Бүгін Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бастамасымен QazPolymers-2022 алғашқы қазақстандық форумы өтті. Оған ғылым, даму институттары, салалық бизнес қауымдастық өкілдері, медициналық техника, қаптау материалдарын, пластик құбыр өндіретін, сонымен қатар полимер өнімдері нарығындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар, сондай-ақ мемлекеттік органдар, қаржы саласының өкілдері қатысты. Осы іс-шара аясында қатысушылар алдымен «KPI inc» ЖШС полипропилен өндіретін Қазақстандағы бірінші газ-химия кешеніне барып, өндіріс процесімен танысты.
Атырау маңындағы полипропилен өндіретін кешен — Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы алғашқы ірі жоба. Кешен Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропаннан жылына 500 мың тонна түрлі маркалы полипропилен өндіреді.
Форум қатысушылары одан кейін Атырау қаласындағы Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығындағы «Мұнай және газ химиясы — ұлттық экономиканы әртараптандырудың жаңа драйвері» деп аталатын негізгі панельдік сессияға қатысты. Сессияны «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының мұнай-газ операторларымен өзара әрекеттесу жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жәкиев жүргізді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада ШАКУЛИКОВА білім ордасының жаңалығымен бөліссе, Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ форумның маңызына тоқталып өтті:
- Осы күнге дейін мұнай мен газды өндіріп келгенбіз. Енді өз елімізден мұнай өнімдерін шығаруға қол жеткізіп отырмыз. Бизнес үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Қазір полипропиленнің өзін экспортқа шығарсақ, алдағы уақытта полипропиленнің өзінен өңделіп, дайындалған өнімді экспорттауды мақсат ету керек. Енді бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары жоспарланып отыр. Біз өз тарапымыздан зауыт жанынан индустриялық аймақ құруға жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді де, бизнес-қауымдастық өкілдеріне бірқатар ұсынысын айтты.
Форум аясында полимер өнімдерінің ішкі нарығын дамыту перспективалары баяндалды. Сонымен қатар отандық полимерлік шикізаттан түпкілікті өнім өндіруге дейінгі жолы қарастырылған жаңа тізбектерінің пайда болуына қолдау көрсету мәселелері айтылды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ:
- Бүгін Қазақстанның полипропилен өнімдерін тұтыну көлемі 30 мың тоннаға жуық. Сондықтан өнімнің 80 пайызы экспортқа шығарылады. Ендігі мақсатымыз — осы ел нарығында тұтыну көлемін арттыруға жұмыстану. Бүгінгі форумның басты мақсаты — Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын құру, нарықта шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау. Өндіруші ретінде әр өңірдегі пластик бұйымдарымен жұмыс істейтін кәсіпорын басшылары мен мамандарын шақырып, «Бәйтерек», «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және басқа да қаржы институттарының қолында бар мүмкіндіктермен таныстырып, алаң ұсынып отырмыз.
Тұтынушылардың айтуынша, полипропиленнің өзіндік құны өздерінің импорттайтын өнімінен 10 пайызға төмен және сапасы да жақсы.
«Ультрастарт» ЖШС компаниялар тобының коммерциялық директоры Андрей КИМ:
- Біз Атырау қаласында геосинтетика өндіреміз. Оған полиэфир, полипропилен және полиэтилен пайдаланамыз. Бұрын полипропиленді Ресейден алдық. Қазір КРІ кешені ашылғаннан бері біз үшін үлкен мүмкіндік пайда болды. Бұл жоба Қазақстан үшін — ең маңызды әрі тиімді жоба. Біздің компания зауыт өнімінің ең аз дегенде жылына 20 мың тоннасын пайдалануды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар форум аясында бірқатар меморандумға қол қойылды.