Соңғы кездері қалада қаңғыбас иттің көбейіп кеткені Атырау тұрғындарын қатты алаңдатып отыр, қала билігінің бұған қатысты не істейтіні де түсініксіз. «АЖ» қалалық әкімдікке жолдаған сауалына біраз жауап алды.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат ОМАРОВ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңының 25-бабының 1- және 2-бөліктеріне сәйкес, «олардың санын реттеу жануарларды стерилизациялау, жайластыру, халыққа білім беру іс-шараларын жүргізу арқылы қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін қабылдайтын шаралар кешенін білдіреді. Бұл тұрғыда уларды, өзге де химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыруға тыйым салынады», деп хабарлады.
Әкім орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері 2042 ит ауланған. «АЖ» осы мәселе жайлы білетін мал дәрігерінің біріне хабарласты. Ұсталған жануарларды панажайларға апарып, жарасы бар болса, емдеп, бірнеше күннен кейін ұрықсыздандырып, құлағына чип салып, алып кеткен жерге кері әкелетінін айтты. Бірақ егер жануарлар 3-еуден топ болып жиналып, өтіп бара жатқан адамға шапса, онда оларды жансыздандыру керек, бірақ эвтаназия арқылы. Содан кейін олардың өлексесі мал қорымына (биотермиялық шұңқырларға) көміледі. Тағы бір жайт: бүгінде қабаған ит сал қылып тастайтын дәрі егу арқылы, яғни «адамгершілікке жатпайтын» тәсілмен жойылуда. Өйткені Еуропадан әкелінетін дәрі 50 мың теңге тұрады және бұған қаражаттың жетуі екіталай.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ