Бұдан былай «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңына сәйкес, Атыраудағы ірі және шағын наубайханаларды СЭС мамандары жылына бір мәрте ғана тексереді.
Бұл туралы облыстық санитарлы-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің ұйымдастыруымен наубайхана иелерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесінде айтылды.
– Егер де сіздердің өнімдеріңіздің санитарлық талаптары мен стандартты қағидалары сақталатын болса, мүлде бармаймыз. Ондай дәрежеге жеткендер бар деп ойламаймын. Бірақ соған ұмтылуға тиіссіздер. Шетелде өнеркәсіп өндіруші заң алдында өзі жауап береді, яғни біздегідей тексеріс жоқ.Сондықтан әрбір адам өз тазалығына жауап беруі тиіс, - дейді департамент директорының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Талқыға салынған басты тақырыптардың бірі - астық сапасы жайлы болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, Қостанайдан жеткізілетін астық сапасы өте нашар.
Жиын соңында А.Жұмағалиев кәсіпкерлерге қарата, өз өтінішін жеткізді:
- Байқайтыным, шағын наубайханаларда өзбек, қарақалпақ ұлтының жұмысшылары нан пісіреді. Ал бізде қаншама адам жұмыссыз жүр? Бәлкім олардан ауру тарала ма, кім білген. Әсіресе, туберкулез. Тұрғылықты мекен-жайы мен дәрігерлік анықтамаларын мұқият қараңыздар.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА