Әлеуметтік желіде қала іргесіндегі Қарабатан жанындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында көлемі 6 гектарға жуық көлдің түзілгені туралы ақпарат пайда болды. Осы су қоймасының суреттері мен видеолары тарап жатыр.
Ал Petrocouncil.kz телеграм-каналында көлдің «Базис Констракшн» АҚ жүзеге асырып жатқан «Су дайындау» жобасындағы сапасыз жүргізілген жұмыс салдарынан пайда болғаны хабарланды. Тапсырыс беруші – «Karabatan Utilities Solution» ЖШС.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі бұл аумақта судың төгілгенін растады.
- Су сынамасы алынып, зертханалық талдауға тапсырылды, қазір су төгілген бұл аумақтың кімге тиесілі екені анықталып жатыр, - деп хабарлады экология департаменті. – Нәтижесі дүйсенбіде дайын болады.
Сондай-ақ бұл аумақта су ағызуға рұқсат жоқ екені белгілі болды. Аталған заң бұзушылық фактісі бойынша Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы хаттама дайындап жатыр.
Табиғат қорғау прокуроры Асхат ҚАСИМОВТЫҢ айтуынша, олар да бұл жағдайды бақылауға алған.
Біз «Karabatan Utilities Solution» ЖШС-не хабарласа алмадық. Компанияның сайтында «Су дайындау» жобасы туралы «қазір жоба жүзеге асырылып жатыр («Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы» (Қарабатан және Теңіз учаскелері) делінген.
. ...ВП нысандарын жүзеге асыру және іске қосу АЭА қатысушылары үшін, оның ішінде газтурбиналық электр станциясын сумен қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Өйткені технологиялық процестер өндірістік-өртке қарсы, тұзсыздандырылған және минералсыздандырылған суды міндетті тұтынуды қамтиды, технологиялық және тұрмыстық сарқынды суладан тазартуды талап етеді».
«Karabatan Utility Solutions» ЖШС 2014 жылы құрылған, орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылады және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобына кіреді. Серіктестік қатысушылары: «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Полимер Продакшн» ЖШС. Негізгі қызмет түрлері: электр энергиясын өндіру және тұтынушыларға сату; электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету; жылу энергиясын өндіру, суды жинау, өңдеу және тарату, магистральдық және басқа да құбырларды, оның ішінде су таратқыштарды пайдалану.
Мал өсіруші Жайшылық Ерғалиев бұл көлдің пайда болғанын 24 қарашада байқаған. Оның айтуынша, ол және басқа да малшылар осы маңда 300-ден астам жылқы мен 200-дей сиырын бағады.
- Бұл көл болған жоқ. Суын мал да ішпейді – химикаттың иісі бар. Меннен басқа бұл жерде 20 шақты шаруа қожалығы өз малын бағады, - дейді Ж.Ерғалиев. – Бүгін бізді облыс әкімдігіне шақырды. Су мен жарық мәселесін шешіп беруді сұраймыз, енді оған қоса «химиялық» өзен мәселесін көтереміз, себебі бұл жерде мал жайылады ғой.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған суреттер мен бейнежазба