Атырау, 27 желтоқсан 00:31
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

"Бұл саяжай емес, мұнда біз тұрып жатырмыз!"

Сурет Бейнежазба
2 328 просмотра

«Химик-Атырау» бау-бақша серіктестігінің 50-ге жуық тұрғыны ауылдарына әкімдіктің назары аумайтынын, тіпті мәселелері елеусіз қалып жатқанына наразылық білдіріп, Атырау қаласында жүрген мәжіліс депутаттарымен кездесті.

Тұрғындармен кездесуге мәжіліс депутаттары Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, Сәлімжан НАҚПАЕВ, Нұрлыбек ОЖАЕВ және қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары келді.

Химиктіктерді толғандыратын басты мәселе - тұрғын үйлердің үстінен жүріп жатқан жоғары кернеулі электр сымдары мен бағандарының қауіпті жағдайы. Олардың айтуынша, бұл бағандар 30 жылдан бері ешқандай балансқа алынбай иесіз тұр. Екіншіден бағандар бетоннан емес, ағаштан қойылған.

Бауыржан Пазылов (суретте сол жақта)

- Жоғары кернеулі сымдар ауламыздың үстінен өтіп жатыр. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Электр бағандарына күтім жасалып жатқан жоқ. Былтыр жаз айында осы бағандардың бірінен өрт шығып, жанып кетті. «Атырау-Жарық» пен әкімдікке бірнеше рет айтсақ та әлі назарға алынбай, иесіз тұр, - дейді жергілікті тұрғын Бауыржан ПАЗЫЛОВ. 

Одан кейінгі мәселе - ауыл ішінде жол жоқ. Жаңбыр жауса, көше батпаққа айналады. Ал бұл жерге жол төсеуге кедергі болып тұрған мәселе - аумақтың бау-бақша серіктестігі болып аталуы. Бюджеттен қаржы қаралатын елді-мекен статусын беру үшін жеке тұрғын үй секторы ретінде қайта құжат жасату қажет. 

- Бау-бақша қоғамы деп аталғанымен бұл жерде 80 пайызға жуық халық тұрақты тұрып жатыр. Кезінде жарық, газ, су тартуға рұқсат берілген соң, осы жерімізге тұрғын үй салып қоныстандық. Өзіміз жиналып трансформатор сатып алдық, жарықты да өзіміз жүргіздік. Енді қазір бұл жерде үй көбейді, 2500 адам тұрады. Әлде сіздер бюджеттен қаржы бөлмейтіндей бұл жерден бақшаны көріп тұрсыздар ма? Бізге елді мекен стасусын беріңіздер, - дейді тұрғындар.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат УМАРОВ жоғары кернеулі иесіз электр бағандарын әкімдіктің балансына алу бойынша өзі жұмыстанатынын жеткізді.

- Көтерілген мәселені шешу бойынша жақын күнде комиссия құрып, оған тиісті мекеме басшыларымен қатар тұрғындар арасынан белсенділерді мүше қылып енгіземіз. Одан кейін кезең-кезеңмен оның ішінде республикалық деңгейде (қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша) тиісті жұмыстар жүргіземіз. Алайда, бұл жұмыстар жүзеге асқанын күтіп отырмай, биыл ескі асфальт кесінділерінен 2-3 көшенің жолын тегістеп береміз, - деді Е.Умаров.

Кездесу барысында тұрғындар мәжілістен келген депутаттарға, кезінде Атырау қаласын басқарса да тұрғындармен кездесу өткізіп, мәселесін тыңдамағанын ашынып айтты. Ал, мәжіліс депутаттары аталған проблемаларды назарға алатынын жеткізді.

Сәлімжан Нақпаев:

- Президенттің тапсырмасымен «Жаңа Қазақстан» деп аталатын топ құрылды. Біз сол топтың мүшелері боламыз. Елді-мекендерді аралап, шешілмей жатқан мәселелеріне көңіл аудару үшін бүгін арнайы кездесуге келіп тұрмыз. "Химик" БҚ елді-мекен статусын беру жөніндегі ұсыныстарыңызды қарастырып, жұмыстың жүру барысы жөнінде ақпараттандырып отырамыз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

23 ақпан 2022, 01:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.