Осы аптада қатарынан Атырау қалалық әкімдігінің үш негізгі бөлімінің басшылары ауысты.
Ең үлкен жаңалық – бірнеше жыл бойына құрылыс және ТКШ саласына жетекшілік етіп келген қала әкімінің орынбасары боп бір орында үзіліссіз жұмыс жасап келе жатқан Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТЫҢ кетуі болды. Ол бұл лауазымда 1999 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бейресми дереккөздердің хабарлауынша, ол бизнеске кету үшін өз қалауымен жұмыстан шығу туралы өтініш жазыпты. Ал бүгін, 27 наурызда қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Нұрлығожиев «басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босатылды» деп хабарлады.
Оның орнына бұған дейін ТКШ, жолаушылар тасымалы және көлік жолдары бөлімінің бастығы боп жұмыс істеген Жұмабай ҚАРАҒАЕВ отырды. Ал Қарағаевтың орнына бөлім бастығы болып оның орынбасары Серікбай ҚАЗИЕВ тағайындалды.
Сонымен қатар қалалық білім беру бөлімі мен қалалық қаржы бөлімінің басшылығы да ауысты. Енді Жұмыскер поселкелік округінің әкімі болған Қайрат ХАБИЕВТЫҢ орнына қалалық білім беру бөлімінің бастығы болып, қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ кеңесшісі боп жұмыс істеген Римма ҚОБДАНОВА тағайындалды.
Жұмыскер поселкелік округінің әкімі Махамбет ҒИЛЫМОВ пен қалалық қаржы бөлімінің бастығы Гүлмаржан ТАҒАНБАЕВА «басқа жұмысқа ауысуларына байланысты» орындарынан босатылды. Қалалық қаржы бөлімінің бастығы боп, бұрын осы бөлімде бөлім бастығының орынбасары боп жұмыс істеген Мұрат АЙТЖАНОВ тағайындалды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА