Ақша жымқырған шенеуніктер мен кәсіпкерлердің кесірінен алты мектептің оқушылары «бейімделген орынжайларда» тамақтануға мәжбүр.
Әуел бастан асханасы болмаған тоғыз мектепке қосымша жапсаржай салу жыры 2015 жылы басталды. Жапсаржайда асхананы жабдықтау жоспарланып, оған әкімдік сол кезде 978,8 млн теңге бөлді.
Төрт фирма тендерді қатар ұтып алды, бірақ сол 2015 жылдың соңында құқық қорғау органдары бірқатар шенеунікті сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін ұстаған кезде жанжал шықты. Бұлар қала әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Серік Жұмашбаев, оның орынбасары Самат Қайыров, сондай-ақ құрылыс бөлімінің маманы Азамат Бижанов. Олармен бірге «Арал фирмасы» ЖШС бас директоры Дүйсенбек Исмағұлов (мердігерлердің бірі) мен осы компанияның техникалық директоры Роза Өтешқалиева қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұлардың бәрінің осы жапсаржай-асханаларға бөлінген миллиондаған бюджет қаржысын жымқыруға қатысы бар екені анықталды. Сол кезде тергеу жұмысы 64 миллион теңге жымқырылған деп есептеді. Соның нәтижесінде тоғыз жапсаржайдың екеуі ғана толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Содан бері жеті жыл өтті. Ал жемқор шенеуніктер әлдеқашан сотталып, шығынның бір бөлігі өтелді, бірақ, ештеңе өзгермеді. Жеті жапсаржай ақыры салынбады. Дәлірек айтқанда, алты жапсаржай. Өйткені М.Жұмабаев атындағы (бұрынғы Ленин) мектеп осы уақыт ішінде бұзылды. Ал А.Чехов атындағы №14, А.Құнанбаев атындағы №15, А.Байтұрсынов атындағы №23 (СМП-163), №28 (Лесхоз), сондай-ақ Т.Амандосов атындағы (Тасқала ауылы) және Ф.Оңғарсынова атындағы мектептердің оқушылары асханаға бейімделген орында тамақ ішуге мәжбүр.
Қалалық және облыс әкімдіктерімен хат алмасу барысында биліктің 2020 жылы балалар туралы еске түсіріп, қалған сметалық құны бойынша алты қосалқы ғимараттың төртеуінің ғана құрылысын аяқтау үшін тендер өткізгені анықталды.
Тендерді «Строй Центр-Turkestan» ЖШС ұтып алды. Жалпы сомасы 62,5 миллион теңгенің жұмысы сол жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың өзгеруіне байланысты «кедергілердің» салдарынан құрылысты қаржыландыру мәселесі дер кезінде шешілмеді. Содан кейін құрылыс материалдары қымбаттап кетіп, бөлінген миллиондар жеткіліксіз болып қалды. Сондықтан, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп жатыр. Ал, балалар күте тұрады.
Лев ГУЗИКОВ