Атырау, 29 қараша 02:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Балықшы – Зарослый жолы, «халық патрульдері» және тұрғындардың жанайқайы туралы

Сурет
1 648 просмотра

Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИДІҢ жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті. Балықшы-Зарослый жолының ұзаққа созылған құрылысы және есірткілік заттар мен құрамында есірткісі бар медициналық препараттардың кеңінен таралуы басты тақырып болды.

Жақында атыраулық адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ Балықшы ықшам ауданы, қала іргесіндегі Көкарна, Зарослый, Амангелді, Құрманғазы, Қызылбалық, Дамбы және Пешной ауылдарының тұрғындары атынан Атырау әкіміне тұрғындармен осындай кездесу ұйымдастыруды сұрап, үндеу жариялаған болатын. Нәтижесі жауапсыз қалмады.

«ЖОЛ ЖЫЛ АЯҒЫНА ДЕЙІН АШЫЛАДЫ»

Балықшы – Зарослый тас жолының құрылысына қойылатын талаптар мердігер – «Казахдорстрой» ЖШС-нің жұмыстарды орындау және ұйымдастыру мерзіміне қатысты.

«Біз «Қазмұнайгаз» жанармай құю бекетінен келесі қиылысқа дейінгі жолды жауып (бұл 700 метр), мердігердің нысанды тастап кетіп, бірнеше ай бойы көрінбей кеткенін көрдік.

Бұл кезде мыңдаған көліктер аулаларда тар көшелермен жүріп, апатты жағдайлар туғызып, ұзақ кептеліс тудырды, жедел жәрдемге, өрт сөндірушілерге өту мүмкін болмады, - деп жазды адвокат. – Жолдың бұл бөлігіне қатысты айқай-шу көтерілгеннен кейін кенеттен жұмысты бір аптада аяқтады. Содан кейін келесі учаскеге, шамамен 600 метрге көшті. Бірақ бірнеше шақырымдық асфальтты алып тастады, бұл адамдарды шаңды-топырақта, ештеңе көрінбейтін жағдайда, ойқы-шойқы жерлермен жүруге мәжбүр етіп, тұрғындардың шағымын тудырды. Тағы да, екі аптаның ішінде жолдың бұл бөлігін аяқтады, ал бұған дейін екі ай бойы тұрған еді. «Ешқандай жұмыс жүргізілмей жатқан жердің асфальты неге алынып тасталды?» деген сауалымызға «арнайы техниканы жалға алу қымбат» деп жауап береді». Жолболов биліктен осы ахуалға араласып, мердігерді жұмысты жақын арада және толық (барлық асфальт қабаты, жарығы, жол таңбалары) аяқтауды міндеттеуді талап етті.

Тұрғындармен кездесуде «Қазақдорстрой» ЖШС өкілі мемлекеттік органдар белгілі бір учаске біткен сайын жұмыс сапасын тексеретінін айтты.

– Жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бәрін бірден жасауға күшіміз жетпейді. Қазір нысанда жұмыстар қарқынды жүргізілуде, жыл соңына дейін жолды толық ашуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін жаяу жүргінші жолдары мен жарық орнатылады. Ең бастысы, қазір асфальттау жұмыстарын ауа температурасы 10 градустан төмен түсіргенше аяқтауымыз керек. 500 метр аралық қалды, – дейді мердігер компания өкілі.

Қала әкімі Мейірім Қалауи Балықшы – Зарослый жолының асфальты екі қабатты болатынын, бұл үшін мердігерде материалдар жеткілікті деп сендірді.

ЕСІРТКІ САУДАСЫ ҮШІН – 16 МЫҢ АЙЫППҰЛ

Әрі қарай есірткі тақырыбы қозғалды. Тұрғындар жергілікті биліктен трамадол мен тропикамид, сондай-ақ синтетикалық есірткі саудагерлеріне қатаң шара қолдануды талап етті. Ал әзірге олар полиция қызметін өз қолдарына алуда: астыртын сауда нүктелерін өздері анықтап, саудагерлерді де, оны жасырушыларды да өздері ұстайды.

Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әнуар КӨКАЛОВ құрамында есірткі бар медициналық препараттарға тәуелділік әсіресе жастар арасында жиі кездесетінін айтты. Оның айтуынша, аталған препараттарды сатушы жеке тұлғаларды анықтағаннан кейін полицейлер Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне шара қолдану үшін материалдар жолдайды. Ал ол жерде астыртын саудагерлерге 5 АЕК – 15 900 теңге көлемінде айыппұл салынады. «Бірақ бұл өте жеңіл жаза!» — дейді залдағылар шулап.

– Синтетикалық есірткіге келетін болсақ, үнемі жұмыс жүргізіліп отыр – саудагерлерді анықтаймыз да ұстаймыз. Олардың схемасы бойынша, есірткі жасырушылар қабырғаларды «жарнамамен» бояп, суретті телеграм-каналға жібереді, содан кейін бұл үшін оларға 500-1000 теңге аударылады. Осындаймен айналысқан бірнеше жасөспірімді солай анықтадық, қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәселе полиция департаменті бастығының бақылауында, - деді Көкалов.

Одан кейін Атырау облыстық Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Роман ЕРМҰХАНОВ сөз сөйледі. Оның айтуынша, 509 нашақор есепте тұрса, оның 22-сі - әйелдер. Жолболов, егер құрамында есірткі бар дәрі-дәрмектер туралы айтатын болса, онда мұның полиция құзырына кірмейтінін мәлімдеді.

- Біздің сұрағымыз қандай? Трамадол, тропикамид - бұл дәрілік заттар, бірақ сонымен бірге есірткі алмастырғыштар. «Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі» бар, бірақ бұл екі препарат оған енбеген. Бұл есірткі сатушыларға оларды іс жүзінде жазасыз таратуға мүмкіндік береді, ал ұсталған сирек жағдайларда олар аз ғана айыппұлмен құтылады. Полицейлер «қолымыздан ештеңе келмейді, заң жоқ» дейді. Сондықтан Атырауда ұлттың баяу жойылуына бей-жай қарамайтын жастар тобы құрылып, «кезекшілікке шығып», торуылдап, осындай арамзаларды ұстайды. Ал ұсталғандар оларға: «Маған не істей аласың? Қазір полиция келеді, айыппұл төлеймін де, олар мені босатып жібереді» дейді.

ДӘРІХАНАДА ЖОҚ, АЛ АЛЫПСАТАРЛАРДА КӨП

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар ӘБДАЛИЕВТІҢ айтуынша, есепте тұрған 509 адамның 80-ге жуығы трамадолға, 120-сы синтетикалық есірткіге, қалғаны есірткінің басқа түрлеріне тәуелді.

– Жақында облыс әкімінің қатысуымен осы мәселені талқыладық. Әкім трамадол мен тропикамидті «Бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізміне» енгізуді қолға алуды тапсырды. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жолдадық, олардың шешімін күтіп отырмыз. Айтпақшы, Денсаулық сақтау министрлігіне де басқа өңірлерден осындай ұсыныстар түсіп жатыр, – деді Қ.Әбдалиев.

Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Үмітхан МҰСАБАЕВА бұл препараттардың «Тізімге...» енетініне кепілдік жоқ екенін атап өтті:

– Трамадол – онкологиялық науқастарға қажетті дәрі, ал тропикамид – көз тамшысы. Бұл анальгетиктер, ауырсынуды басатын препараттар. Соңғы үш жылда дәріхана желісінде заң бұзушылық, яғни рецептсіз сату анықталған жоқ.

Залдан орынды сұрақ туындады: бұл препараттар көп мөлшерде астыртын саудагерлердің қолына қалай түседі?

Роман Ермұханов:

– Соңғы жылдары көптеген дәріхана бұл препараттарды «бәлесінен аулақ» деп, сату үшін алудан бас тартуда. Бірақ құрамында есірткі заты бар бұл екі препарат қана емес. Артық «жарнама» жасамас үшін басқаларын атамай-ақ қояйын. Трамадолдың негізгі «тұтынушылары» жастар, жасөспірімдер. Сондықтан, ата-аналар олардың қайда баратынын, кіммен жүретінін бақылап, кейде телефонында не бар екенін қарауға тырысуы керек.

«Халық патрульдері» мен олардың есірткілік препараттарды сатушыларға қатысты қатал әрекеттеріне келсек, Ермұханов бұған қатысты ескерту жасады:

- Полицияға хабарлаңыздар, шара қолданамыз.

Жиналғандар қалада құрамында есірткі заты бар препараттарды жасырын сатушылардың неліктен көп екенін тағы да сұрады. Ермұханов «оларды Қазақстанға әр жерден әкеліп жатыр, өйткені тыйым жоқ» деп жауап берді. Бірақ бұл жауап тұрғындарды қанағаттандырмады.

СПОРТ АЛАҢЫ ТУРАЛЫ

Бұдан кейін балықшылық зейнеткер спорт алаңдарының тақырыбын көтерді:

- Алаңдар өте аз. 2015 жылы қазіргі облыс әкімі Серік Шәпкенов Балықшыда спорт алаңын салуға уәде беріп, сөзінде тұрды. Жеті жыл бойы ол жерде аула командалары арасында 17 футбол турнирін өткіздік, Жұмыскер, Холодильник, Құрсайдан балалар ойнауға келеді. Бірақ қазір алаң жөндеуді қажет етіп тұр. Қазір шара өткізе алмаймыз, себебі жарақат алу қаупі бар. Басқа тұрғындармен сіздің қабылдауыңызға бардым, осы мәселелерді көтердік, жөндеуге уәде бердіңіз. Бірақ таяуда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл үшін ақша бөлінбегенін айтты.

Қала әкімі бұл спорт алаңы неліктен ұмыт қалғанын анықтаймыз деп жауап берді. Оның айтуынша, қалада 45 спорт алаңы болса, оның 35-ін жөндеу жоспарланған - Привокзальныйда, Авангардта және басқа да тұрғын үй массивтерінде.

- Егер сіз айтып отырған спорт алаңы бұл тізімде жоқ болса – ТКШ басшысы қарап, енгізеді, бұл қиын емес, – деді М.Қалауи.

«БІЗДІ ОЛАРДАН ҚҰТҚАРЫҢЫЗ!»

Тұрғындарды алаңдатқан құрамында есірткі заты бар препараттар саудасы тақырыбы тағы да көтерілді.

- Бұл препарттарды сатумен айналысатындар көбіне әйелдер, көпшілігі оңтүстіктен келгендер, имигранттар. Сізден оларға қарсы қатаң заң шығаруға көмектесуіңізді сұраймыз, бізді олардан құтқарыңыз! – деп жалбарынды тұрғындардың бірі. Тағы біреуі полицецейлерге шағымын жеткізді:

– Сіздерде біздің жігіттер сияқты, азаматтық киім киіп, торуыл жасауға мүмкіндіктеріңіз бар ғой. Қаланың әр жерінде мұндай нүктелер көп, бір «Ландыштың» өзінде бірнешеуі бар. Бұл істі дұрыстап қолға алу керек!

- Біз бұл мәселемен 2018 жылдан бері айналысып жатырмыз, - деген Р.Ермұхановқа «демек, аз жұмыс істеп жатырсыздар» деген жауап беріліп, кездесу осымен аяқталды.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор 

16 қараша 2022, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.