Атырау, 30 қараша 10:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Ұлттық күреске демеуші керек

6 945 просмотра

Исатай-Махамбет алаңында өткен Наурыз мерекесінде палуандардың тартысты белдесулері өтті. Бүгінде қазақ күресі саласында қандай жаңалықтар бар? Біз ұлттық күрес федерациясы президентінің міндетін атқарушы Есенқос ЗҰЛҚАНОВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

- Жақында Қызылорда облысы Шиелі кентінде 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Онда біздің Руслан Ізғалиев 81 келіге дейін салмақта күміс жүлдегер атанды. Тағы бір 64 келіге дейін салмақта қатысқан палуанымыз Дулат Қабдығали, менің ойымша, облыс қоржынына кем дегенде күміс жүлде салар еді, алайда оған ширек финалда төреші әділетсіздік жасады. Чемпионат аяқталғаннан кейін бапкеріміз Айбек Серғазиев төрешілер алқасына қарсылық білдірді. Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары Дулаттың екі лақтыру әдісін санамай қалғанын растады. Алайда төреші ешқандай жауапкершілікке тартылмады.

- Қазақ күресіне биыл енгізілген ережелерде қандай өзгерістер бар?

- Халықаралық күрестің біріккен стильдері федерациясы (FILA) қазақ күресі жарыстарындағы салмақтық санаттардың санын 7-ден 5-ке дейін азайтты. Енді көптеген палуандар өздерінің алғашқы салмақтарын өзгерту үшін қосымша күш жұмсауға мәжбүр болып отыр.

Биыл бірінші рет 1998-99 ж.т. кадеттер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Біздің Саят Қайырғалиев ел чемпионы болса, Асыланбек Төлеуұлы мен Есімхан Табылдыұлы «қолаға» қол жеткізді. Біздің командамыз 16  өңір ішінен 5-орын алды.

Қазір тағы да алғаш өткізілгелі отырған жастар арасындағы (23 жасқа дейін) Қазақстан чемпионатына дайындалудамыз. Маусымда дәстүрлі ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сәуірде Ақтөбе қаласында Қазақстанның Жастар ойыны болады, оның бағдарламасына қазақ күресі де қосылған.

- Қазақ күресін Олимпиадалық ойындар бағдарламасына қосуға ұсыну ісінде қандай ілгерілеушіліктер бар?

- Жақында Тогода қазақ күресінен Африка чемпионаты өтті. Оған республикалық федерация өкілдері қазылық етуге барды. Қазір қазақ күресін әлемге насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. Қазірдің өзінде үш әлем чемпионаты, Әлем кубогы, бес Азия чемпионаты өтті. Сонымен қатар, қазақ күресі 2013 жылы Қазанда өтетін Универсиада бағдарламасына енгізілді. Егер қазақ күресін 80 елде және төрт құрлықта мойындайтын болса, онда біздің күресімізді Азия Ойындары бағдарламасына енгізетін болады. Бұған көп уақыт қалған жоқ деп ойлаймын. Содан кейін Олимпиадаға жол ашылады.

- Былтыр атыраулық дзюдошы Кенжебек Күзембаев республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде 34 палуанның ішінен 5-ші болды. Биылғы жылы болатын осы турнирде атыраулық күресшілерден қандай нәтиже күтесіз?

- «Қазақстан Барысы» турнирінің ұйымдастырушылары ұлттық күресіміздің дамуына үлкен серпіліс берді. Бұл самбо, дзюдо және күрестің басқа түрлері өкілдерінің спорттық өсуіне үлкен себеп болып отыр. «Қазақстан Барысы» атағына ие болған адамға 150 мың доллар ақшалай сыйлық берілетіні көп нәрсені білдірсе керек. «Қазақстан Барысы» атағын екі дүркін жеңіп алған палуан олимпиада чемпиондарына берілетін «Барыс» орденімен марапатталады. Әзірге бұл турнир екі рет өтті, екеуінің жеңімпазы - екі адам. Биыл «Қазақстан Барысы» бұрынғыдай күзде емес, 30 маусымда өтеді.

Жақында «Барыс» қалалық іріктеу турнирі болады. Ал мамырдың басында облыстық турнир өткізіледі. Былтыр оны       К. Күзембаев ұтқан. Биылғы жылы оның қарсыластары жеткілікті. Бұлар: Қайрат Өтеген, Ринат Лұқпанов, Дастан Қарасаев, Дастан Бақтыбай, Нұрбек Қожағалиев, Сұңғат Закарьев және тағы басқалар. Проблемаларымыз да жеткілікті. Бізде күз айларында Киевте жастар арасында және Германияда ересектер арасында екі әлем чемпионаты жоспарланған. Бұл жердегі мәселе, республикалық федерация облыстық федерациялардан жинайтын жарналары мөлшерін 450 мыңнан 600 мыңға дейін өсіріп жіберді. Жарнаны төлемесек, біздің өкілдеріміз осы чемпионаттарға қатыса алмайды. Төлеу мерзімі – жаз басталғанға дейін. Демеуші керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.