Өткен жылы Атырау облысында қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 2011 жылға қарағанда екі еседен артық тіркелген. Бұл туралы облыстық прокуратурада жақында болған алқада әңгіме болды.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2011 жылы қоғамдық орындарда 860 қылмыс жасалған, ал 2012 жылы - 1 989. Талдау қорытындысына жүгінсек, тонау, басбұзарлық, қалтаға түсу, ұялы телефондар ұрлау сияқты қылмыстар өскен.
Прокурорлар бұл мәселені «Тосқауыл» жедел топтарының санын сақшы қызметі қызметкерлері есебінен түнгі уақытта жұмыс жасау үшін арттырып, сондай-ақ Атырау қаласының орталық аудандарына, сол сияқты ықшамаудандар мен қала сыртындағы ауылдарға тұрақты бекеттер қою арқылы шешуді ұсынып отыр.
Бір жыл бұрын полициялар облыстың бұрынғы басшылығына көшедегі сақшылардың санын арттыру үшін штатты көбейту жөнінде ұсыныс берген. Бірақ қаржыландыру болмай, бас тартылған еді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА