Атырау, 23 қараша 05:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әзербайжанда билік пен бизнес мүддесі араласып кеткен

1 870 просмотра

Министр Зия Мамедовтің ұлы Анар Мамедов пен інісі Элтон – «Baghlan Group FZCO» компаниясының негізін қалаушылармен бизнес әріптес. Бұл компания тасымал, құрылыс, спорттық кешендерін салу мен мұнай өндіруге қатысты көптеген жобаларға қатысады.

МАМЕДОВТАРДЫҢ БИЛІГІ

Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты тексеру жобасы (OCCRP) және Азаттық радиосы «Baghlan Group» компаниясының көлік министрлігінің үлкен бастамаларының мердігері болғанын анықтады. Компания лондондық мың таксиды импорттап, халықаралық автобус станциясын салып, жол құрылысына қатысты «тиімді жобаны» бастаған. Бұл ұйым автобус, такси, жол құрылысы, елдегі тасымал қызметі сияқты көлік секторының үлкен бөлігін қамтып, тіпті кейбірін монополиялап алған. 

Министрмен туыстығы жоқ кәсіпкер Хафиз Мамедов  «Baghlan Group FZCO» негізін қалаған. Компания 2007 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелді. Екі отбасына Әзербайжан банкі мен Бакудегі халықаралық автовокзал құрылысының жобасы да ортақ. Екеуінің де Баку футбол клубында топ-менеджерлері бар. Анар Мамедовтің иелігіндегі компаниялар да – «Baghlan Group» компаниясының мүшесі. Ал  «Baghlan Group FZCO» көлік министрлігінің бір бөлімі ретінде тіркелген.
«Baghlan Group» бәсекелессіз өте тиімді шарт жасап, такси мен автобустарды импорттап, іске қосып, жол құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл келісімдерді көлік министрлігі бекіткен. Компанияның сайтында оның басшысы Хафиз Мамедовтің «Біздің басты мақсатымыздың бірі – елдің көлік инфрақұрылымын жақсарту, жергілікті қоғамдық көлік жүйесін оңтайландыру» деген сөзі бар. Сайтқа сенетін болсақ, компания елдегі ең ірі такси қызметін ұсынады, мыңнан астам лондондық көліктер қызмет көрсетеді. Автобустар желісі туралы да осыны айтуға болады.

2013 жылы президент Ильхам Әлиевпен кездескенде көлік министрі 2 мың жаңа такси мен 1 мың 200 жаңа автобус керек екенін айтқан. Оған Әлиев: «Әрине, автопаркті жаңарту керек. Бұл мәселеге байыпты қарау керек. Жаңа такси мен автобустар алу қажет» деп министрді құптады. Лондоннан келген әр такси көлігінің құны 28 мың АҚШ долларын болды. Bakı Taxi ЖШС директоры Илгар Гасымовтың айтуынша, компания көлікті импорттауды ұсынған, ал көлік министрлігі келіскен. Бірақ тендер өткізілгені туралы еш куәлік, дәлел жоқ.

«ТАКСИ ҚЫЗМЕТІН МОНОПОЛИЯЛАП АЛДЫ»

Baku Taxi компаниясын салық министрлігі 2010 жылдың сәуірінде тіркеген. Компанияның негізін қалаушы деп Мурад Қасымовты атайды. Baku Taxi директоры Илгар Қасымов компанияны «Baghlan Group» компаниясын құрғанын және ресми билік соның қолында екенін растайды. Ол енді лондондық таксилерді басқа қалаларда пайдалану туралы жоспар бар екенін айтты. Бұл көліктер келгеннен бері көлік министрлігі басқа таксистерге қатаң талаптар қоя бастады. Жүргізушілердің қарсылығынан ештеңе шықпады.
Он жыл бойы таксист-оператор болған Ниямеддин Имановтың айтуынша, министрліктен жеңілдік алған лондондық көліктермен бәсекелесуден еш қайран болмаған. «Басында "советтік автокөліктер енді жүрмеуге тиіс" деді. Одан кейін үйреншікті орнымыздан қуды» дейді ол.

Қасымовтың айтуынша, Лондоннан келген таксиде жолаушылар кредиттік картамен терминал арқылы ақы төлей алады. Министрлік өкілі Намык Гасановтың айтуынша, «елге келген әр көліктің лицензиясы мен көлік министрлігінен алған рұқсаты бар». Оның сөзіне қарағанда, «озық шарттарға сай келіп, үздік қызмет көрсеткен компания жеңіске жеткен».

«Baghlan Group» барлық такси бизнесін өзіне қаратып алды. Қай компанияда жұмыс істейтініне қарамастан, барлық такси жүргізушілері салық пен лицензиялық төлемді тек Әзербайжан банкінің филиалына төлеуге тиіс. Мысалы, 30 жылдан бері такси жүргізген Элман Маммедов өткен жылдың қарашасында өзіне тиімді болғандықтан салық пен лицензия құнын басқа банкке төледі. Бірақ көлік министрлігі оның төлемін қабылдамай тастаған.

БАНК, ЖОЛ ЖӘНЕ.... СПОРТ

Осы уақытқа дейін көлік министрінің ұлы Анар Мамедов Әзербайжан банкінің 81 пайыз акциясына иелік жасайды деп айтылатын. Ал компания сайтында «Әзербайжан банкі «Baghlan Group» холдингіне кіреді» деп жазылған. Жақында Анар Мамедов сол акциядан бас тартты. Осы жылғы қаңтардың соңындағы дерек бойынша жаңа акционерлер – Хафиз Мамедовтің ұлы Кенан (43 пайыз), Санан (43 пайыз) және інісі Мубариз (13 пайыз).
Анар Мамедов қонақүйлер мен құрылыс жұмыстарын және сақтандыру компанияларын қамтитын «ZQAN Holding» директорлар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарады. Оны Әзербайжан банкінен біржола кетті деу қиын, «ZQAN Holding» менеджері Сеймер Исмаил – банктің директорлар кеңесінің төрағасы, ал бақылау кеңесінің мүшесі Руслан Мамедов – оның немерелес інісі және жеке адвокаты.

«Baghlan Group» компаниясының құрамына кіретін шағын фирмаларды санап тауысу қиын. Олардың көбі тасымал мен инфрақұрылым, құрылысқа маманданған. Мәселен, «Baki XXI Esr MMC» компаниясы – Бакудегі автовокзалдың қожайыны. Оның өзіне тиесілі екенін Зия Мамедовтың інісі Элтон Мамедов Азаттыққа берген сұхбатында айтты.

«Baghlan Group» баспасөз хатшысы Айгүн Гадырлының айтуынша, компания Бакудегі 2 мың 400 автобустың 500-іне ие. Көлік минстрлігінің баспасөз хатшысы Намык Гасанов мемлекеттің 186 автобус сатып алу үшін 30 миллион АҚШ долларын (445 мың манат) бөлгенін, көліктерді елдегі 50 компанияға үлестіріп бергендерін айтты. «Нақты қандай компанияларға бөлінді?» деген сауалға ол жауап бере алмады.

Компанияның сайты "Дилара Алиева, 230" мекенжайына тіркелген. Бұл – Әзербайжан мемлекеттік теміржолының да ресми мекенжайы. Сайтта: «Baghlan Group» ұлттық темір жол жүгін тасымалдау бойынша толық қызмет көрсетеді, жоспарлау, кестені дайындау, жүкті тиеу мен түсіру, жүк тасымалын басқару, кеденнен өтуге жәрдемдеседі. ТМД мен Ұлы Жібек жолына дейін, Шығыс Азиядан Батыс Европаға дейін шағын жергілікті топтан бастап халықаралық компанияларға дейінгі аралықта қызмет жасайды...» деп жазылған.

Компания автокөлік жолын салуға қатысады. 1 миллиард әзербайжан манаты (1,3 миллион АҚШ доллары) сомасы мөлшеріндегі келісімшартты да «Baghlan Group» ұтып алған.

Құрылыс пен көліктен басқа Мамедовтар отбасын спорттық мүдде де біріктіреді. «Baghlan Group» «Баку» футбол клубына демеушілік жасайды. Хафиз Мамедов – клуб президенті. Анар Мамедов – клубтың құрметті президенті. Ал Әзербайжан банкі мен «ZQAN Holding» клуб демеушілері қатарына кіреді.

Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Гасановқа «Екі Мамедовтің отбасын не біріктіреді?» деген сауал қойғанда ол: «Министр үшін тек Әзербайжанның мүддесі ғана маңызды» деп жауап берді.

Компанияның сайы «бағлан» деген сөз «қоғамда беделі бар адам» немесе «ұлттық тамырға байланысы бар» деген мағына береді деп жазады. Бұл сөзді «Baghlan Group» компаниясына қатысты екі мағынада да қолдануға болатын сияқты.

Дереккөз: azattyq.org

5 сәуір 2013, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.