Былтыр Атырау облысына жазда келуші туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда үш есе артып, 108 мың турист болған. Оның 94 мыңнан астамын қазақстандықтар құраса, қалғаны шетелден келушілер. Бұл туралы Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы Нұрбол ЖАҢАБЕКОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифнгте баян етті.
Оның айтуынша, облыстың әр ауданында туризмнің мәдени-танымдық (өңір тарихымен, салт-дәстүрімен таныстыру), спорттық-әуесқойлық (аң аулау, балық), этнографиялық, балалар-жасөспірімдер, экологиялық бағыттарын дамыту мүмкіндігі бар.
Н.Жаңабеков туристердің қызығушылығын тудыратын орындарды атап өтті. Олар: Махамбет ауданындағы «Ортағасырлық Сарайшық» қалашығы, Индер ауданындағы Тұзды көл, Махамбет Өтемісұлы мазары, Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымы, Құлшан ата, Аралтөбе қорғаны («Алтын адам» табылған), Ақкерегешін, Иманқара таулары, Құрманғазы ауданы Қиғаш өзенінің жағалауындағы Лотос алқабы, Исатай ауданындағы Нарын құмдары, Атыраудағы «Ақжайық» мемлекеттік-табиғи резерваты.
Оның айтуынша, бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, туризм саласында 10,8 млрд теңгеге 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 338 жұмыс орны құрылмақ. «Сарайшық» сапар орталығы (құрылысы сәуір айында аяқталады деп жоспарланып отыр) бюджет есебінен салынса, қалған 8 жоба жеке инвестиция есебінен салынып жатыр.
- Қазіргі таңда 4 жоба іске қосылды (Атырауда «Нұрлы тал» этно-паркі, Құрманғазы ауданындағы 2 туристік-демалыс базалары, Мақат ауданындағы кемпинг). Одан бөлек, 2022 жылы жеке инвестициялар есебінен қонақ үйлер, туристік демалу базалары мен ойын-сауық орталықтары салынды. 2022 жылы туризм саласын цифрландыру мақсатында 6 туристік нысанға QR кодтар орнатылды. Туристер 5 тілде ақпарат алуға және 3D тур жасау мүмкіндіктеріне ие болды, - дейді Н.Жаңабеков. - Қонақ үйлер, мейрамханалар, тамақтану орындарының қызмет көрсету сапасының төмендігіне байланысты шағымдар айтылып жатыр. Осы орайда, осы саладағы білікті тренерлерді шақыртумен 2022 жылы қонақ үйлер мен мейрамханалардың 50 қызметкерлерінің біліктілігі арттырылып, арнайы сертификаттар табыс етілді. Сонымен қатар, 11 туристік нысанға жол көрсеткіштер мен 12 ақпараттық стендтер орнатылды.
Оның айтуынша, «Ортағасырлық Сарайшық» қалашығы күннен-күнге танымал болып келеді: егер 2021 жылы оған 12 мың адам барса, 2022 жылы - 18 мыңнан астам келген.
Айнұр САПАРОВА