), ЭксонМобил Қазақстан Инк (25%) және ЛУКАрко (5%) - «ТШО» ЖШС акционерлері боп табылады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ