Николас Мадуро. Фото дереккөзі: www.bbc.co.uk
Бүгін Венесуэлада ресми президент сайлауы науқаны басталды, деп хабарлайды ресейлік «Эхо Москвы» радиосы.
Венесуэла оппозициясынан Президент сайлауына Энрике Каприлес қатысады. Ол өткен жылы күздегі сайлауда Уго Чавеске жол берген болатын. Бүгінгі биліктің таңдауы Николас Мадуроға түсіп отыр. Ол қазір уақытша мемлекет басшысының міндетін атқаруда. Чавестің ізбасары ретінде көрініп келеді. Сайлау науқаны ресми түрде бүгін жарияланғанымен елде дауыс жинау ертерек басталып кетті. Оппозиция үміткері Каприлес өзінің қарсыласы Чавестің өлімін өз пайдасына жаратпақ деп есептейді. Бұрынғы мемлекет басшысы Уго Чавес өткен айда ұзақ уақыт сырқаттан көз жұмған.
Бір қызығы қарсыластардың әрқайсысы Пасха мерекесін тойлау кезінде қарсы тараптың президенттікке үміткерлерінің бейнесін өртеп жіберген. Дәстүр бойынша бұл күні Иуданың бейнесі отқа беріледі екен.
Елде жүргізілген сауалнама қазіргі биліктегі үміткердің жеңіске жету мүмкіндігі мол екендігін көрсеткен. Венесуэлада Президент сайлауы 14 сәуір күні өтеді.
Дереккөз: bnews.kz