Қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясында депутаттар бірнеше қызықты мәселені қарады. Атырау қаласы бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айнұр ӨТЕҒАЛИЕВА баяндама жасады. Депутаттар қоғамдық көлік кәсіпорындарына субсидия ретінде жыл ішінде бөлінген 5 миллиардқа қосымша 605 миллион теңге бөлуді мақұлдады, бірақ қатаң ескерту жасады.
– Бізге әлеуметтік желі арқылы жолаушылардан көп шағым түсіп жатыр. Тасымалдаушыларды тәртіпке шақыруға мүмкіндік бар ма? – деді қалалық мәслихаттың хатшысы Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ «Смарт Атырау» КММ директоры Арслан АРОНОВҚА қарап.
– Келісімшартты бұзып, айыппұл өндіре аламыз, – деп жауап берді А.Аронов.
- Сіздің әдістеріңіз көмектеспейді.
– Соттар ірі көлемде айыппұл салудан бас тартады, тек аз мөлшерде ғана тағайындайды.
Президиумға депутаттардан тендер жариялау және басқа тасымалдаушыларды жалдау туралы ұсыныстар түсе бастады.
– Қарамағымызда 6 кәсіпорын бар. Тендер бойынша олармен 2023 жылдан 2029 жылға дейін келісімшарт жасалды. Қараша айында тасымалдаушылардың біріне келісімшартты біржақты бұзу туралы хат жолдаған едік, ауыстыратын тасымалдаушы іздеп, таба алмадық. Облыста тасымалдаушылар мен жылжымалы құрам тапшы, - деп түсіндірді А.Аронов.
Депутаттар А.Ароновты 2023 жылдың бірінші сессиясына баяндамамен шақыруға дауыс берді.
«ТАРИФТІ ТЕК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА КӨТЕРУ КЕРЕК»
Одан кейін сөз «Атырау облысы Су арнасы» КМК жетекші маманы Михаил СИДОРОВҚА берілді.
- Бізде тәулігіне 120 мың текше метр су тазартылады. №5 сүзгі станциясын қайта жарақтау жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 170 мыңға дейін артады, - деді М.Сидоров.
Осы жерде оның сөзін қалалық құрылыс бөлімі басшысының м.а. Қуат ҚАЛИМОВ толықтырды. Оның айтуынша, №5 сүзгіні қайта жарақтауға 10 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Ол 2023 жылы аяқталады, одан кейін сонау 1938 жылы салынған №1 және №2 сүзгілерді қайта жарақтау жұмыстары жүргізілмек.
Қ.Қалимов 2011 жылы №5 станцияда салынған жабдықтардың көбі жұмыс істемейтінін айтты. Көпшілігін қайта жабдықтауға тура келеді:
– Қазір біз №5 станциядағы сапасыз салынған нысандарды бұзуға кірістік.
М.Сидоров кәріз стансаларының жағдайын былайша сипаттады:
- Бізде оң жағалауда кәріз тазарту станциясы жоқ - механикалық бар, бірақ биологиялық станса жоқ.
– Жергілікті кәріз жүйесі 70 мың текше метрге есептелген, күніне 18-20 мың текше метр тазартылған су шығады. Техникалық суды жинау үшін көліктер жағалаудың шетіне жете алмайды, – дейді облыстық ТКШ басқармасы бөлім басшысының орынбасары Серікқали ҚАНАПИН. - Біз «АСА» тарифінің көтерілуін күтіп отырмыз, онсыз КТҚ-ның жұмыс істеуі қиын.
– Тұрғындарға тиісуге болмайды – егер көтеру керек болса, заңды тұлғаларға тарифті көтеріңіз, – деп жауап берді Қ.Жауымбаев. Депутаттар келесі сессияға Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысын шақыруды ұйғарды.
Тағы да Қ.Жауымбаев сөз алды:
– 70 мың текше метрдің 18-20 мыңы ғана КТҚ-дан шығады. 50 мың текше метрінің қайда кететіні белгісіз! Бұл жоба тиімді болуы керек. Кәріз жүйесі - бұл су арнасы үшін клондайк деуге болады. Лас сулардан тазартып, тазартылған суды мұнай компанияларына сату керек, ал сіз тарифті көтермексіз...
Келесі сессияға «АСА» директоры Арман КЕНЖЕҒАЛИЕВТЫ шақыру туралы шешім қабылданды.
«САСЫҚСАЙДЫҢ ЖАРТЫСЫ ҚҰРҒАТЫЛДЫ, БІРАҚ ПРОБЛЕМА БАР»
Соңында «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат ДОСМҰРАТОВТЫҢ баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап КТҚ жаңарту жұмыстары басталды. Қазір жаңа ғимараттар салынып жатыр. Екінші кезеңде ескісін бұзып, жаңа жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіледі.
– Қала тұрғындары иістің қайдан шығатынын сұрайды. Мен механикалық тазарту қондырғыларынан деймін. Ол аз, бірақ олардан иіс шығады, – деді М.Досмұратов. – Желтоқсанның 5-інен бастап апаттық амбарда іске қосу жұмыстарын бастаймыз. Желтоқсан айының соңына дейін жаңа құрылымдардың бірінші кезегін ашамыз. 2023 жылы бұрынғы құрылымдар біртіндеп бұзылады. Біртіндеп Сасықсай толығымен құрғатылады, жартысын құрғатып қойдық.
2019 жылы сол жағалаудағы кәріздік тазарту қондырғысына су бару керектігі хабарланып, бізден жобалық-сметалық құжаттары алынды. Бұл құбыр төселген кез еді. Қазір Сасықсайдың екі секторы ағынды суларға толы. Енді олар құрғатылған бөлікке құйылуы мүмкін. Ағынды суларды сол жағалаудағы кәріз тазарту қондырғысына ағызуға рұқсат беріңіздер. Біз өңдеу үшін төлеуге дайынбыз! Бізге неге рұқсат бермейтінін түсінбеймін. ТКШ басқармасы бізде өндірістік ағынды сулар бар дейді. Бірақ біздікі - қаладағыдай механикалық және биологиялық тазарту қондырғысы.
Мұрат СУЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор