АСТАНА, 1 сәу –Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы апта соңында Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барады, деп хабарлады бүгін брифингте Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев.
«Қытайға сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасының жаңа көшбасшысы Си Цзиньпинмен келіссөздері өтеді», - деді Алтай Әбибуллаев өз хабарламасында.
Оның айтуынша, кездесу барысында Мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің ахуалы мен болашағын талқылауға ниетті. Оған қоса, олар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмаспақ.
Алтай Әбибуллаевтың хабарлауынша, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда.
Дереккөз: newskaz.kz