Атырау, 25 қараша 14:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аудан жаңалықтары

4 221 просмотра

Барымташылар соты

Махамбет ауданында барымташылықпен айналысқан  36 және 25 жастағы екі жергілікті тұрғынның соты басталды.

Олар үш эпизод бойынша айыпталып отыр. Әуелі өткен жылдың желтоқ-саны мен биылғы жылдың қаңтарында өрістегі бірнеше жылқыны атып алған. Кейін Ақтоғай, Жалғансай, Сарайшық ауылдарындағы жылқыларды ұрлап, жәбірленушілерге 3,3 млн теңге залал келтірген көрінеді.

- Күдіктілердің үстінен ҚР ҚК 175-бабы 2-бөлімінің «а», «б» тармақтары бойынша қылмыстық іс көтеріліп, сотқа жолданды, әрі қарай сот жаза мерзімін анықтайды,- дейді Махамбет ауданы прокурорының аға көмекшісі Ақтолқын БУДЕНОВА.

***

 

Құлсарының Бас жоспары

Таяуда Алматы қаласының «Казгипроград жобалау институты» ЖШС сәулетші мамандары Құлсары қаласының жаңа Бас жоспарын құруға байланысты зерттеу жұмыстарына кіріседі.     

Бұл үшін олар қоғамның пікірін білу мақсатында бір апта бойы жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізеді.

Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, қаланы Ақкиізтоғой ауылына қарай ұзарту қолайлы емес. Онда газ құбыры желісі жатыр. Ал Шоқпартоғай ауылы маңында өзен арнасы бар. Қосшағыл ауылының жері сортаң.

Айта кетейік, осы кезге дейін Құлсарының Бас жоспарын құру жұмысы бірнеше рет жүргізіліп, оған бөлінген қаржылар ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын. 

***

 

Апат айтып келмейді

Қызылқоға ауданы әкімдігінде су тасқынынан қорғану мақсатында арнайы штаб құрылды.

Бүгінде өр суының келуінің алдын алу шараларына облыстық бюджеттен 4,2 млн теңгеге сұраныс берілген. Сондай-ақ, әкімдік су мол келгенде арнаны құрғап қалған каналдар мен көлтабандарға бұру қажеттігін де қазірден ойластыруда. 

***

 

Асханалар жабылды

«Сичим С.П.А. Казахстан» ЖШС-нің бір топ жұмысшылары Жылыой аудандық прокуратурасына жылжымалы асханалардың жұмысы туралы шағымданды.

Компанияның екі ауысымда жұмыс істейтін 130 жұмысшысы бұған дейін ТШО зауытының аймағында орналасқан жылжымалы вагон асханаларында түстеніп келген болатын. Бірақ, прокурорлық әрекет ету шаралары нәтижесінде олардың жұмыстары тоқтатылды.

- Асханалар қол жуғыш, қоқыс тастайтын урналар, зарарсыздандыру құралдарымен жабдықталмаған. Санитарлық талапқа сай келмегендіктен, асханалар жабылды, -деп хабарлайды Жылыой ауданының прокуроры Аслан ЖОЛАНОВ.

***

 

Жел ұшырды

Исатай ауданында 16 наурызда болған қатты желдің салдарынан Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп және Аққыстау ауылындағы 50 төсектік аудандық аурухана мен емхана шатырсыз қалды. 

Күні бүгінде желдің салдарынан болған зардап көлемі анықталып біткен жоқ.

- Шатырлар демеушілердің қаржысына жабылады, -дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ.  

***

 

Талаптыға нұр жауар

Доссор поселкесіндегі Абай атындағы орта мектебінің  9-сыныбында оқитын төрт оқушы көңілді тапқырлар клубы командасын құрып, жақында Астанадағы «Жайдарман» фестиваліне қатысып, жүлдегер атанып келді.

- Біздің біртұтас мектеп атынан емес, өзіміздің ғана топ құрып келуімізге бәрі таң қалды. Ал жолымыздың ақшасын туыстарымыз төлеп көмектесті. Қазылар алқасы біздің көрсеткен өнерімізді атап өтті, - дейді команда ойыншыларының бірі Еркебұлан ЕЛЕМЕСОВ.

- Біз бұл жастардың талабы мен табандылығына қуанып отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта өнерлерін ұштауы үшін демеушілікпен көмектесуді ойластырудамыз,- дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ. 

Талапты жастар бұған дейін өз ауылдастарының алдына шығып, кішігірім концерт қойған болатын. Ал одан түскен қаржыны бір науқас қыздың емі үшін оның есепшотына аударыпты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.