Атырау, 28 қараша 20:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Коронавирус кетті, ал 109 байланыс орталығы қалды

Сурет Бейнежазба
1 205 просмотра

Жарық сөніп, ауыз судан апат болса да, айналаны ит пен қоқыс қаптап кетсе де шағымын айтып, кері байланыс алып отыратын 109 байланыс желісі атыраулықтарға кеңінен таныс. Бір қызығы, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны дәл 2020 жылдың наурыз айында пандемияға байланысты іске қосылған еді, бірақ коронавирус кеткеннен кейін де бұл қызмет сақталды.

Кешенді call-орталықтың басты міндеті – мемлекеттік және коммуналдық мекемелер мен халық арасында алтын көпір болу.

- Негізгі мақсатымыз - тұрғындардың жергілікті атқарушы органдар мен олардың ведомстволық ұйымдарына хабарласпай-ақ 109 қысқа нөміріне хабарласып, көкейлерінде жүрген сұрақтарының жауабын біліп, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беру. Мысалы, тұрғындар қайда ойын алаңын жабдықтауды немесе бағдаршамдарды орнатуды ұсынады - олардың қаланы абаттандыруға қатысуы өте жақсы, - дейді 109 байланыс операторының баспасөз жетекшісі Гүлдәурен ТІЛЕГЕНОВА.

- Кейде жарық сөнген кезде 109 нөміріне қоңырау шалып, операторлар мекен-жайды сұраған бойда, апаттық жағдай деп жауап береді. Сіздерге бұл ақпаратты алдын ала хабарлап отыра ма?

- Ведомстволармен бірігіп жұмыс істегеннің арқасында базада жиі қойылатын көптеген сауалдың жауабы дайын тұрады. Апат болған жағдайда «Атырау Жарық» бізге себебін айтып хабарлап қояды. Ал егер тек бір үйде апат болса, біз нақтылаймыз, кейінірек қоңырау шалушымен хабарласамыз, не болғанын және апаттың қашан жойылатынын хабарлаймыз.

- Күніне қанша қоңырау түседі?

- Біздің қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықта бөлім басшысы, кезекшілерді қоспағанда 20 оператор бар, олар 12 сағат жұмыс істеп, бір бірін ауыстырып отырады. Бізге Атыраудың кез келген аумағынан тегін хабарласа алады. Күніне орташа алғанда 250-300 қоңырау түседі, апатты жағдайлар орын алғанда 500-1000-ға дейін жетеді.

- Кейде зерделеп жауап беретін сұрақтар болады. Оларға қанша уақытта жауап берілуі тиіс, әлі шешімін таппаған сұрақтар бар ма?

- Қазір 79 арыз орындалуда тұр. Кейде мерзімі өтіп кетіп жататын сұрақтар болады. Мерзімі өтіп, орындалмай жатқан сұрақтардың жауабы бойынша басқармаларға хабарласып, ескертіп отырамыз. Жауабы келген бойда қоңырау шалған адамның номеріне хабарласып жеткіземіз. Тұрғындардың нөмірі автоматты түрде базаға тіркеледі.


- Операторлар кейде 30 минуттап күту режиміне қойып жауап бермей жатады. Мамандар жеткілікті ме?

- Қалада ауа райы қолайсыздығынан жаппай апаттық жағдай орын алғанда, операторларға қоңырау көп түседі. Мысалы, Балаусада жарық сөнсе сол ауылдың кемінде 250 тұрғыны қоңырау шалады. Сол кезде күту режимі ұзарып кетеді. Екіншіден, маман тапшылығы да бар. Біз коммуналдық мекеме болғандықтан, операторлардың еңбекақысы 90 мың теңге болады және бонустар бар.

Бізде жұмыс істейтін операторлар жан-жақты болу керек. Ал жан-жақты адам 90 мың теңгеге келе қоюы қиындау. Біздің вакансия enbek.kz сайты арқылы жарияланып тұрады. Бізге көбі жұмысқа орналасады, бірақ 2-3 ай істегеннен кейін кетіп қалады.

- Сізге жұмысқа тұру үшін адамға қандай да бір мамандық талап етіле ме?

- Халықтың 80 пайызы қазақша сұрақ қояды. Сондықтан қазақша еркін меңгерген жан болса, әңгімелесуден өткізіп қабылдаймыз.

- Кейбір өңірлерде 109 операторлары психологтардан сабақ алады екен. Біздің өңірде ондай әдіс бар ма?

- Орталықтың штатында психолог маманы жұмыс істейді. Себебі бізге қоңырау шалған тұрғындардың барлығы алғыс айта бермейді, дауыс көтеруі мүмкін. Психолог күнделікті таңертең жұмысқа келгенде мамандардың көңілін көтеріп, 5 минут тренинг өткізіп тұрады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

17 желтоқсан 2022, 23:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.