8 желтоқсанда «Теңізшевройл» компаниясы Теңіз мұнай-газ кенішіне баспасөз турын ұйымдастырды.
Сол жерге барып, қауіпсіздік техникасы туралы нұсқаулықты тыңдап, арнайы костюмдер киген соң нысандарға бет алдық. Бірінші кезекте Топтық өлшеу қондырғысы (ТӨҚ)-15 болды.
Бізді мұнай өндіру жөніндегі оператор Мәлік БҰРХАНОВ қарсы алып, жабдықты көрсетіп, өзі туралы бірер сөз айтты:
- Бұл жерде 40 жылға жуық жұмыс істеп келемін. 1981 жылы Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасынан жас кезімде келдім, енді зейнеткерлікке шығуым жақын.
Әрі қарай «бірлік жолы» арқылы Үшінші Буын Зауытын бетке алдық. Енді бізге нысанды кәріз-суды тазалау (КСТ) /суды қайта пайдалану қондырғысының өндіріс жөніндегі инженері Самат ЕРМЕКОВ таныстырды. Бұл екі нысан бір аумақта орналасқан.
– КСТ нысаны 2013 жылы пайдалануға берілді, қуаттылығы тәулігіне 6 мың текше метр болатын, бірнеше жыл бұрын жаңғыртудан кейін өнімділік 7500 текше метрге дейін артты. Кәріздік-тазарту қондырғысы Теңіздегі барлық нысаннан ағынды суларды қабылдайды. Тазартудың барлық сатыларынан өткен су залалсыздандырылып, содан кейін ғана булану алаңдарына құйылды, – дейді С.Ермеков. – Ал 2016 жылы тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану зауытын салу туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін біздің нысандар өндірістік қажеттіліктеріміз үшін құнды су көзіне айналды, олар ТШО-ның 40 пайыз жалпы қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр.
Үшінші Буын Зауытына жақындадық. Алып өнеркәсіп кешені көрінді. Ол негізгі технологиялық нысандарды, энергия қорларын және электрмен жабдықтауды, қышқыл суды тазарту, құбыр эстакадаларын, көмірсутекті дренаждық коллекторлар мен алау қондырғысын қамтиды. Зауыт 95 пайыз дайын, келесі күзде іске қосу жоспарлануда.
Киім-кешегімізді тапсырып, кәсіпорынның «жүрегі» – осы жылдың 3 маусымында іске қосылған Біріккен Өндірістік Басқару Орталығына (БӨБО) бардық. Мұнда заманауи цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы осындай жалғыз нысан. 20 км қашықтықта орналасқан ол ТШО-ның барлық өндірістік нысанын біріктіріп басқарады. Әлемдік деңгейдегі осындай нысанның салынуына және іске қосылуына 30-дан астам қазақстандық компания мен 600-ден астам жергілікті қызметкер бірегей тәжірибе жинақтай отырып, үлес қосты.
– Бұл үздіксіз процесс. Мұнда қызметкерлер демалыссыз тәулік бойы жұмыс істейді, бұл автоматтандыру және оңтайландыруды қолдау топтары. Біз бұл топтарды өндірісті анағұрлым оңтайлы басқару үшін бір жерге біріктірдік, - дейді орталық басқарушысы Талдыбай МАХАНОВ.
400-ден астам қазақстандық қызметкер Теңізде 30 жылға жуық еңбек етіп, бүгінде өздерінің бай тәжірибесін жас буынға бөлісуде.
– Көп жылдар бойы ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардың үлесін үнемі арттырып келеді. ТШО ұлттық экономикаға, қоғамға және бүкіл елге пайдасын тигізіп отыр деп есептейміз. Теңізде жыл сайын қалдықтар көп түзіледі, бірақ ТШО-ның оларды тиімді басқарып отырғаны соншалық, экологтар мұны еліміздегі басқа өндіріс орындары үшін үлгі аларлық деп санайды, - дейді ТШО-ның қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен АРОНОВ.
Сондай-ақ ол «Теңізшевройл» компаниясының Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіби техникалық мамандықтар бойынша жұмысшыларды даярлау бағдарламасын іске қосқанын еске салды. Бұл жаңа біліктілік алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бағдарлама ана,ұрлым сұранысқа ие 11 мамандықтан тұрады, курстар 2 айдан 4 айға дейін созылады. Оған қатысу үшін жұмыссыздар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығына хабарласуы қажет. Бұл бағдарлама іске қосылғалы Атырау облысында 1400, Маңғыстау облысында 700 адам сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша оқытылды.
Соңында БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесші Раушан НАЙЗАБАЕВА журналистерге келгендері үшін алғысын білдіріп, Теңіз кенішіне баспасөз турын ұйымдастыру көп жылдан келе жатқан дәстүр екенін атап өтті:
- Осылайша, біз диалогқа ашық екенімізді көрсеткіміз келеді, сауалдарды тыңдап, оларға жауап бергіміз келеді. Бұл баспасөз турының мақсаты – БАҚ өкілдерімен қарым-қатынасты жалғастыру, барынша ашық болып, қолымызда бар ақпаратпен бөлісу.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді түсірген автор және ТШО баспасөз қызметі жолдады
АНЫҚТАМА
Теңіз мұнай кен орны 1979 жылы ашылған және әлемдегі ең ірі және терең мұнай кен орындарының бірі болып табылады.
«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды.
Қазіргі уақытта ТШО серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко» БК – 5%.