Биыл маусым айына дейін қала аумағындағы халық тұрып жатқан бау-бақша қоғамдарына егжей-тегжейлі жоспар жасалып, саяжайлардың нысаналы мақсаты жеке тұрғын-үй құрылысына ауыстырылмақ. Алайда саяжайларда халық өте тығыз орналасқандықтан, инфрақұрылымдарды жүргізу үшін кейбір тұрғындар үйлерін мемлекет қажеттілігіне беруі тиіс.
ТҰРАҚТЫ ТҰРУ ҮШІН ЕКІ МЫҢДАЙ САЯЖАЙ
Атырау ауылдық округі аумағында 8 (КСМ, Мелиоратор, Химик, Судоремонтник, Рыбник, Уралкаспрыбвод, Железнодорожник, Речник) саяжай алабы бар. Онда 1971 саяжай учаскесі орналасқан.
Еске сала кетсек, бұған дейін тұрғындар электр желілерінің ескіріп, көшедегі ескірген бағандарда жиі өрт болатынын, балшық күндері балалар мектепке бара алмайтынын айтып, мәжіліс депутаттарына шағымданған еді. Сол кезде бау-бақша үшін берілген жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылымдар жүргізуге бюджеттен қаражат қаралмайтынын ескерткен депутаттар, саяжайдың нысаналы мақсатын тұрғын-үй секторына ауыстыру қажеттігін айтқан еді. Содан бері бір жыл уақыт өтті.
Атырау аумағындағы бау-бақша қоғамдарының егжей-тегжейлі жоспарын жасақтауды биыл алматылық «АтсГрад» ЖШС мекемесі ұтып алған. ЖШС қызметкерлері қалалық әкімдіктің мамандарымен бірге «Жаңаталап» мәдениет үйінде тұрғындарымен қоғамдық талқылау өткізді.
Жобалаушы мекеме тұрғындарға 4 түрлі жобалық ұсыныс алып келген. Мәселен, жобалардың бірінде бірнеше үйді мемлекет қажеттілігіне алу арқылы босаған жерлерге стандартқа сәйкес кең жол төселіп, балабақша, мектеп құрылысын жүргізу көзделген.
Бұл ең өзекті тақырып болды. Ал тағы бір жобада үйлерді біріншіге қарағанда азырақ сүру қарастырылған, бірақ онда инфрақұрылым да аз болады. Тыңдау барысында тұрғындардың басым бөлігі екінші нұсқаны қолдаса, кейбірі үйлерге тиісудің қажеті жоқ – осы тар көшелерге асфальт төселсе жеткілікті дейді.
АЙНАЛАТЫН ЖЕР ЖОҚ
Жобалаушы «АтсГрад» ЖШС архитекторы Қасиет ТАШИМБЕТОВТЫҢ айтуынша, көшелерге жол салу үшін көшенің ені кемінде 10 метр болуы шарт:
- Қазіргі кезде бұл аумақта көптеген көшенің ені 4-5 метрден аспайды. Архитектор ретінде ұсынатын нұсқам, барынша аз үйді бұзу арқылы көшеге инфарқұрылым жүргізетін орын ашу. Мемлекет қажеттігіне аз үйді алғанның өзінде көше жолдары кейбіріңіздің үйіңіздің қабырғасына тақалып өтеді. Ал, әлеуметтік нысандарыңыз тұрғын-үй алқабынан бөлек жолдың келесі бетіне орналасады.
Қала әкімінің орынбасары Ерболат УМАРОВТЫҢ сөзінше, таныстырылған нұсқалар жобалық тұрғындарға ұсыныс ретінде жасалған. Ол халықтың ұсынысына байланысты өзгертіліп, мамыр айының соңында тағы да талқыға салынады.
- Аталған егжей-тегжейлі жоспардың барлығы бас жоспарға өзгеріс енгізу аясында жасалады. Қазіргі кезде бас жоспарды өзгертуге конкурс жарияланды. Егер үкімет бас жоспарды өзгертуге рұқсат берсе, сіздермен келіскен егежей-тегжейлі жоспарымыз бас жоспарға енеді. Алайда егержей-тегжейлі жоспарымыз сараптамадан оң қорытынды алу үшін заңдағы нормативтерге сәйкес болу керек, - деді Е.Умаров.
«ЕҢБЕГІМ БАҒАЛАНА МА?»
Қанағат ТАЙГУЛИНА, тұрғын:
- Мен Железнодорожник бау-бақшасындағы жерімді кезінде күл-қоқыстан өзім тазартып, сол жерге 20 жылдан бері талдың түрін өсіріп келемін. Егер сүрілу қажет болса, бір талды қаншаға бағалайсыздар? Еңбегімнің ақысы төлене ме? Одан бөлек көшеміздегі ағаш электр бағандарының орнына өзіміз тұрғындар болып бетон столбалар орнатып, пластик тұрбаларға ауыстырдық, бұлар ескеріле ме?
- Мемлекетке берілген әр жер учаскенің орнына соған тең жер учаскесі немесе нарықтағы бағасымен қаржылай есептеледі. Сол кезде заңдастырылған әр талыңыз есептеледі. Жеке меншік жеріңізді, оның үстіне орналасқан құрылысыңызды заңға сәйкес тәуелсіз мекемелер бағалайды. Егер оның бағалауына келіспесеңіз, сотқа бере аласыз, - деді Е.Умаров.
«Химик» бау-бақша қоғамының тұрғыны Бауыржан ПАЗЫЛОВ:
- Огородныйда да жеке тұрғын-үй секторына ауыспаған жерлер бар. Ол жақтағы тар көшелерге кезінде қалай жол төселді, ол кезде неге заңға жүгінбедіңіздер? - деген сұрақ қойды.
Бұл сұраққа әкімдіктен келген өкілдер бұрын атқарылған іске жауап бере алмайтынын жеткізді.
- Жобалаушы мекеме оны Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес жобалайды. Егер оған халық келіспесе, онда бұл жаққа инфрақұрылым жүргізуге мүмкіндік жоқ, - деді жобалаушылар.
Атырау әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде Бас жоспарға оңтүстік айналма жол құрылысын енгізу жоспарлануда. Бұл жол Астрахань трассасынан шығып Нұрсаяның, Еркінқаланың, Дамбы мен Тасқаланың сыртын айналып, Бірліктен асып Доссор трассасына қосылады. Осы орайда Жайықты кесіп өтетін автокөлік көпірі Зарослый маңынан салынады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор