Өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден электр энергиясының жоғары тарифіне қатысты шағымдар көп түседі. Осыған байланысты шағын бизнес өкілдері осы салықты төлемейтін субъектілер үшін ҚҚС-ты алып тастауды сұрайды. Бизнес пен энергетиктердің басқосуында осы және өзге де тақырыптар талқыланды.
Жергілікті кәсіпкерлер неліктен еліміздегі ең жоғары тариф біздің өңірде екенін түсіне алмай отыр. Құрманғазылық Гауһар ДӘУЛЕТБАЕВАНЫҢ айтуынша, жуырда облыс әкімімен кездесуде бұл мәселе көтерілгенімен, әлі де ашық күйінде қалып отыр.
– Кәсіпкерлер табысының басым бөлігін электр энергиясын төлеуге жұмсайды, ал басқа төлемдерді қалай өтемек? Неліктен басқа өңірлермен салыстырғанда бізде осындай айырмашылық бар? Мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкін болмаса, оны республика деңгейінде көтеру керек, – дейді Г.Дәулетбаева.
Кездесуде бүгінде Атырау облысында заңды тұлғалар үшін электр қуатының тарифі ҚҚС-сыз сағатына 1 киловатт үшін 33,65 теңге екені айтылды. Салыстыру үшін: Алматыда заңды тұлғалар 25,03 теңге, Астанада – 26,38, көршілес Ақтауда – 28,86 теңге төлейді. Орта есеппен республика бойынша электр энергиясының тарифі Атыраумен салыстырғанда 30 пайызға төмен.
Бұған «Атырау Энерго Сату» ЖШС директоры Тұрлан ДОШАТОВ тарифтерді монополияға қарсы департамент реттейтінін айтты. Ол Атырауда бизнес үшін еліміздегі ең жоғары тариф қолданылатынын мойындап, керісінше, жеке тұлғаларға арналған тариф ең төмен екенін айтты.
– Сараланымға байланысты заңды және жеке тұлғаларға арналған тарифтер арасындағы айырмашылық бүгінде 74 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2021 жылдың қазан айында үкімет қаулысы шықты, оған сәйкес 2025 жылға қарай бұл айырмашылықты кезең-кезеңімен азайтып, саралауды жою жоспарлануда. Атап айтқанда, бұл айырмашылықты 2023 жылы екі есеге азайту жоспарлануда, яғни жеке тұлғалар үшін тариф 12,51 теңге, заңды тұлғалар үшін 29,93 теңге болады. 2024 жылы бұл көрсеткіштер сәйкесінше 18,39 және 26,42 теңгені құрайды. Ал 2025 жылы заңды және жеке тұлғалар үшін электр энергиясының 1 киловатт сағатына 24,52 теңге көлемінде бірыңғай тариф белгілеу жоспарлануда, – деді Т.Дошатов.
Сондай-ақ, ол бұл шаралар бизнес үшін тарифтерді төмендетуге мүмкіндік бергенмен, тұрғындар үшін қымбаттайтынын, бұл күрделі мәселеге айналуы мүмкін екенін айтты.
- Осыған байланысты біз құзырлы органдарға хат жолдадық, бірақ бұл қаулы бойынша оларға әлі нақты нұсқау түспеген, - дейді Дошатов. Ал электр энергиясы үшін ҚҚС-ты алып тастау талабына ол кәсіпорынның өзі ҚҚС төлеуші болып табылатынын және тұтынушыларға осы салыққа сәйкес шоттар берілетінін айтты.
Айнұр САПАРОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер