Атырау, 11 желтоқсан 12:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Ептілер сынбайды

2 273 просмотра

«Джиу-джитсу» жапон тілінен аударғанда «икемді техника» деген мағына береді. Алайда облыстық федерацияның шәкірттері ешкімге еселерін жіберер емес. Олар «кең ауқымды мамандар» ретінде ережесіз ұрыстарға да, қоян-қолтық жекпе-жектерге де, әскери самбоға да қатыса береді және ешқашан жүлдесіз оралған емес. Өз спортшыларының жетістіктері туралы джиу-джитсудың облыстық федерациясының директоры Айбар ЕСЕНҒАЛИЕВ (суретте) әңгімелейді.

- Наурызда өткен панкратионнан Қазақстан чемпионатында біздің екі жігітіміз Ерман Майлашев пен Рустамбек Жереншиев 71 келі және 93 келіге дейінгі салмақтарда чемпион болды, Мирас Шынтасов 80 келіге дейінгі салмақта финалда ақтаулық кәсіпқой спортшыдан ұтылып қалды. Осы жарыстарда 90 келіге дейінгі салмақта Бек Насихатов «қолаға» ие болды. Осыдан кейін Ерман мен Рустамбек ұлттық құраманың сапында жазда Канаданың Лондон қаласында өтетін панкратионнан әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Ал күні кеше командамыз әскери самбодан Қазақстан чемпионаты өткен Орал қаласынан келді. 52 келіге дейінгі салмақта финалда екі атыраулық – біздің Қаныбек Байбосынов пен 1-БЖСМ шәкірті Әсет Алдашев кездесті. Айқас тең өтті. Қаныбек бұрынғы жарақатының ашылуына байланысты ұрысты жалғастыра алмады.

74 келіге дейінгі салмақта Айбек Бөлекбаев ақтық айқаста астаналықтан ұтылып қалды. Ал басқа финалда (90 келіге дейін) Рустамбек Жереншиев алаң иелері  өкілінің қолына ауыртпа тәсіл жасап, жеңіске жетті. 100 келіден жоғары салмақта Арғын Сабиров финалдық айқаста айқын басымдықпен ұтты. 90 келіге дейінгі салмақта Қайрат Шәріпов жақсы өнер көрсетті. Алайда ол тек «қоланы» місе тұтты. Осындай нәтижені 68 келіге дейінгі салмақта Рашид Қабылов көрсетті, ол жартылай финалда оралдық Бауыржан Ғұмаровқа жол берді. Осылайша, Рустамбек Қазақстан құрамасындағы өз орнын тағы да бекітіп, қарашада Санкт-Петербургте өтетін әлем чемпионатына қатысатын болады.

- Федерация спортшыларының жаттығулары қайда өтеді?

- Біздер «Атырау» ДСК-нде күн сайын 17.30-дан 19.00-ге дейін, «Балықшы» ДСК-нде аптаның тақ күндері 21.30-дан 23.00-ге дейін жаттығулар үшін залдарды жалға алып отырмыз. «Мұнайшы» СК бізге аптаның жұп күндері сағат 9.30-дан 12.00-ге дейін залды тегін береді. Мен мұны біз жергілікті бюджеттен ешқандай қолдау көрмейтіндігімізді, залдардың жалдау ақысын, бапкерлердің жалақысын өзіміз төлеп отырғанымызды айту үшін қосып отырмын. Егер балалардың джиу-джитсумен айналысуын мемлекет қаржыландыратын болса, нәтижелер бұдан жақсы болар еді. Бұл туралы әңгімелер джиу-джитсу федерациясы құрылған 2007 жылдан бері айтылып келеді. Өкінішке орай, жүзеге асып отырған жоқ.

Осы сәтті пайдаланып, облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Нұржан Байғазиев пен вице-президенті Нұрлан Шангереевке спортшылардың жарыстарда сапарларына демеушілік жасағандары, біздің осы спорт түрін өңірімізде дамытуға көмектескендері үшін үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.