Атырау, 25 қараша 14:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Билеттер бар, GPS-ты күтеміз

2 334 просмотра

Бүгін, 3 сәуірде «АйсТрансХолдинг» ЖШС Атырау қаласындағы өз маршруттарына ай басында енгізілген жаңа өзгерістерімен таныстырды. Журналистермен бірге қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ те Daewoo маркалы жаңа автобуспен қаланы аралап көрді.

Дәлірек айтқанда, кәсіпорын тендер шарттары бойынша орындауға тиіс болған 6 тармақтың 4-уі бойынша есеп берді. «Жаңа автобустарды сатып алу», «бір реттік жол жүру билеттері» және «жүргізушілер мен кондукторлар үшін формалы киімдер енгізу» тармақтары орындалды деуге болады, GPS навигаторының жүйесін енгізу жобасы әзірленуде. Әзірге тек екі тармақ орындалмаған: маршруттарды оңтайландыру мен аялдамаларда анықтамалық ақпараттарды (маршруттар сызбасы, қозғалыс кестесі) орнату.

Қалада 8 тасымалдаушы бар. «АйсТраснХолдинг» ЖШС – олардың ең ірісі. Ол 34 маршруттың 20-сына қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 180 адам жұмыс істейді. Күн сайын маршруттарға 200-дей автобус шығады. Наурызда тасымалдаушы Семей автокөлік зауытында шығарылған Daewoo маркалы жаңа он автобусты несиеге алып, 1 сәуірден бастап орталық бағыттағы №14 маршрутқа бөлген. Таяу айларда 20 жаңа автобусты, жыл аяғына дейін тағы 50 автобусты сатып алу жоспарланып отыр.

- Жаңа Daewoo автобустары – бұлар 20 орынға ұзартылған (10,5 метр) нұсқасы. Оларға қозғалыстарына бақылау жасайтын GPS жүйесі орнатылған. Бұдан басқа, GPS аялдамалардың атауын автоматты түрде хабарлап отырады, - дейді  «АйсТрансХолдинг» ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВ.

1 сәуірден бастап ЖШС бір реттік жол жүру билеттерін беру тәжірибесін енгізді. Билеттерді Алматыға тапсырыс беріп жасайды. Ол түсі бойынша ерекшеленген: көк – толық билет, қызыл – зейнеткерлер үшін жеңілдік билеті (оларда 50 пайыздық жеңілдік бар). Бірақ кейбір кондукторлар өз түсімдерінің мөлшерін жасыру үшін жолаушыларға билет бермеуге тырысады екен.

- Мұндай жағдайлар бар, - деп жоққа шығармады қала әкімі Серік Айдарбеков. – Біз алақол кондукторларды жазалап, тасымалдаушыға қатысты әкімшілік шаралар алатын боламыз. Бірақ жолаушылардың өздері де өз билеттерін талап етіп, белсенділік танытулары керек.

Автобус жүргізушілерінің аялдамаларда жарты сағаттап тұрып, салонды лық толғанша тиейтін әдеттері қала тұрғындарының үнемі наразылықтарын тудырады. Ал, М. Сүйіновтің айтуынша, әр аялдамада аялдау уақыты 2 минуттан аспауы тиіс. Бұл тәжірибені М. Сүйінов GPS жүйесінің көмегімен түбірімен жоюға үміттеніп отыр. Оның көмегімен тасымалдаушы маршруттарды оңтайландырып, жолаушылардың сұранысы бойынша және жолдағы жағдайларға қарай жаңа маршруттарды енгізуді жоспарлап отыр. Егер көшедегі қозғалыстар үнемі кептелістер салдарынан қиындап кеткен болса, онда маршрутты басқа, анағұрлым қозғалысы аз көшелермен жүргізу нұсқасы қолданылуы мүмкін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

3 сәуір 2013, 20:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.