Эльмираның алтыны
Жаркент қаласында 1995-96 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан чемпионаты өтті.
70 келіге дейінгі салмақта Эльмира Самиғоллаева чемпион атанды. Мерей Тәжіғали (52 келіге дейін) мен Дәурен Болатбекұлы (60 келіге дейін) «күміс» иеленді.
***
Абыройлы жеңіс
2-БЖСМ командасы Көкшетауда өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан «Наурыз Кубогында» 5 медаль иеленді.
Турнирге Қазақстанның 14 облысынан және Қырғыз елінен 215 жас былғары қолғап шеберлері қатысты. Атыраулықтардың арасында 80 келіден жоғары салмақта Нұрғиса Көпжасаров жеңімпаз атанса, Ерік Қанымжанов (46 келіге дейін) «күміс», Нариман Байманов (54 келіге дейін) пен Әлихан Тұрбаев (66 келіге дейін) «қола» алды. Команданы бапкерлер Б. Көшенов, С. Мұхамбетжанов жәнеМ. Абсенов дайындады.
***
Тағы бір белес
АҚШ-тағы ашық чемпионаттағы «күмістен» кейін атыраулық таэквандошы Гүлнафиз Айтмұхамбетова Германия ашық чемпионатында да жүлделі орынға ие болды.
Гамбургте Гүлнафиз алдына нидерландтық Ришту Угиник пен француз Анна Королинаны ғана жіберіп, үшінші нәтиже көрсетті. Осы жарыстарда Қазақстан құрамасы барлығы 2 алтын және 2 қола медаль иеленді.
***
Кәсіпқойлардан кем түспеді
Х. Доспанова атындағы Мұз сарайында Наурыз мерекесіне арналған әуесқой командалар арасында шайбалы хоккейден халықаралық турнир өтті.
Турнирге Атыраудан 5 команда(«ҚМГ-Бұрғылау», «Фантом», «Сұңқар», «Прикаспиец», «Энергетик») және Астраханнан 2 команда («Легион» мен «Барс») қатысты. Командалар жанкүйерлер риза болатындай жоғары дәрежелі ойын көрсетті.
Бірінші жартылай финалда «Легион» «Прикаспиецті» 3:1 есебімен ұтса, қатар өтіп жатқан ойында «ҚМГ-Бұрғылау» «Энергетикті» 6:2 есебімен жеңді. 3-орын үшін өткен матчта «Энергетик» «Прикаспиецтен» басым түсті. Есеп 3:2.
Финалда атыраулық «бұрғылаушылар» мен астрахандық «легионерлер» кездесті. Ойын өте тартысты өтті. Матч ортасында есеп 3:3 болған, алайда ойынның екінші жартысында алаң иелері тізгінді өз қолдарына алып, есепті 5:3-ке жеткізді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктар және медальдармен марапатталды. Үздік ойыншыларға арнайы сыйлықтар тарту етілді: шабуылшылар Михаил Панов («Энергетик»), Александр Зайцев («Легион»), Азамат Бахтияров және Виктор Климов («ҚМГ-Бұрғылау»); қорғаушы Жасұлан Есенаманов («ҚМГ-Бұрғылау»); қақпашы Дмитрий Ермольчев («ҚМГ-Бұрғылау»). Турнирді ұйымдастырған - «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» СБК» ЖШС.
***
Төрттікке кірді
Алматыда өткен ардагерлер арасындағы футзалдан Қазақстан чемпионатында «Атырау» командасы төртінші орын алды.
Атырау намысын қалалық «Ардагерлер лигасының» Шарапи Хасанов, Владимир Шапошников, Рахим Кенжеев, Андрей Андреев, Өмірбек Харесов, Мәди Кенжеев, Исатай Кереев, Жұматай Қабдолов, Нәбижан Қуанышев, Виктор Джамбау және Эдуард Хисметуллин сынды ойыншылары қорғады.
Алдын ала айналымда біздікілер Талдықорғанның «Жетісуын» 4:2 есебімен ұтып, Жамбыл облысының «Мерке» командасын 4:1 есебімен жеңсе, жарыс қорытындысы бойынша чемпион болған Қызылорданың «Қайсарынан» ұтылып қалды.
Жартылай финалда «Атырау» Ақтаудың «Каспий» командасынан ұтылып қалды. Есеп 2:4. Ал үшінші орын үшін матчта Петропавловск командасынан ойын соңындағы пенальтиден есе жіберді.
«Атыраудың» шабуылшысы Ж.Қабдолов мергендер сайысында екінші нәтиже (7 гол) көрсетті.
***
Кенжебектің қайтқан кегі
22 наурызда Наурыз мерекесінің аясында «түйе палуан» абсолютті салмақ санатында қазақ күресінен жарыс өтті.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бас жүлдеге қой тікті. Осы жүлдені сарапқа салу үшін 32 жігіт сынға түсті, ішінде Қарағанды, Орал және Қызылордадан келгендер де бар.
Көптеген белдесулер ойлағандай өтті: ауыр салмақтылар жеңіл салмақтағыларды алып ұрып жеңді. Бірінші жартылай финалда 120 келі салмақтағы Қайрат Өтеген өзінен салмағы аз Ринат Лұқпановты жеңді. Екінші жартылай финалда өткен жылғы республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысушы Кенжебек Күзембаев Асылан Шапаевты «таза» ұтты.
Қайрат пен Кенжебек осы айда Сәмбет батырдың рухына арналған турнирде кездескен еді. Онда Қайрат жеңіп, 100 мың теңгелік жүлдені қанжығасына байлаған. Ал Наурызда бір «жанбас» айырмасымен (дзюдодағы бір «юкоға» тең) Кенжебек кегін қайтарды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Елге арналған жүлделер
Стамбұлда муай-тайдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Оған 35 елден 600-ден аса спортшылар қатысты.
Қазақстан құрамасының сапында Қазақстан чемпионатының іріктеу сындарынан өткен атыраулық спортшылар – Аман Құралбаев («Қайсар» спорт клубы, Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінің оқушысы), Әбіл Ғалиев («Алан» спорт клубы, Доссор селосы, Каспий маңы колледжінің оқушысы), Абылай Құралбаев («Алан» спорт клубы, Абай атындағы мектептің оқушысы) қатысты. Қазақстан бұл чемпионатта бір күміс және бес қола медаль ұтып алды. Атыраулықтардың бұл жетістіктерге қосқан үлесі үлкен: олар «күміс» және бір «қоланы» қоржынға салды.
Әбіл бірінші айқаста әзірбайжандықты мерзімінен бұрын ұтса, содан кейін хорватты жеңді. Үшінші жекпе-жекте Ресей спортшысына есе жіберіп, нәтижесінде үшінші орын алды. Аман Ирак спортшысын ұтудан бастап, екінші айқаста израильдікті жеңді. Ал ресейлікпен болған кескілескен ақтық айқаста бір ұпай айырмасымен ұтылып қалды. Нәтижесінде – күміс медаль.
Абылай бірінші айқаста-ақ жеңіліс тапты. Бірақ ол «Вай-кру» бөлігінде (дәстүрлі биді орындау) тамаша өнер көрсетіп, бірінші орын алды. Сондай-ақ, үздік төрелігі үшін арнайы сыйлықты жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВ алды.
***
Жігерлі жеңімпаздар
Алматыда балалар мен жастар арасында муай-тайданел чемпионаты өтті. Атырау намысын «Қайсар» (Атырау қ.) және «Алан» (Доссор с.) спорт клубтарының құрама командасы қорғады.
Біздің спортшылар 8 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленді.
1-орын: Нұр Ануаров, Артур Сабырұлы, Диас Серік, Әбухасан Ануаров, Елеман Өтегенов, Еламан Саясатов, Абылай Құралбаев, Әбіл Ғалиев. 2-орын: Әділжан Амангелдиев, Мейірбек Серік, Аман Қабдоллаев. 3-орын: Жасұлан Қалиев, Айбек Ақылбеков.
Аман Қабдоллаев, сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлы-ғына ие болса, Еламан Саясатов «Үздік техникасы үшін» сыйлығын алды.
Спортшыларды бапкерлер Бақытжан Мұхамбеталиев, Нұрберген Әміржанов, Мейрам Ғалиев және Айбат Рахман дайындады. Ата-аналар комитеті тарапынан болған қолдауларды да айтып өткен жөн.
Анастасия ПАСТУХОВА