Атырау, 27 желтоқсан 07:21
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Коза Ностра түнектен шықты

4 798 просмотра

Бұл топ шынымен де халықаралық синдикатта тұр. Дон Украинада отырып алып, 9 елдегі бөлімшелеріне басшылық етеді. Әр тоқсан сайын мафиялық жиынға ықпалды отбасылардың басын қосады. Наурызда Киевте өткен соңғы кездесуде осы жердегі әулет басы АРЧИ-ЛАПША (суретте) қола жүлдегер боп оралды. Ол көпшілікке белгілі зерделі-рөлді «Мафия» ойыны бойынша әлем чемпионатында үшінші орынды иеленді.

 

ЕРЕЖЕЛІ ОЙЫН

- Бұл біздің команданың «Mafia World Championship» ойынына екінші рет қатысуы, - деп әңгімелейді «Мафия» зерделі ойынының Атырау Федерациясының «өкіл әкесі» Артур ТАСУНЬЯН.

Ол қарапайым боп көрінуге тырысып-ақ отыр. Бірақ ол үшін «қоланың» үлкен жетістік екенін көріп отырмын. Өйткені Атырау командасының құрылғанына бір жыл болды, ал чемпионатқа 12 жылдық өтілі бар ойыншылар келіп қатысады. Соңғы турнир түрлі елдердің 160 ойыншысынан тұратын 40 командасын жинаған.

- Халықаралық деңгейде ойынға қатыса алатын маф-клубтарға сертификат беретін ойын федерациясының негізі Украинада қаланды. Әлем чемпионаттарына Польшадан, Ресейден, Молдовадан, Белоруссиядан, Приднестровьядан, Германиядан, Израильден, Украинадан командалар қатысқан. Өткен жылдан бері ол жерде Қазақстанның атынан тек біздің атыраулық команда ғана бой көрсетті. Өйткені Қазақстанда федерация сертификаттаған және классикалық ережемен ойнайтын бізден басқа бірде-бір маф-клуб жоқ, - дейді Артур.

- Сіз тым асқақ айтып кеткен жоқсыз ба? Алматы мейрамханаларында осыдан алты жыл бұрын достарымызбен «шерифтер» мен «дондар» боп ойнаған едік.

- Классикалық ереже бойынша ма? – деді Артур менің сөзімді іліп алып. - Әлде «жезөкше», «маньяк», «реаниматор» және басқа да нақышты кейіпкерлермен бе?

- Иә, солай.

- Бұл тілдік ерекшелік секілді. Сіз «диалектімен» ойнайсыз, ал нағыз мафияны ереже жинағы бойынша ойнайды: бұл аз да емес, көп те емес, он адамнан тұрады. Жеті бейбіт азаматтар, «қызылдар» және үш «қара» - мафиоздар болады. Ойынды жүргізуші жүргізеді. Бәрі егжей-тегжей жазылған. Үстел басында айтуға болмайтын сөздер мен ишаралар бар. Өте қатаң айыппұл санкцияларының жүйесі де бар. Үшінші рет ескерту берсе, отырыста сөз алу мүмкіндігінен айырыласың, ал төртіншісінде, ойыннан шығасың. Ойын туралы, шынымен де, бәрінің дерлік түсінігі бар (Гуглдан «Мафия» туралы іздегенде 31,4 млн сілтеме шығады – З.Б.). Бірақ бұл адамдарды бір үстел басына отырғызсаң, ойынға бөлінген уақыттың бәрі тек оның ережесін түсіндіруге және бір қорытындыға келуге кетеді. Бұл маф-клубтың бар екендігін жариялағым келген бір себеп: велосипедті ойлап шығарудың қажеті жоқ екенін, классикалық Мафияның нақты ережесі бар екенін адамдар білсе деймін. Өйткені біз бір орында тұрмаймыз, мамырда қала чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол жерге, мәселен, Мәскеу командасын шақырамыз. Жалпы, республикалық деңгейге шығып, болашақта Қазақстан чемпионатын өткізгіміз келеді. Бұл - салыстырмалы түрде жаңа, бірақ келешегі бар мәселе.

- Ендеше негізгі ережелерін санамалап берсеңіз.

- Бұл газеттің тұтас бір бетін алатын шығар, - деп қарқылдап күлді Тасуньян. – Қызығушылық білдіретіндер оны www.mafia-club.com сайтынан таба алады.

 

POKER FACE

- Бұл жай ғана қызықты рөлдік ойын ғой, бәрін қиындатудың қажеті қанша?

- Сіз аңғалдық танытып отырсыз. Іс жүзінде бұл ең алдымен зерделі, психологиялық және шынымен де күрделі ойын.

- Міне, міне, «зерделі» деген түсінік мені абыржытып тастады.

- Ең қиыны – ойынның математикалық үлгісін тұрғызу, есеп жүргізу. Қызыл ойыншылар үшін тағы бір қиындық – олар мұның командалық ойын екенін ұғуы тиіс. Мұны анағұрлым ұйымдасқан оппоненттер – мафиялар пайдаланады. Бұл - әрі шоу, әрі тіршілік үшін күрес, әрі маскарад.

Өзіңді ұстай білуің, бәсекелестеріңді алдап-арбай білуің керек. Сонымен қатар математикалық есеп жүргізіп, комбинацияларды есептеп, балансты жинақтау керек.

- Покерге ұқсайды ғой.

- Егер қара карта түскен болса, тек рөлдік карталарды тарату жүйесімен және қоқан-лоққы жасай білумен, бетперде киіп, жаңылыстыру қажет. Іс жүзінде ойын баспен жұмыс жасағысы, басын ауыртқысы келмейтіндерді, ойын тұжырымдай алмайтындарды «қағып тастап» отырады. Сауатты, дұрыс қойылған сөз керек, иландыра білу қажет, актерлік шеберлік артықтық етпейді. Бізде кейде осындай құштарлықтың қайнап жататыны сондай, ойын бөлмесін «кастрөл» деп атайды. Үстел басында быт-шыт болып отбасылық жұптар, ескі достар ұрсысып жатады, кейбіреулер жылап та үлгереді... Бірақ үстел басынан кетсе болды, ұрыс-керіс ұмытылып, бәрі қолданылған тәсілді бейбіт талқылауға көшеді.

Мен клубқа екі рет барып, олардың қалай тарасқанын көрдім. «Талқылау» деген сыпайы сөзбен Арчи-лапша текетірес мағынасын боямалайды. Қазақстанда қаруға тыйым салынғаны мұндай жақсы болар ма еді. Бұл жерде есімдер де жоқ, тек лақап аттар ғана: үстел басына мырзалар Гугл, Мамма миа, Пять копеек, Джон Каза, Коре Ностра, Радистка Кэт, Бэлла мафия… отырады.

Клубтың тұрақты резиденттері 50 шақты, «Подозрительные лица» маф-клубы «Шесть 6/8 Восьмых» караоке-барының кабиналарының бірін жалға алады. Сағат 20.00-ден 01.00-ге дейін, демалыс күндері – соңғы «атысқа» дейін ойнайды.

САҒАТТЫҚТРИЛЛЕР

Бақылаушы үшін бұл - криминалдық драма, ойыншы үшін – хичкок триллері. «Өле-өлгенше» немесе құлақ тұндырарлықтай жеңіске жеткенше – сен екі есе құрбандықсың, өйткені салқын қанды жендеттер мен Линч сотына құмартқан тобырдың үнемі нысанасында боласың.

…Мазасыз «түн» өтіп, қала үшін кезекті беймаза күн басталады. Ойыншылар көздерін ашады. Біреулер тағы да о дүниелік болса, тірі қалғандарға дауыстап пайымдау үшін бір минут уақыт беріледі. Ойыншыларға қараудың өзі аянышты. Көздері жанталаса жалт-жұлт етіп, кейде шарасынан шығып кетердей болып, беттері қызара, қолдарын сермелей бастайды. Олардың жасанды күлімсірегендері мен дыбыссыз айқайлағанда ашылған ауыздары мұны алғаш рет бақылап отырған жандардың күлкісін келтіреді.  

«Жарыместер» деп еріксіз мырс етесің. Қараңғылықтан шығып, үстел маңына келіп, өткір сары түсті шеңберге өзің келіп отырған кезде, сұрақтар қойғанда, қорғанғанда, тіпті балағат сөз айтқанда (сені, қып-қызыл бейбіт тұрғынды, сайтан алғыр, өз адамың «батыра» бастаған кезде, жаман сөз айтпасқа амалың жоқ) тек қолыңды сермелей бастайсың.

- Ишаралау тілі кәнігі ойыншылардың күнделікті өміріне еніп кеткен, - дейді Арчи.

Иә, солай. Қолдарын драмалық түрде майыстырып, көзін төңкеріп, ернін үйіріп, саусағын бүгіп, ренжіткен жанның бетіне тақап әкеліп шошайтып селкілдетеді... Бұл қызықты қойылым, бар болғаны, «Не үшін?!!» деген ұғымды білдіреді...

- «Шын айтамын» және «100%» деген сөздері бар ойында тыйым салынған кез келген сөйлем үйреншікті дағдыға айналған. Жақында кафеде даяшы қыз «бұл өте дәмді, шын айтам» дегенде, дауыстар хормен: «шын айтам» деп айтуға болмайды!» деп, шулап қоя берген еді. Даяшы қыздың көзі бақырайып кетті,  - деп күледі Артур. Ол ойынды жүргізуші, әрі дүйсенбіні қоспағанда (маф-клуб үшін бұл демалыс күні) күн сайын кешке дерлік ойнап келе жатқанына бір жыл болған. Бұл ойынға әбден тәуелді болып кеткен екен.

- Иә, - дейді ол, - Бірақ білесіз бе, жалғыз мен ғана осындай емеспін. Әсіресе жаңа ойыншылар әбден «кіріп кетеді» де, күнделікті ойыннан соң бірер айдан кейін оларға екі аптадай демалуға кеңес беремін. Мен мұны «күш жинау» деп атаймын.

- Мафия шаңырақты шайқалтады ма деп қорқамын (әулеттер жиыны түн ортасы ауа аяқталады, кейде ойыншылардың үстел басынан таң атқанда тұратын кездер болады).

- Ол жанұяны нығайтады, - дейді салтанатты түрде Артур. – Күйеулері өздерімен бірге әйелдерін ала келеді. Ал арасында ұрттап қоятындар мүлдем ішімдікті қойып кетеді. Бір саптыаяқ сыра ішіп, босаңсып кетсең болғаны, демек жеңіліске ұшырайсың деген сөз.

 

МАФИЯ ДЕГЕН КЕРЕМЕТ НӘРСЕ

Бандиттік атрибутика мен залалды ойынхана атмосферасына қарамастан, мафия домино және қарақшы казактар секілді зияны жоқ ойын. Бір кеште клуб резиденттері 500 теңге төлейді. Мафияны ақша, сыйлық және басқа да ынталандыру ұтыстарын тігіп ойнамайды. «Карттан айырмашылығы бұл ойын ақшамен байланысты емес. Гольфтан айырмашылығы - қаржылық шығындарды, футболдан айырмашылығы – жақсы физикалық дайындықты қажет етпейді».

Оның артықшылығы - зерделік тұрғыда көңіл көтеруде, ұнамды адамдармен араласуда жатыр. Менің пікірімше, ешқандай жазаланбастан, ашу-ызаңды шығарып ала аласың. Яғни, ұнамды адамдарға ешқандай жағымсыз зардаптар келтірмей, табиғи түрде бақырып-шақырып, айқайлап ала аласың. Керемет емес пе?!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор            

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.