Атырауда урбанистер кеңесін құру ұсынылды. Айналаға көз тастап, қалада болып жатқан сәулеттік бейберекетсіздікке қарап, оның уақыты баяғыда келген дегім келді.
Жастар тобы осындай ұсыныспен шықты. Олардың көпшілігі маркетолог. Сәулетшілер бастамашы болады деп күткен менде еріксіз сұрақ туындады – маркетингтің урбанистикаға қандай қатысы бар?
АТЫРАУ – АВТОКӨЛІККЕ АРНАЛҒАН ҚАЛА МА?
- Барлығы өте қарапайым. Урбанистика – бұл қала маркетингі, мақсаты – адамдар бұл жерде жұмыс істеп қана қоймай, рахаттана өмір сүретіндей жағдай жасау, – дейді Дәурен ЖАРМҰХАНОВ. – Мен құрылыс компаниясында жұмыс істеймін, нысандарымызды жобалаған кезде олардың тұрғындарға да, жай ғана өтіп бара жатып, бірінші қабатта орналасқан дәмханаларға, мейрамханаларға, дүкендерге және басқа да коммерциялық үй-жайларға кіретін адамдарға да ыңғайлы етуге тырысамыз.
Сол жерден дизайн кодын енгіздік - барлық маңдайшалардың өлшемі, түсі, стилі бірдей. Осылайша, жобаларды әзірлей отырып, урбанистикаға қызығушылық таныттым. Илья Варламовты, Максим Кацты қызығушылықпен бақылаймын. Атырауда урбанистика орталығы да, кеңес те жоқ. Біздің бастамамыз осы қозғалысты іске қосуға бағытталған. Мұндай орталықтар Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалаларында бар. Бұл бастамаға жергілікті әкімдіктер де қолдау көрсетсе деймін.
Одан бөлек бастамашыл топтың құрамында маркетолог Руслан САМСОНОВ пен сәулетші-урбанист Әлия ЖОЛДАСОВА бар. Жастар Атырауды адамдардың көбі өмір сүретін жер емес, тек жұмыс орны ретінде қабылдайтынына қатты қынжылады. Бұл Атырауды алдағы уақытта вахталық қалашыққа айналдыру қаупін туғызады.
Заманауи өнер орталығындағы бастамашыл топпен кездесуге қала тұрғындары, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ, Атырау қаласының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ және облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын АРЫСТАНОВА келді.
– Урбанистика тұрғысынан алғанда, Атырау автокөліктер қаласына айналудың алдында тұр. Бізде өмір сүруге азды-көпті қолайлы бірнеше аудан бар - бұл «Юность», «Санаторий», жағалаудың бір бөлігі. Басқа жерлерде жаяу жүргіншілер жолы жоқ, олар бар жерде жолжиекпен басталып, жолжиекпен аяқталады, бұл қозғалыс мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарттарға, баламен арба сүйреген аналарға ыңғайсыз. Неліктен екені белгісіз, тротуарлар жол деңгейінен төмен жасалған, сондықтан жолдың балшығы мен суы жаяу жүргіншілердің аяғының астында ағып жатыр, – дейді Дәурен Жармұханов. - Біз қаланы өмір сүруге жайлы еткіміз келеді. Адамдар осында өмір сүргісі келcе, қаланың даму векторын көлікке бағдарланудан адамға бағыттауға өзгертсек дейміз. Өйткені, тротуардан немесе өткелден бөгеліп қалған әрбір жаяу жүргінші көлікке отырса, Атырау кептеліс қаласына айналады, – дейді Дәурен Жармұханов.
«КӨКТЕМ» ЖАНЫНДАҒЫ ӨТКЕЛ НЕГЕ ЖАБЫЛДЫ?
Мәселен, былтыр «Көктем» базарының жанындағы жаяу жүргіншілер өткелі жабылған болатын. Билік бұл учаскеде өткел болғандықтан көлік кептелісі пайда болды деп есептейді. Бұрын базардан шыққан жаяу жүргіншілер 100 метрден кейін Жұмыскер бағытындағы аялдамаға бірден баратын. Ал жаяу жүргіншілер жолы жабылғандықтан, автобус аялдамасы да көшірілді. Енді адамдар бағдаршамға дейін 150 метр жүріп, көшеден өтіп, аялдамаға дейін тағы 200 метр жүруге мәжбүр. Ойланып қараңызшы, күн сайын – жазда аптап ыстық күн астында, қыста – желге қарсы, көлігі жоқ қарт ата-анамыз, арба сүйреген аналар, кішкентай балалары осы жолмен жүреді. Көбісі, соның ішінде мектеп оқушылары да үйренген дағдымен базар маңындағы жол бойынан кесіп өтуге тырысады. Бұл апат салдарынан денсаулығы мен өміріне қауіп туғызады. Базар маңындағы такси жүргізушілері де тасымал құнын көтеріп жіберді. Өйткені, Жұмыскерге қарай солға бұрылуға тыйым салынған, олар көлік көпіріне барып, сол жақтан бұрылып, басқа жерден жаңа кептеліс туғызады. Яғни, кептеліс қалды, бірақ жаяу жүргіншілердің кінәсінен емес.
Жаяу жүргіншілер көпіріне қатысты жағдай да мәз емес. Әсіресе тайғақ күндері, әсіресе сырқат жандарға, сәбиін арбамен сүйреген аналарға көпірге шығу өте қиын. Сәтпаев даңғылы бойындағы «Халық банкі» маңындағы жаяу жүргіншілер көпірінде де осы көрініс. Музыка академиясы ауданындағы Сәтпаев бойымен өтетін екінші жаяу жүргіншілер көпірін лифт көмегімен жеңілдетуге уәде берді. Шындығында, ол жұмыс істемейді.
- Жаяу жүргіншілер өткелдері өте қолайсыз орналасқандықтан көлік кептелістері орын алады. Ол жерде көлік қозғалысы бір жақты. Көлік жүргізушілері жаяу жүргіншілерге жол беріп, кішкене жүрген соң көшенің екінші жағында жаяу жүргіншілерді өткізу үшін бұрылыста қайтадан тоқтайды. Көпірді бөгемей, жаяу жүргінші өткелін бірнеше жүз метрге жылжыту керек еді. Жаңадан жаяу жүргіншілер көпірі салынбайды деп үміттенеміз. Әйтпесе, жаяу жүргіншілер бұрынғысынша оңай жолдарды іздеп, үйреншікті өткелдер арқылы көшенің арғы бетіне өтіп, өмірге қауіп төндіреді. Мұның бір ғана жолы бар, ол - қала ортасын дұрыс жобалау, – дейді сеніммен урбанистер.
ҚОРШАУДЫ ҰНАТАДЫ
Көптеген қала тұрғындары көліктерді қозғалуға ыңғайлы болғандықтан ғана сатып алады. Демек, халыққа балама жол ұсыну, яғни қоғамдық көлік жұмысын жолға қою керек. Аялдамалардағы қалталарды алып тастау керек. Олар жұмыс істемейді және мүгедектер арбасында және арба сүйреген адамдарға ыңғайсыз. Аялдамадан қозғалар кезде автобус жүргізушісі көлік ағынын өткізуге мәжбүр.
Сонымен қатар, азаматтардың велосипедпен жүруіне жағдай жасау қажет. Бізде Атырауда велосипедшілерге бейімделген санаулы аумақтар бар – жағалаудың кейбір учаскелері мен Әбілқайырхан даңғылындағы веложол. Бірақ жағалауда да ыңғайсыз жасалған: жаяу жүргінші кеңістігін алып тастады, сондықтан демалушы жаяу жүргіншілермен қақтығыс болуы сөзсіз; балаларды қағып кету қаупі бар, өйткені жолдар арасында физикалық кедергілер жоқ, велосипед жолы енінің тарлығы да жеткіліксіз.
Бірақ Атырауда, неге екені белгісіз, бәрін темір қоршаулармен қоршауды ұнатады, әсіресе, қоғамдық саябақтарды, мысалы, Жилгородоктағы. Ағаштың көлеңкесінде отыру үшін жүздеген метр қоршаулардан айналып өтуге тура келеді. Ал оларды секіріп өтпек болған шыдамсыз балалар қоршаулардың өткір үшкірінен жарақат алуы мүмкін. Мұны урбанистер тілінде «қолайсыз орта» дейді. Жақында Кәсіпкерлер аллеясының айналасындағы (Жеңіс саябағы маңында) қоршау алынып тасталды, бұл жағдайды айтарлықтай жақсартты - тіпті кең тыныс алғандай көрінді.
АҒАШТАР НЕГЕ ЖИІ ҚЫРҚЫЛАДЫ?
Бізде тротуарлар мен жол бойында ағаштардың қалай өсетінін еске түсіріңізші. Өсімдіктің айналасына қазылған ашық жер қалдырады, ол тротуардың немесе кеспе тастың үстінде төбешік боп тұрады. Оны жиектастармен қоршайды. Салдарынан жаяу жүргіншілер жолындағы су ағаштарға жете алмай, жиектастың жанына жиналып, уақыт өте келе плитканы бүлдіреді. Ал ағаштарды шлангамен суарғанда, топырақ төселген тастарға шашырап, айналасы балшық болады. Оның орнына топыраұты жауып, су ағынына кедергі келтірмейтін діңіргелік торларды қолдануға болады.
Қала тұрғындарының тағы бір дерті – ағаштарды үнемі аяусыз қырқу. Ағаштардың ұшар басы көлеңке жасайтындай белгілі бір мөлшерге жеткенде оларды қырқып тастайды.
- 2017 жылы ағаштарды жаппай қырқып тастады. Олар енді ес жиып, аздап өскен бойда қайтадан қырқылды, – дейді жиынға қатысқан Ілияс есімді қала тұрғыны.
«КӨПШІЛІГІ ҮШІН БАСТЫСЫ - ЖОЛДАР»
Атыраудың кез келген жерінде жарнамалық ала-құла маңдайшалар мен қалқандарды көруге болады. Бұл тек сауда орындарының ғана емес, Атырау алаңдары мен басқа да қоғамдық орындарда да жазулар көп. Ал олар басқа мақсатқа – қаланы көріктендіруге арналған. Қаланың өзіндік ерекшелігін, яғни, қаладағы маңдайшалар безендірелетін өзіндік фирмалық стиль жасау идеясы қаланың түрлі жиналысында бірнеше рет айтылды, мен оған куә болдым. Бірақ осынау жақсы идея ақыры жүзеге аспады.
- Визуалды «шу» шаршатады, соның салдарынан адам ғимараттармен өзара байланыста бола алмайды, жай серуендеп, көріністерді тамашалай алмайды, - дейді Д.Жармұханов.
Мүмкін, бұл өзен жағалауының іс жүзінде қала тұрғындары серуендейтін жалғыз сүйікті орын болуының бір себебі шығар. Бірақ бұл жер де тұрақты өзгерістерге ұшырап тұрады - қала тұрғындарының суға қолжетімді болуына кедергі келтіріп, темір және бетон қоршаулармен жабылады. Жаңа жағалау үлкен инвестиция салынғанына қарамастан, тұрғындардың қуанышын тудырмайды. Оның үстіне, көптеген сәулет шешімдері даулы болып көрінеді. Нағыз аптап ыстықта қалқалардың көлеңкесі орындықтардан алысқа түседі. Қала тұрғындары қалқаларды «трусы» деп келекелеп, наразылықтарын осылайша білдіреді.
Сөздерін қорытындылай келе, урбанистер жиналғандарды сұрақ қоюға шақырды.
– Сұрақтар маған қойылатын шығар, – деді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи микрофонды алып әзілмен.
Ол биліктің жолға неге көңіл бөліп отырғанын былайша түсіндірді:
– Қала үнемі өсіп жатыр, ең алдымен жеке сектор мен қала маңындағы аудандар есебінен. Мамандармен бірге тұрғындармен кездесуге барған кезде олар үнемі жолдарға, су басқан жертөлелерге, су ағып жатқан шатырларға назар аударады. Бүгін аялдамаларды қайта жабдықтау туралы мәселе көтерілді, ал бізге тым болмағанда оларды орнату керек. Өткен жылы 322 автобус белгісі орнатылса, ақша 30 аялдама сатып алуға ғана жетті. Біз де қаламызды көркейтіп, адамдар бұл жерден кеткісі келмейтіндей болғанын қалаймыз, бірақ бәріне бірден бюджет қаражаты жетпейді. Урбанистердің идеяларын қолдаймын, келесі кездесуге қала сәулетшісін, ТКШ мамандарын шақыруға дайынмын. Бізге урбанистердің мемлекеттік басқармасын құру керек деп ойламаймын, кеңес құрған жөн шығар. Біз қаланы өмір сүруге жайлы ету үшін бірлесіп, шешімін табуымыз керек.
– Халықтың басым бөлігі шалғай елді мекендерде – Геолог, Жұмыскер, Еркінқала, Тасқала, т.б. тұрады. Ол жақтан қалаға жұмысқа қалай қатынауға болады, балаларды көлікпен болмаса, мектепке, үйірмеге қалай апаруға болады? Мәселе осында, – деп растады жиынға қатысушылардың бірі.
Кеңес құру идеясын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қолдады. Жалпы, тараптар бірлесіп жұмыс жасау қажеттігі туралы келісімге келіп, қазір бұл жұмыстың форматын пысықтауда.
Зульфия НОМАД