Атырау, 3 қазан 01:38
 ашықВ Атырау +17
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

"Ақ жол" партиясы Ресейдің басқыншылығын қолдаған депутат Әбілдаевтың мәселесін арнайы кеңесте қарамақ

1 127 просмотра

"Ақ жол" партиясы Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаған депутат Азамат Әбілдаевтың мәселесін ертең 19 қаңтарда арнайы кеңесте қарамақ. Бұл туралы "Ақ жол" лидері Азат Перуашев бүгін, 18 қаңтарда телеграмм каналында жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы

Әбілдаев Азаттыққа берген сұхбатында Ресейдің Украинаға ашқан соғысын "арнайы операция" деп атап, Ресейдің басқыншылығын қолдап, Украинаны "нацистер басқарып отыр" деген.

"Ақ жол" партиясы депутаттың соғыс туралы сөздеріне 19 қаңтардағы арнайы кеңесте "саяси баға" да бермек.

Партия президиумы депутаттың сөздері "Ақ жол" партиясының позициясына қарама-қайшы әрі партиялық, депутаттық этиканы бұзады дейді. Бұған қоса партия "Қазақстанның және басқа да дос елдердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейтінін" мәлімдеді.

Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға соғысына қатысты ресми позициясын білдірмеген. Бірақ Астана Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Былтыр наурызда Алматыда мыңдаған адам соғысқа қарсы өткен митингіге қатысқан. Алайда кейінгі кезде билік Украинадағы соғысқа қарсы бейбіт митингілерге рұқсат бермей келеді.

Ресей 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға басып кіргенде бұл әрекетін "арнайы операция" деп атап, "операцияның" мақсаты "денацификация" және "демилитиризация" деген. Қазір Ресей Украинаның шығысындағы бір бөлігін оккупациялап алды. Бұл оккупацияны мойындамайтын Батыс елдер мен АҚШ Ресейге санкция салып, Украинаға қару-жарақ жағынан көмек көрсетіп жатыр. Сарапшылар Ресейдің Киевті үш күнде басып аламыз деген мақсаты орындалмай, Украинадағы соғысы сәтсіздікке ұшырады деп санайды.

18 қаңтар 2023, 23:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.