Атырау, 28 қараша 20:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Қоян жылынан қорықпау керек»

Бейнежазба
2 077 просмотра

Барыс жылымен қоштасып, қоян жылымен қауышатын күнге де жеттік. Барыстан кейін келетін  қоян жылын халқымыз өткеніне қарап жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы деп есептеп, сақтануды еске салады. Ал келер қоян жылы қалай болады деген сауал көпшіліктің көкейінде жүргені рас. Қоян жылынан қорықпауға бола ма?

Рая ДЮСУПОВА, Индер ауданы Елтай ауылының тұрғыны:

- Мен 1939 жылы қоян жылында дүниеге келгенмін. Бірақ сол жыл қалай болды деп әке-шешемнен сұрамаппын, дегенмен 1963 жылдың (қоян жылы) қараша айының соңы әлі есімде. Сол жылдары қар қалың түсіп, бірнеше күн бойы көз көрсетпес түтеген боран соғып тұрды. Қардың көп түскендігі соншалық, үйлермен бірдей болды. Жалғыз аяқ жол аршылып, ауыл солай күн көрсе, Амангелді совхозының қырдағы малы қырылып жатты. Қырдағы малшылармен байланыс үзіліп, көмекке көршілес  Батыс Қазақстан облысынан ауыр техникалар келген болатын.

Нұрдәлет АҚНАЗАРОВ, Жылыой ауданының тумасы, шежіреші:

- Қоян қорқақ, әлжуаз, әлсіз көрінгенімен негізі тепкісі өте қатты болады деседі. Үлкендерден естиміз, 1927 жылы осы өңірде жұт болып, ел босып кеткен. Халықтың басым бөлігі Маңғыстау жаққа барып пана тұтқан.

- Өзіңіз қай жылы дүниеге келдіңіз? Көзіңіз көрген қоян жылы туралы айтып беріңізші.

- Мен Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылының «Шаппакөл» қыстауында 1942 жылы дүниеге келгенмін. Әкем Ақназар мен анам Беденнен алты бала өрбіген едік. Ең үлкені қыз бала 15 жасында ұзатылған, ал бір ағам Ұлы Отан соғысына кетіп оралмаған, енді екінші бір ағам 12 жасында суға кетіп қайтыс болған. Бұдан басқа, екі ағам сәби кезінде шетінеп кеткен. Мен баланың ең кенжесімін. Әкем 1942 жылы Ұлы Отан соғысына кеткенде мен анамның құрсағында қалған баламын. Әкем соғыстан бір аяғынан жараланып оралған. Әке-шешем өмір бойы мал бақты, бастапқыда бай ағайынның, кейін колхоздың малын баққан. Жазда киіз үйде, ал қыста жертөле қазып, соны баспана етіп алатынбыз. Жұт дегенде 1951 жыл еске түседі, мен онда 9 жастамын. Әкем «Қазақстан» колхозының қойын бақты. Әлі есімде, қыс өте қатты болды, жертөлені қар басып қалды. Жерден қазып жасаған жертөле үйіміздің терезесі шатырдың орнында болатын. Есіктен емес, сол терезеден шығуға тура келді. Соғыстан кейінгі ауыр жыл, әлі есімде жылқының қылынан тұзақ құрып, торғай аулайтынбыз. Оны тамақ ретінде көжеге қосып, талғажау еттік...

1963 жылы Гурьевте оқуда болғанымда тамыздың тамылжыған күні күрт бұзылды. Үш күн үздіксіз қар аралас жаңбыр жауып, мал қырылып қалды.

- Қоян жылынан қорқу керек болды ғой. Биылғы қоян жылы қалай болады деп ойлайсыз.

- Осы жылдар болмаса кейінгі 1975, 1987, 1999, 2011 қоян жылдарында мұндай табиғаттың қиыншылығы болған емес.  Сол себептен қоян жылынан қорқа бермеу керек.. Келген қоян жылы да отбастарыңыз аман, еліміз тыныш, ұрпақтарыңыз  өсіп-өнсін деген тілек айтқым келеді.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

1 қаңтар 2023, 02:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.