Атырау, 28 қараша 20:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Аяз атаның хикаялары

1 683 просмотра

Балалардың «Алақай! Аяз ата келді!» айқайлап, шат-шадыман болғанын көрудің өзі қуаныш. Біз Аяз аталардан әр үйге мереке сыйлап, балалардың эмоциясын көру қандай сезімге бөлейтінін сұраған едік.

Павел СКЛЯРЕНКО,  тәжірибелі Аяз ата, театр директоры:

БАР ҮСТЕЛШЕСІНДЕГІ КАНКАН

– Күндіз балалардың шыршасында боламыз, ал кешке үлкендермен бірге корпоративтік кештерге жиі қатысамыз. Балалық шаққа қайта оралу үшін ересектер кейде бала боп кетеді. Аяз атаның сақалынан да, сақалы үшін де сүйеді. Мұны тек қыздардың жасайтыны жақсы. Бірде бір пысық қыз: «Ата, бұл сізге!!!» деп, бар үстелшесіне шығып алып, жаңа жылдық канканды билей бастады. Көптеп-көлемдеп, қызды жерге әрең түсірдік.

Бірде шараның қақ ортасында күтпеген жерден айтатын мәтінімді ұмытып қалдым. Ештеңе есіме түспеді. Не істерімді білмей Ақшақарға қараймын. Не болғанын түсінген ол да кенет маған қарап абдырап қалды. Кейін ол менің көзіме қарап, өзінің де бәрін ұмытып қалғанын айтты. Солай тұрдық... Содан кейін есімізді жиып, өзімізді қолға алып, ойдан шығарып айтып, кешімізді жалғастырдық; мәтінді ақыры есімізге түсіре алмадық, бірақ бәрі жақсы аяқталды.

Нұрлан «КЕНЖИК», жүргізуші әрі асаба:

«БИШІ» АТА

– Енді ғана Аяз ата болып бастаған кезім. Ертеңгіліктердің бірінде балалардың қуанғанына, тіл табысқанымызға шабыттанып, шыршаның айналасында секіріп, би билей бастадым. Қасымда балалар да секіріп билеп жүр. Сценарий бойынша үш-бес минут билеген соң шыршаның жанына отырып алып, қарттығымды айтып ыңырсып, буындарым ауырып тұрғанына шағымданып, «уһ, балалар, мен шаршадым, менсіз билей беріңдер» деуім керек болатын. Осыдан кейін Ақшақар мені жұбатып, балаларды өлең айтқызып, сыйлықтар алдыруы қажет еді. Бірақ музыканың елітіп жібергені сонша, балалармен бірге көңілім көтеріліп, үзіліс туралы мүлдем ұмытып кеттім. Ақшақар ертеңгілікті қажетті бағытына келтіруге тырысып, микрофонмен: «Ал, балалар, Аяз ата шаршады, оның демалуына мүмкіндік берейік», - деп хабарлады. Бірақ Аяз ата шыршаны айнала секіріп билеп, оның айтқандарын естімейді. Бір-екі минуттан кейін Ақшақар микрофонмен қаттырақ: «Ата шаршады! Отырайық!» деп, дауыстады. Ал атамыз мұның бірін естімейді, есі кетіп билеп жүр. Сол кезде Ақшақар атаға жақындап, оның шынтағынан ұстап алып, тістеніп, учаскелік полицейдің қатал дауысымен: «Аяз. Ата. Шаршады!" деді нықтап. Содан кейін ғана бәрі есіме түсіп, бәрін ретімен жалғастырдық.

БӨБЕКЖАЙДАҒЫ КӨРІНІС

Бірде балабақшаға шақырды. Екі қоңыраудың бірінде балабақшаға шақыратын, әдеттегідей, ерекше ештеңе жоқ. Дәлізге барып, киім ауыстырдық, алдымен Ақшақар кірді, содан кейін Ақшақардың «Ата, кір!» деген сөзін күтіп, балалардың алдына шықтым. Сөйтсем бұл бөбектер тобы екен. Әрі кетсе екі жаста. Олар Ақшақардың келгеніне таңырқай қоймады (педагогикалық ұжым қауымы әйелдер ғой, тағы бір апай келгендей болды). Сол кезде үлкен, қызыл киімді, дауысы қатты, ақ шашты Аяз ата кіріп келді. Зал мені ұзақ үнсіздікпен қарсы алды. Бес секундтан кейін тыныштық балалардың аңырап жылаған у-шуына ауысты. Күтуші-тәрбиешілерінің жұбатқанына көнбей, бақырып жылап жатты. Мен шығып кеткенде ғана тыныштанғандай болды... Киімімді ауыстырып жатқанда да, үзік-үзік жылаған дауыстарын естідім...

Дамир УРАЗГОЛИЕВ, шоумен:

«БРАТВАМЕН» МЕРЕКЕ

– Тоқсаныншы жылдардың соңы, қаланың шеті, үйге дейін үш жүз метрдей қалды. Аяз атаның костюмімен кетіп барамын, соңғы қоңырау қалған еді, киім ауыстыруға ерініп қалдым. Жаныма жол талғамайтын көлік тоқтап, терезеден қарақшы секілді бірі басын шығарып, «О! Аяз ата!!!» деді. Есік ашылып, мені салонға мінгізіп алды. Былғары күртеше киген, пысықай жігіттер маған еш жамандық жасамаймыз, керісінше, еңбегіңді жақсылап береміз, деп сендірді. «Қазір қыздарды құттықтаймыз, әйтпесе олар уылдырық пен аққайнарды көріп жүр ғой, ал, алдымызда тірі Аяз ата тұр» десті. Қала сыртындағы коттедж, иттері бар зәулім аула. Сол кезде «братваның» қалай тойлайтынын алғаш рет көрдім, тіпті бұған қатыстым да. Мәрмәр еденде шанамен сырғанау, аспанға түрлі қарудан оқ ату, көңілді бикештерге аққайнар мен шараптарды төгу... Жігіттер сөзінде тұрып, бұрын-соңды көрмеген долларлармен төлеп, таңғы бесте үйге дейін жеткізіп тастады.

...ТҰШПАРА ЖАСАУ ДӘСТҮРІ

– 2000 жылдардың басы. 31 желтоқсан. Сағат 23:00. Соңғы қоңырау, үшінші қабат. Ақшақар бір сағат бұрын үйіне кетіп қалды. Пәтерге кірдім, бір топ бала ысқырып, шуылдап, қапшығымды алып, залға жүгіріп кетті. Шымыр келген үй иесі әйел мені асүйдің ортасына қарай итеріп: «Аяз ата, бізді құттықтаңыз! Бір сағаттан кейін куранттар соғылады, қазір біз тұшпара жасаймыз, сосын бізбен бірге қарсы аласың!» деді.

Екі үстелде шынымен де тұшпара жасап жатыр екен. Оларда мерекеге әртүрлі салма қосылған тұшпара жасайтын дәстүр бар екен. Мен мұндай қысымға таң қалып, тілегімді айтамын, бәрі қуана у-шу болады. Осыдан кейін әупірімдеп олардан қашып кеттім, тек үйге барғанда ғана қолымда тұшпара жасағанда қолданған шанышқыны ұстап тұрғанымды байқадым.

Жалпы, Аяз атаның кәсібінде күлкілі нәрсе аз. Сезімге толы, шынайы, әсерлі, аңғал нәрселер көп. Әрқайсымыз ғажайыпқа шын жүректен сенетін балалардың таңқалған көздерінен қымбат ештеңе жоқ екенін айта аламыз. Сол кезде сценарий бойынша емес, кішкентай адам сізге сенетіндей сөйлей бастайсың. Ал бұл сезімнен қымбат ештеңе жоқ. Балаларды қуантуға мүмкіндік бергені үшін Аллаға үнемі алғыс айтасыз. Кейде ересектерге де.

«РАХМЕТ, БАЛАМ…»

Ал бұл жақында болған оқиға. Пандемия кезі. Тапсырыс аз. Кешкі уақыт. Шараны атқарып болып, үй иелері есеп-айырысу үшін есік алдына шықты. «Білесіз бе, бізде жалғызбасты әжей тұрады, өте қарапайым адам. Тіпті мысығы да жоқ - жазда көлік қағып кетті, содан кейін асырауға алмады. Ақшасын төлейміз, сол кісіні құттықтап шықсаңыз» деді олар. Мән-жайға қаныққан соң, ақшадан үзілді-кесілді бас тартып, жалғызбасты әженің есігін қақтым. Есік абайлап ашылды, улап-шулап түсіндіргеннен кейін таң қалған үй иесі пәтеріне шақырды. Кішкентай зал, кітапқа толы шкаф, шағын теледидар, титтей ғана асүй. Үстел үстінде құрттай ваза тұр, оның ішінде базардан алыған болу керек, шыршаның бұтағы салынған. Бұтақта жылтырақ мишура оралған. Үстел үстінде бір кесе, бір қасық, бір табақ вареники тұр. Мен сенімді түрмен қолдарымды сермелеп, тілек айтып тұрмын, үй иесі жейдесінің шетін мыжғылап, қымсынып басқа жаққа қарайды. Есіктен шығар кезде әжей маған көмектесіп, кенет мені құшақтап алды. Бір-екі секунд құшақтап тұрды да: «Рахмет, балам», - деді. Сақалым болғаны қандай жақсы еді... Қоштасып, өзімді зорға ұстап тұрдым. Сыртқа шыққанда тамағымда тас тұрғандай өксік болды.

…Осы Жаңа жылда адамдар мейірімге бөленіп, бақыт құшағында болсын деп тілейміз.

Сіздің Аяз аталарыңыз.

Дайындаған Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

3 қаңтар 2023, 16:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.