Атырау, 6 қазан 12:29
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тарифті көтерудің қажеті қанша?

3 775 просмотра

1 сәуірден бастап «Атырау Су Арнасы» КМК тарифтерін көтереді, бірақ, жоспарлағандай мөлшерде емес.

Бұл 2009-2011 жылдардағы бекітілген тарифтік смета мен кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының орындалмауымен байланысты. Коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларды жасақтап, орындауға міндетті екені белгілі (жабдықтарды жөндеу және жаңарту, қуаттылықты арттыру және т.б.). Осы бағдарлама үшін олар монополияға қарсы мекеменің алдында есеп беруге міндетті. Өзіне алған міндеттеме орындалмаған жағдайда кәсіпорынның дамуына салынған тарифтерді төмендетуге тиіс.

«Атырау Су Арнасы» КМК-ның 2009-2011 жылғы тарифтік сметасының орындалуына талдау жасаған Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті «уақытша өтемдік тарифті» бекіту туралы шешім қабылдады. Кәсіпорынның негізсіз алған табыс сомасы монополияға қарсы департаменттің есептеуінше, 154 млн теңгеден астам сома: соның ішінде 56 млн теңгесі су беру бойынша және 97 млн теңгеден астам сомасы ағынды суларды бұру бойынша құраған.

Алайда әңгіме тарифтің төмендеуі туралы емес, ТМРАД-тың тарифті көтеруді ішінара кесіп тастағандығында болып отыр. Оны «Атырау Су Арнасы» КМК биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап көтеруді жоспарлап отырған болатын. Егер алдыңғы көтерілген тариф «игерілмеген» болса, оны қазір көтерудің қажеті қанша деген сұрақ туындап отыр.

Бір адамға шаққанда 3 текше метрден артық тұтынбаған тұтынушылар үшін су тарифі бір текше үшін 31 теңге құрауы тиіс еді, енді 28,7 теңге болады. Ал есептегіштері жоқ тұлғалар үшін тарифті бір текше метрге 58 теңгеге дейін көтеруді жоспарлаған еді, енді 53,7 теңге болады және т.б.

«Уақытша өтемдік тариф» үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін енгізіледі. Тарату жүйелері мен магистральды тұрба құбырлары бойынша су бергенде:

Айына 1 адамға шаққанда 3 текше метрден аспайтын су тұтынатын тұрғындар үшін бір текше метрге 28,7 теңге;

Айына 1 адамға 3 текше метрден көп тұтынатын тұрғындар үшін – 53,7 теңге/текше м.;

Жеке есептегіш құралдары жоқ тұрғындарға - 53,7 теңге/текше м.;

Бюджеттік мекемелерге – 149, 1 теңге/текше м.;

Жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, жабдықтау қызметтерін көрсететін кәсіпорындарға – 88,8 теңге/текше м.;

1-ші және 2-топтағы тұтынушыларға жатпайтын заңды тұлғалар мен басқа тұтынушыларға – 149,1 теңге/текше м.;

Ағын суларды бұру және тазарту бойынша:

Тұрғындарға – 24,2 теңге/текше м.;

Жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, жабдықтау қызметтерін көрсететін кәсіпо-рындарға – 36,2 теңге/текше м.;

1-ші және 2-топтағы тұтынушыларға жатпайтын заңды тұлғалар мен басқа тұтынушыларға – 49,6 теңге/текше м. қолданылады. Барлық тарифтер қосымша құн салығынсыз берілген.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.