Атырау, 30 қараша 10:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Спорт жаңалықтары

4 651 просмотра

Қарағандыдағы табыс

Қарағандыда көркем гимнастикадан Қазақстан Кубогында облыс құрамасы үлкен табыстарға жетті.

Әйгерім Сахимова, Әсем Бурбаева, Айдана Шакенова, Әзиза Юлдашева және Лаура Бауыржанова топтық доппен жаттығуда  2-орын, шеңбермен жаттығуда 3-орын алды.

Жеке бағдарламада 2013 жылғы Қазақстан чемпионы Айдана Шакенова лентамен жаттығуда жеңімпаз, шеңбер және күрзімен 2-орын, доппен жаттығуда 3-орын алды. Яна Хаметова да табысты өнер көрсетті, ол доппен жаттығуда финалға шықты.

Қазақстан Кубогымен қатар Қарағандының ашық чемпионаты өтті. Оның қорытындысы бойынша А. Шакенова 1-орын алса, Я. Хаметова мен Жадыра Мағазова 3-орын, Люция Алпанова, Эльнара Нуршаева және Аягөз Романовалар 5-орын алды. Құрама қоржынында барлығы 6 медаль және 20 диплом бар.

***

 

Атыраудағы ақтық сын

2-БЖСМ-нің Жұмыскердегі И. Тайманов атындағы мектепте орналасқан грек-рим күресі секциясының шәкірттері 1997-98 және 2000-02 ж.т. жасөспірімдер арасында өткен Маңғыстау облысының ашық біріншілігіне қатысты.

Айдын Елемесов пен Қоныскерей Қоржын 24 келіге дейінгібір салмақта өнер көрсетті. Екеуі де төрт қарсыласын оңай ұтып, ақтық айқаста кездесті. Финалда Айдын мықтырақ болды. Осылайша, Айдын «алтын», Қоныскерей «күміс» алды. Ал Дәулет Қалиев (35 келіге дейін) пен Есет Құмар (38 келіге дейін) қола медалға ие болды.

***

 

Төл сайыс

«Атырау» ДСК-нде балабақшалар мен мектеп шәкірттері арасында облыстық спорттық-зияткерлік эстафетаның финалдық ойындары өтті.

Көңілді ойындар мен мектеп бағдарламасынан біліктілік пен тапқырлыққа арналған қызықты тапсырмалардан тұратын бұл турнирді облыстық Дене шынықтыру және спортты дамыту өңірлік орталығы ойлап тапқан болатын. Алайда бұл идея басқа қалалардан қолдау тапқан жоқ, сондықтан да, міне, 5 жылдан бері бұл балалар эстафетасы Атыраудың бойтұмарына айналды.

Мектеп жасына дейінгілер арасында Исатай ауданының командасы үздік болды, 2-орынды Мақат ауданы балалар командасы алса, 3-орынды Атырау мен Махамбет ауданы командалары бөліске салды. Оқушылар арасында да Исатай ауданы жеңімпаз болса, 2-орынды Мақат ауданы, 3-орындыЖылыой ауданы иеленді.

***

 

Қыздар да хоккей  ойнайды

22-24 наурызда Мұз сарайында 2001 ж.т. және одан кішілер арасында шайбалы хоккейден «Наурыз Кубогы» өтті.

Турнирге «Бейбарыс-1», «Бейбарыс-2», «Уралец» (Орал), «Каспий» (Ақтау) және «Астраханские ястребы» командалары қатысты. Алғашқы екі күнде алдын ала матчтар өтті. Бәсекелестік өте күшті болды, «Бейбарыс-1» жарыстан шығып қалды. «Қола» үшін болған ойында астрахандықтар ақтаулықтардан 3:2 есебімен басым түсті.

Финалда «Бейбарыс-2» мен «Уралец» кездесті. Матчтың негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Арбитрлер овертайм белгілемей, жеңімпазды буллит арқылы анықтауды жөн көрді. Мұнда алаң иелері дәлдік көрсетті.

Асылан Мұрзабаев, Данияр Шубаев, Алексей Абакумов (Алеша алғашқы ойындардың бірінде аяғын жарақаттап алды және достарына жанкүйерлік етуге гипспен күнде келіп жүрді), Даниил Бакалдин, Артур Увалиев, Сергей Трофимов және Жанель Казгулова (турнирге қатысқан жалғыз қыз) турнирдің үздік ойыншылары атанды.

***

 

Алматыдан келген екі жүлде

Алматыдағы Оқушылар үйінде Қазақстанның жекпе-жек федерациясы президенті Сабыржан Махметовтың басшылығымен ұйымдастырылған ұлттық жекпе-жек спорт түрінен оқу-жаттығу жиындары және олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне республикалық ашық турнир өтті.

Жарыстарға Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бәйгеге айрықша жүлделер тігілді.

Атырау намысын У-шу федерациясының аралас жекпе-жектер бөлімі қорғады. 60 келіге дейінгі салмақта бизнес және құқық колледжінің студенті Алпамыс Адиатов «күміс» иеленсе, 90 келіге дейінгі салмақта күзет қызметінің қызметкері Амангелді Бекқалиев «қолаға» қол жеткізді. Жүлделі орын алмаса да, Дәурен Құсайынов, Архат Мыңбаев, Нұрберген Шарипов, Жандос Қасымғалиев, Есен Құрақбаев және Аманат Қабдрахмановтар жақсы өнер көрсетті. Спортшыларды Қазақстанға еңбек сіңіргенбапкерЕрікқали Қойшекенов пенаралас жекпе-жектер бөлімінің жаттықтырушысы Асқар Үмбетов дайындады.

***

 

Бәрі де медальмен оралды

2-БЖСМ-нің үш шәкірті Астрахан облысы Қарабайлы қаласында өткен 1995-96 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан бүкілресейлік ашық турнирдің жеңімпазы атанды.

Спорт мектебі жарысқа 6 боксшы алып барды және барлығы да медальмен оралды. Диас Құзаиров (56 келіге дейін), Ақниет Қаршыгеев (64 келіге дейін) және Нұрлан Жұмашев (69 келіге дейін) «алтын» алса, Сұлтан Дәулетов «күміс», Біржан Бисекенов (52 келіге дейін) және Мансур Ахаев (60 келіге дейін) «қола» иеленді. Балаларды Б. Көшенов, С. Мұхаметжанов және М. Абсенов жаттықтырады.

***

 

Каникулдағы белдесулер

Қалалық білім беру бөлімінің 1-БЖСМ күрес секциясының шәкірттері мектеп каникулы кезінде де жай табар емес.

1-БЖСМ-нің 1999-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан жеке біріншілігіне 100-ден аса бала қатысты. Заманбек Әмірбай (24 келіге дейін), Айбек Құсанов (27 келіге дейін), Нұрғанат Серікбаев (30 келіге дейін), Мәди Мәжит (34 келіге дейін), Абылай Түгелбаев (38 келіге дейін), Жігер Алмасов (42 келіге дейін), Ерлан Қазиев (46 келіге дейін), Ризабек Баяров (50 келіге дейін), Райымбек Ізімов (55 келіге дейін)  және Ерасыл Әлжанов (55 келіден жоғары) турнир жеңімпаздары атанды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.