Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғауды реттейтін заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді.
Әрқайсымыздың өмірімізде кем дегенде бір рет тұтынушылық тәуекел аймағына тап болған кезіміз болды. Көбіне біз көп сатушының, өндірушінің, қызмет көрсетушінің бізді таразыдан жеп, алдап, жаңылыстырып жатқанын байқамаймыз. Ал, қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның нормалары азаматтарға өз құқығын қорғауға нақты мүмкіндік береді. Ақшасынан желініп қалып, оны қайтарудың қиын процесіне кірісіп кететіндер сирек. Бірақ бұл басқа тақырып…
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы алғаш Одақ кезінде қабылданды. Кейіннен Қазақстанда ол бірнеше рет өзгерді, қазір де оған кезекті түзетулер әзірленді. Жаңа редакциядағы заңның анағұрлым қызықты нормалары туралы бізге Атырау облысы тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем УӘЛИЕВ айтып берді. Сонымен…
Біріншіден, әділдіктің және қоғамның жекелеген топтарының мүдделері сақталуын бақылау функциялары жүктелген омбудсменнің бейінді институтын енгізу ұсынылады. Мысалы, Қазақстанда адам құқықтары, балалар құқықтары жөніндегі омбудсмен, бизнес қауымдастықтың өз уәкілдері бар. Бәлкім мұндай бәленбай миллион тұтынушыларда да пайда болуы мүмкін. Ол биліктің ең жоғары эшелонындағы олардың проблемалары мен үміт-тілегінің жаршысына айналуы керек.
Екіншіден, тұрғындардан шағымды (өтініш, арыз) қабылдаудың үш сатылы жүйесі жойылады. Енді ол былай: алдымен тұтынушы кәсіпкерге (сатушыға, өндірушіге, қызмет көрсетушіге) өз бетінше жазбаша талап жолдауы тиіс, оған күнтізбелік 10 күн ішінде жауап берілуі керек. Егер кәсіпкер талапты қанағаттандырудан бас тартса немесе оған мүлде жауап бермесе, адам тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (мемлекеттік органға), қоғамдық бірлестікке немесе медиаторларға (тұтынушы дауын сотқа дейін реттеу) жүгінуге құқылы. Ақырында, бейбітшілікпен тараудың барлық мүмкіндігі таусылған кездегі соңғы кезең - сот.
Бұл модель екі жыл бұрын ғана енгізілген. Ол сотың жүгін жеңілдетеді, медиация институтын нығайтады деп жобаланды; дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, үш сатылы бұл кезең бюрократиялық кедергіге айналды.
– Осыған байланысты бұрынғы, екі сатылы жүйеге қайта оралу ұсынылып отыр. Яғни, алдымен талап жазылады, содан кейін тұтынушы өзі қажет деп санаған органға жүгінеді, оның ішінде сотқа жүгініп, конституциялық құқығын пайдаланады, - деп түсіндірді Ә.Уәлиев.
Үшіншісі бизнес-қауымдастықты тізгіндеуге және тұтынушылар құқығын қорғауға маманданған қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетуге арналған.
– Соңғы жылдары кәсіпкерлердің құқығын қорғауға көп көңіл бөлініп келеді. Бұл, әрине, жақсы. Өйткені мықты бизнес кез келген дамыған мемлекеттің іргетасы. Бірақ сонымен бірге бизнес – бұл кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы қарым-қатынастар жүйесі екенін де ұмытпаған жөн. Ал олардың арасындағы мүдделер тепе-теңдігі тең болуы керек. Қазір ол кәсіпкерлер тарапына «тартылған», – дейді департамент басшысы. – Көп мысалдың бірі мынадай. «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда қабылданатын шешім немесе талқыланатын мәселе бизнес саласына қатысты болса, оған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілін тарту қажеттігі төрт жерде айтылған. Ал тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша қоғамдық бірлестіктер туралы бір ауыз сөз жоқ!
Атырауда мұндай екі қоғамдық бірлестік бар. Бұл «Қара шаңырақ Қазақстан» (күні кешеге дейін ол «Батыс» тұтынушылар альянсы» деп аталды) және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» ҚБ. Заң жобасын әзірлеушілер бизнес субъектілеріне, мысалы, тауарларының сапасыз екені сот арқылы анықталса, айыппұл салуды ұсынып отыр, ал ақшалай айыппұл мөлшері тауардың құнына қарай есептелетін болады. Бұл айыппұлдың бір бөлігі сотта тұтынушылардың құқығын қорғаған қоғамдық бірлестіктің бюджетіне түседі.
Заң жобасында басқа да жаңалықтар бар. Қазіргі уақытта «Ашық НҚА» порталында оның онлайн талқылауы аяқталды, мүдделі мемлекеттік органдармен келісім жасалуда. Келесі кезең – ел парламентінің мәжілісінде қарау. Заң жобасының мәтінімен Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің сайтында танысуға болады.
Лев ГУЗИКОВ